Қаржы. Мотивация. Ғылым саласында қандай мәселе бар?

2235
Adyrna.kz Telegram

Ғылыммен айналысатын адамдардың қарапайым адамдардан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Олар да басқалар секілді ғылыми жаңалықты ашу барысында сан түрлі қиындыққа ұшырап, қателесіп жатады. Сондай-ақ ғылыммен айналысу еріккеннің ермегі емес, ол – нағыз профессионалды мамандық. Басқа салалардағы секілді ғылым әлемінде де өзекті мәселелер бар. «Олар қандай мәселелер?», «Ғалымдар неден қиналып жүр?» деген сұрақтарға төменде жауап беретін боламыз.

Қаржы мәселесі

Ақша – ғылым саласындағы кез келген адамның өзекті мәселелерінің бірі. Себебі ғылыммен айналысу шығынға ұшыратады – зертханаға қажетті құрал–саймандар, ассистентердің жалақысы, әлеуметтік желідегі публикациялар, саяхат. Бұл – профессионалды ғалымдардың жиі ұшырасып жататын қиындықтары.

Негізінде мәселе одан әріден басталады. Ақша мәселесі тек жеке ғалымдарды емес, кез келген лабораториялар мен ғылыми орталықтарды алаңдатып отыр. Олардың үкіметтен алатын қаржысы бүкіл қажеттіліктерін өтемейді. Сол себепті олар қосымша гранттарды іздеуге мәжбүр. Ал гранттардың ғылыми орталықтар мен лабораторияларға атағына және жариялаған материалдарының санына байланысты табысталатыны белгілі. Сондықтан олар сапа үшін емес, сан үшін жұмыс істейді.

Бүгінде АҚШ–тағы көптеген лабораториялар жұмысшыларының 75%-ына арнайы гранттан бөлінген қаржыдан жалақы төлеп отыр. Сондай–ақ бұл гранттардың өзі қысқамерзімді, олар үш жылға беріледі екен. Бұдан шығатын қорытынды – ғылыммен айналысамын дейтін жастар алдағы он жылда дәл осы проблемаға қайта жолығады. Бұдан әлемдегі ғылымның сапасы төмендейді. Ал үкімет ғылым саласына бөлінетін қаржыны көбейтуге асығар емес.

Жалған идея мен мақсат: қате мотивация

Ғалымның еңбегі оның жұмысының нәтижесіне қарап бағаланады. Кез келген зерттеуші жұмыс барысында көптеген қиындыққа ұшырап жатады. Себебі оның санасында «жұмысымның нәтижесі қандай болады?» деген ой ғана жүреді. Сондай–ақ олар ғылым әлеміне төңкеріс алып келетін жаңалықтың да жиі бола бермейтінін біледі.

Зерттеумен айналысатын мамандар ашқан жаңалығына байланысты ғана қаржы таба алады. Егер ол халықта «шулата» алса, ақша мәселесі шешілді деген сөз.

Қазіргі кезде ғалымдардың көбі зерттеумен айналысатын кезде ғылым туралы, зерттеп жатқан мәселесінің болашағы туралы емес, нәтиже қалай болады деген мотивациямен өмір сүреді. Қате мотивацияның кесірінен зерттеуші басқа да мәселелер мен мүмкіндіктерге мән бермей, олардан қол үзіп қалуы мүмкін.

Статистика бойынша әлемде жүргізілген зерттеулердің 85%-ы қажетсіз деп табылды. Олар қаржы үшін ғана жасалған эффектісі аз зерттеуге жатқызылған болатын.

Қарапайым халық ғылым туралы ештеңе білмейді

Ғалымдардың көбі бұны ең өзекті мәселелердің бірі деп қабылдайды. Себебі олар өздері дайындаған өнімді халықтың түсініп, тұтынғанын қалайды. Сонымен қатар әлемдегі БАҚ-та да ғылым туралы түсінік аз. Тіпті, кейде ғылым тақырыбында жазып жүрген журналистердің өзі фактілерді шатыстырып жатады.

Сондай-ақ ғылымды жақсы түсінбейтін атақты адамдардың көпшілігі өз аудиторияларына өтірік ақпарат таратады. Оның қате пікір, қате мәлімет екенін өздері де білмейді. Ғылым саласы халық арасында сұранысқа ие болмағандықтан, ел ішінде жалған стереотиптер қалыптасқан. Адамдар ғылым десе вакцинация мен диетологияны ғана елестетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Бұл мәселенің тағы бір бөлігі – асыра сілтеу. Ғалымдардың өзі, кейде көтерген мәселелерін асыра бағалап жатады. Сондай–ақ кейбір БАҚ өкілдері де ғылымды дұрыс түсінбесе де асыра сілтеуге келгенде алдарына жан салмайды. Себебі олар ерекше жаңалық арқылы газеттеріне немесе сайттарына оқырман тартқысы келеді.

Тұрақты стресс

Практика бойынша барлық ғалымның өмірі проблемадан құралған. Олар жиі стресс жағдайына түседі. Ғылыммен айналысқанына көп уақыт болған ғалымдардың ғана емес, жас ғалымдар да бұл қиындыққа жиі ұшырасады. Себебі зерттеу жүргізу біз ойлағандай оңай шаруа емес. Дерек жинау, оны практикалық тұрғыда тексеру, статистикалық мәлеметтерді саралау, жаңалық алып келу – ғалымның ғана қолынан келеді.

Ғылым саласындағы заманауи жүйе университетті жаңа бітірген жас ғалымдарға карьерасын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Олар - идеяға толы, күші мен энергиясы ұшан теңіз. Алайда олар он жылдар бойы энергияларын ассистент болып, қиын жұмыстарды жасауға арнайды. Одан басқа амалдары да жоқ.

Осындай қиындықтарға ұшыраған жас ғалымдар отбасын құрып, балалы болудың орнына ғылым саласын таңдап жатады. Себебі олар өз жұмысын жақсы көреді. Алайда ассистенттік жұмыс олардың еңбегін ақтамайды. Ақша аз. Дәл осы мәселе үшін көптеген талантты мамандар ғылым әлемінен біржолата кетіп жатады.

Бүгінгі ғылым саласындағы мәселелер – осы.

Айта кететін жайт, бүгін қазақстандағы ғылымның негізін салушы Қаныш Сәтбаевтың өмірге келгеніне 122 жыл толып отыр.

Тағы қараңыз: Қаныш Сәтбаевтың туғанына 122 жыл

Ақмарал БЕРЕКЕТ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер