АЛАШ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЗЫНАШЫСЫ

2889
Adyrna.kz Telegram

(жалғасы)

Әнет бабаға қатысты әңгімелердің енді бір бөлігі Әйтеке биге қатысты айтылады. Әйтеке айтқан сертінен жер дүние қозғалып кетсе де айнымайтын адал, ауыздыға сөз бермейтін шешен, екі иығына екі кісі мінгендей ірі, нар тұлғалы адам екен. Түркістанға, Күлтөбеге билер кеңесіне бара жатып та, кеңестен келе жатып та Әнет бабаға келіп, хабарын айтып, сәлем беріп өтеді екен. Әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем Әйтеке биді Әнет баба да қатты сыйлайды екен. Сондай сапарының бірінде Әнет баба Әйтеке биге былай депті:

-Әйтекежан, бүгін бір түс көріп ояндым. Сол түсімді саған жорытайын деп отырмын.

-Түсіңізді Жүсіп пайғамбар жорысын. Алла аузымызға салса, біз де білгенімізді айтамыз, құлағым сізде баба.

-Айтсам, мен түсімде мынандай нәрселер көріппін:

Он лақ,

Жиырма қасқыр,

Отыз жолбарыс,

Қырық түлкі,

Елу ноқта,

Алпыс ақта,

Жетпіс желкілдек,

Сексен селкілдек,

Тоқсан домалақ, бұл не нәрсе болғаны би інім?

Әйтеке күліпті де былай депті.

- Әй, қасиетіңнен айналайын, Әнет баба-ай, бәрі дұрыс қой, бірақ, алпыс ақта емес, арқа еді ғой, жетпіс желкілдек емес, желкен еді ғой, сексен – көркем еді ғой, тоқсан торқам еді ғой.

- Әйтекежан-ай, құдай көңіліңіді көтерсін, - деп Әнет баба кемсеңдеп жылап жіберіпті.

Сөйтсе, бұл сөздің шешуі былай екен. Әнет бабаның он лақ «он лақ» дегені – «он жаста жарға ойнаған лақтай болдым», дегені, «жиырма қасқыр» дегені – «жиырмада пышақ тісті қасқырдай болдым», дегені. «Отыз жолбарыс» дегені – «отызда жолбарыстай қайратты», «қырық түлкі» дегені, - «қырқымда түлкідей айлакер болдым», «елу ноқта» дегені, - «елуде ноқталаған аттай болдым», «алпыс алқа» дегені, - «алпыста ақталған аттай болдым», «жетпіс желкілдек» дегені, - «жетпісте күшім кетіп, түндіктей желпілдек болдым дегені, «сексен селкілдек» дегені, «сексенде буын-буынымнан әл кетіп, селк-селк етіп қалтылдақ шал болдым» дегені, «тоқсан домалақ» дегені, - «тоқсанда өз аяғыммен жүре алмай, домаланып мешел болып қалдым» дегені екен.

Соны Әйтеке былай түзеткен көрінеді. «Әнет баба, сіз қазақ үшін алпыста – арқа болдыңыз, жетпісте желкенін көтерген кемедей болдыңыз, сексенде – ақ сақал шашыңызбен, асқар таудай басыңызбен көз тартар көркем болдыңыз, тоқсанда – алдың да, артың да жәйлі, жаның да, жүрісің де кең – торқа болып отырсыз» - деген екен. Әнет бабаның «Әйтекежан көп жаса!» деп рахмет айту себебі осындай құрмет, марапат үшін.

biler-dauyi

Әйтеке би бірде Түркістаннан қайтып келе жатып Әнет бабаның ауылына беймезгілдеу уақытта келіп түсіпті. Жанындағы жігіттері шаршап, ат-көліктері болдырып келген інісін үйінің төріне шығарып, сыйлап-құрметтеп отырып Әнет баба:

-Жолдағы ел-жұрт аман ба екен? – деп сұрапты.

-Аман-есен Әнет баба. Кеше кештетіп сайда отырған бір қараша ауылға құлап едік, алдымыздын иінағаш көтерген жас келіншек шығып, «қонақ болыңыздар» деп ізет көрсетті. –Қарындасым біз көппіз. Қонақасыға не соясың? – деп әзілдеді бір жігітіміз.

-Табылса бір қой, табылмаса екі қой соямыз, - деп жауап берді келіншек. Соны естіген соң келіншекке Алла риза болсын айтып жүріп кеттік, - дейді Әйтеке.

-Апыр-ай, өте дұрыс жасаған екенсің, - депті Әнет баба.

Сөйтсе, келіншектің табылса бір қой, табылмаса екі қой сойамыз дегені – буаз саулығы барын, соя қоюға өзге малдың реті келмей тұрғанын тұспалмен білдіргені екен. Әнет баба Әйтекенің сөзін айтқызбай түсініп, «өте дұрыс жасағансың» - дегені, «буаз қойды сойғызып обалына қалмағаның жөн болды» - дегені екен.

-Әйтекежан, осы Кіші жүз неше атаға бөлінеді? - деп сұрапты Әнет баба бірде інісін сынамақ болып.

-Кіші жүзде аға баласы алты ата – Әлім, жеті ата – Жетіру, он екі ата Байұлы бәрі қосылып жиырма бес таңбалы ел болады, - дейді Әйтеке.

-Жиырма бес деген - жігіттің жасы. Сенің еліңнің жаугер, батыр болатыны содан екен ғой, - депті Әнет баба тағы сынамақ болып.

-Әнет баба, дұрыс айтасың. Кіші жүздің баласы азғана қазақтың жау бетінде өсіп-өніп, қылыш ұстап туатыны рас. Бірақ қанқор емес. Жау келгенде жиырма бесі бірігіп бір атаның баласы болатыны тағы рас. Бірақ, даңғой емес. Ал, жиырма бесті азсынсаңыз, құлында сақау, құнанда тісеу жинамасақ та – келем десеңіз сізді де бір ата етіп қосып алайық, - депті Әйтеке. Сонда Әйтеке айтқан екен.

-Әйтекежан-ай, сынайын деп айтып едім, көңіліңе келіп қалды білем, тұспалыңды түсіндім. Кеше Арғын-Тобықтының тентектері қырда аң аулап жүріп, бір түлкіні бөлісе алмай керісіп қалған екен. Жазым болып біреуінің аты өліпті. Содан бітісе алмай жатқан жәиі бар еді. Сенің мені «көшіріп әкетемін» деп отырғаның соны меңзегенің ғой. Ендеше сол дауды өзің шешіп беріп кет.

daugerler Сөйтсе, аты өлген жігіт қойнынан құран шығарып, «менің төс қалтамда құран бар еді, бұл соны сыйламай жанамалай қосылып, атымды орға жықты. Түлкіні беріп қана құтылмайды, құранды сыйламағаны үшін бір айып, атымды өлтіргені үшін екі айып тартсын» деп, жұрттың көбін өз аузына қаратып қойған екен. Әнет бабаның діндарлығын біліп, бір жағынан соны да арқа тұтса керек. Әйтеке би ат жазым болған жерге өзі барып келген соң, екі жігітті де Әнет бабаның алдына шақырады.

-Сенің атың өлгені рас екен. Бірақ, ол мына жігіттің айыбы емес, өз айыбың, - дейді даугерге.

-Неге? - дейді ол.

-Негесі сол, сенің мінген атыңның оң жақ көзі соқыр екен. Жүргенде ылғи оң жағымен қорғаныштап, жолдың сол жағындағы шөпті жұлып жеп отырыпты. Жөні түзу адам соқыр атпен аңға шыға ма? – деп бір тоқтағанда, даугер:

-Қойнымдағы құранды қайтесіз? – депті.

-Құран үшін сен мына Әнет бабаңа айып төлейсің. Айдалада аң қуып, арқаланып келе жатқан жігіт сенің қабат-қабат киіміңнің қалтасында не жатқанын қайдан білсін. Бұл – бір. Екіншіден, мұсылмандық шартында аң қуу, қызық қуу секілді желөкпе істе «Құранды» қалтаға салып, алып шықпайды. Аң қуған кезде адамның көңілі басқа жаққа ауады, киімі былғанады, дәреті бұзылуы да мүмкін. Ендеше түлкі аулауға ақылың жеткенде, осыған неге ақылың жетпейді.

-Ағатай-ай, ең болмаса түлкіден айырмаңызшы? – депті даугер жігіт жыламсырап.

-Жоқ, түлкі сенікі емес. Сен сайдың оң жағынан келіп қосылыпсың. Түлкіні жыққан оқ сол жақ бүйірінен қадалған.

bilik-aytu Әйтекенің мына билігіне риза болған мерген жігіт «Әйтеке аға, мен осы түлкіні даугеріме-ақ байладым. Енді осы отырған бәріңіз біздің үйден дәм татыңыздар» - деп қонаққа шақырыпты. Екі даугер төс қағыстырып тарқағанын көрген Әнет баба Әйтекеге ақ батасын берген екен дейді.

(жалғасы бар)


Ардақ БЕРКІМБАЙ

Пікірлер