Ермахан Ибраимов депутаттықтан кетті ме?

3452
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимов жаңа қызметке орналасты. 2000 жылғы Сидней Олимпиада ойындарының чемпионы Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) басқару органдарына қосылды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) екі қазақстандықты өзінің басқару органдарының мүшелері етіп тағайындады. Директорлар кеңесінің дауыс беру қорытындысы бойынша, Қазақстандық бокс федерациясының менеджері Мейрам Нұртазин жарыстарды өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі болды. Ал Сидней Олимпиада чемпионы, Олимпиадаға дайындық орталығының директоры Ермахан Ибраимов чемпиондар мен ардагерлер жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

AIBA президенті Умар Кремлев жаңадан тағайындалған қазақстандықтарға хаттар жіберді. Өзінің хабарламаларында ол, олардың білімі мен тәжірибесі ұйымның дамуына құнды үлес болатынына сенім білдірді және бір-бірімен танысуға, бірлесіп жұмыс істеуге кірісу мүмкіндігін күткенін атап өтті.

Азия бокс конфедерациясы да тағайындауларға байланысты Нұртазин мен Ибраимовқа құттықтау жолдады. Бұл 2018-2019 жылғы үзілістен кейін AIBA-ның басқару органдарына тағайындалған алғашқы қазақстандықтар. 2014-2017 жылдар аралығында комиссияларда алты жерлесіміз жұмыс істеді. 2019 жылы ұйымдағы реформаларға байланысты барлық комиссиялар таратылып, қазір жаңадан құрылып жатыр.

Алайда, Ермахан Ибраимов жаңа қызметке ауысып жатса да, "Адырна" тілшісіне  өзінің депутаттықтан кетпегенін айтты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер