Қанайұлы және Қанипаш

2925
Adyrna.kz Telegram
(Алақандай эссе)
Баяғыда-ақ тарихтың еншісіне айналған әр тұлғаның сыртында бүгінгі дәуірдің бір тұлғасы тұрады. Тіпті ол біреу болмауы да мүмкін... Мәселен, зар заманның заңғар жыршысы Шортанбай Қанайұлының асыл мұрасы талай жыл қапасқа қамалғаны баршаға белгілі. Ұлы Мұхтар Әуезов негіздеп берген әдеби ағымның өзі әйгілі жыр жүйрігінің бір өлеңінің атымен аталады. Жалпы, Шортанбай десе, біздің заманымыздағы төрт зерделі зерттеушінің есімі алдымен ойға оралды.
Біріншіден, 1959 жылы Алматыда өткен әйгілі конференцияда бүкіл ғалым Шортанбайды жаппай қаралап, жерден алып, жерге салып, қара есекке теріс мінгізіп жатқанда Қарағандының қайсар ұлы Сәйділ Талжанов 10 жылға сотталып, одан соң да 6-7 жыл айдауда болып келгеніне қарамастан жалғыз өзі ғана шырылдап, оның мұрасына араша түсті. Екіншіден, ақын есімінің ардақталуына ғибратты ғалым, парасатты профессор Тұрсынбек Кәкішев өлшеусіз үлес қосты. Бозбала кезінен ұлттық санасы оянып, өмір бойы от пен судың ортасында жүрсе де, қарымды қаламгер, зерделі зерттеуші Кәмел Жүністегі әлі күнге дейін Шортанбайдың рухын ұдайы әлдилеп келеді. Төртіншіден, әдебиеттанушы Қанипаш Мәдібай Тұрсынбек ағамыздың жетекшілігімен ақын мұрасын талдап-таразылап, алғашқы болып ғылыми еңбек қорғады.
Қанайұлы және Қанипаш... Бұл ұғымдардың өте өзектесіп, терең тамырласып кеткелі қашан. Қысқасы, Қанипаш Қанайұлын, Қанайұлы Қанипашты жұртшылыққа кең танытты. Сонау Шетте тұрса да, әдеби ортадан шет қалмаған, көргені көп, білімі терең, ақылы кемел Кәмел ағасын үнемі үлгі тұтатын әрі кеңесіп отыратын ғалым қыз Шортанбай шығармаларын түгелдеуге, текстологиясын түзуге атсалысты. Ақынның өзгеше өлең өрнектерін әдебиет теориясының қалыбына салды. Зар заман жыршысының шығармаларын зерттеп қана қоймай, оның ой орамдарын оқу орнындағы шәкірттерінің санасына сыналап сіңіріп, зердесіне мықтап дарытты. Жүрегіне жақсылап жаттатты. Миына мөр ғып басты. Көзі тірісінде өзінің, көзі кеткен соң сөзінің көрмегені жоқ Шортанбай ақын мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол тұрғыдан қарасақ, зарлы заманның жампоз жыршысы Қанайұлының рухы бергі заманның сарабдал сыншысы Қанипашқа риза шығар...
Сыншы демекші, ол алдымен талантты әдебиет сыншысы ретінде зиялы ортаға танылды. Замандастарының шығармаларын жіліктеп тұрып талдап, «тура биде туған жоқ» екенін анық аңғартты. Әйел заты түгілі жүректі жігіттерге де оңайлықпен алдырмайтын, тіпті абырой да әпере қоймайтын сын мақаланың өзін әрлеп-әсемдеп, көркем кестелеп жазды. Әдебиет әлеміне бет алған жас жазушылардың тұсауын кесетін әрі қаламгерлікке жолдама беретін әйгілі «Арман қанатында» атты дәстүрлі жинақтың авторлары туралы «Асыл арман аласармасын» деген мақаласын бүкіл студент қауымның жата-жастана, таласып-тармасып оқығанын көргенбіз.
Ал енді бар ғой.., ғылым да, ғылым адамы да кіршіксіз таза болуы керек деген қасиетті қағида тұрғысынан қарасаңыз, Қанипаш Мәдібайға мысқалдай мін таға алмайсыз. Адами болмысына қылау түспеген. Елдің бәріне тілеулес. Ешкімге есесі кеткенін айтып шағынбайды. Жан баласын тілдемейді. Кеткен кегін қумайды. Ренжіткен адамын сол күні кешіреді. Өмірдің өзіндей қарапайым. Сол қырық жыл бұрынғы қалпы. Өмір өзгерсе де, өзгелер өзгерсе де, ол өзгермейді.
Мақтауды жаны сүймейді. Даңқ пен дақпыртқа әуестігі жоқ. Елеусіздеу жүреді. Бірақ тынбай жұмыс істегенді ғана біледі. КазГУ-де дәріс оқыды. Ана бір жылдары жер жәннаты Жетісуға барып, білім ордасының бүгінгі студенттеріне рухани нәр беріп қайтты. Қазір ғылымның қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істейді. Мұнда да қарап жатқан жоқ. Абай жылында абайтануға түрен салды. Ежелгі құндылықтарды зерделеуге ден қойды.
Сол үндемей жүріп-ақ үлкен іс тындыратын әдемі әпкеміз әне-міне дегенше әйбат жасқа кеп қапты... Жас болғанда, мерейлі де мерекелі белес... Оны да ешкімге дабыра қылмайды. Білсең, біреуден естіп қана білесің. Сосын әлеуметтік желіде алты аласы, бес бересі жоқ әлеуетті әріптесімізді өзіне де сездірмей, өзгені де бездірмей, жайлап қана құттықтай салайық дегеніміз ғой...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер