Бақытжан ҚАРАМАНОВ: "100 нақты қадам" Ұлт жоспары сот төрелігін сапалы атқаруға мүмкіндік береді

3642
Adyrna.kz Telegram

Елді заң саласындағы оң өзгерістерден хабардар ету мақсатында «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Павлодар облыстық сотының төрағасы Қараманов Бақытжан мырзамен болды.

- Бақытжан мырза, Павлодар облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады?

- Еліміздің басты Заңы - Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Азаматтардың сотқа деген сенімі жалпы мемлекетке деген сенімді білдіреді.

Бүгінде Жоғарғы Соттың тарапынан бұрын-соңды болмаған іс-шаралар атқаралуда, дамыған елдерде қолданылатын жаңа тәсілдерді, PR- технологияларды қолданып жүргізуде.

Облыстық соттың оқу oрталығымен заңды тұлғалар арасындағы  дауларды шешу жөніндегі бітімгершілік рәсімдер бойынша сот актілері жинағы, еңбек заңнамасы бойынша сұрақ-жауап жинағы, «Балалардың тәрбиесіне байланысты даулар бойынша медиация туралы» әдістемелік ұсыныстар құрастырылды.

Еңбек заңнамасы бойынша сұрақтар мен жауаптар жинағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шығарылды, оның филиалдарының бірі «Еңбек дауларындағы бітімгершілік рәсімдері» бөлімі болып табылады.

Бұл әдістемелік жинақ облыстың кәсіпкерлер палатасында ұсынылып, облыстың барлық соттарына жіберілді.

«Бизнесті сот арқылы қорғау» жобасы аясында «Атамекен» Павлодар облысының ұлттық кәсіпкерлер палатасының кеңсесінде медиаторлар бұрышы ашылды, оның қызметі кәсіпкерлердің медиация мәселелері бойынша ақысыз кеңестер алуына бағытталған.

Мен, әсіресе, Павлодар облысында бастау алған «Мектептегі медиация –құқық бұзушылықтың алдын алудың нақты шарасы» жобасы туралы айтқым келеді. Бүкіл әлем бойынша кәмелетке толмағандардың білім алуының және әумесерлік мінез-құлықының қиындығы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып табылады.

Республикамызда халықаралық стандарттарға сәйкес, институционалдық және заңнамалық деңгейде құрылған баланың құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасты.

Павлодар облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында, мектептегі медиацияны дамытудағы өзара ынтымақтастық туралы «Мектеп, колледж – жан-жалсыз аумақ» атты пилоттық жоба жүзеге асырылды.

Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеменің медиация орталығы, Павлодар облыстық соты, Павлодар қаласы прокуратурасы, Павлодар облысының  Полиция департаменті және Павлодар облысы білім беру басқармасының бастамасымен, Павлодарда «Мектеп, колледж – жан-жалсыз аумақ» Пилоттық жобасын іске асыруға мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен «Медиация және заң негіздері»атты III аймақтық турнир өткізілді. Коронавирустық пандемияға байланысты заңдық турнир онлайн режимінде өтті.

Павлодар облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме медиация орталығымен мектептік және студенттік медиацияны насихаттауда құқықтық мәдениет деңгейін арттыру және білім беру кеңістігінде жан-жалдарды шешудің негізгі әдісі ретінде медиацияны қолдану мақсатында zoom платформасында онлайн-режимінде:

-2020 жылы  облыстың колледждері мен мектептерінің 200 жуық оқу-тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі мен мұғалімдеріне;

- 2020 жылы облыс колледждерінің екі жүзден астам  студенті мен мектеп оқушыларына,  барлығы мыңға жуық адамға  бірқатар семинарлар ұйымдастырылды.

Сот практикасы көптеген даулар мен жанжалдар неке-отбасылыққатынастардан туындайтынын көрсетті.

Талаптарда некенің бұзылуының басты себебі – мінез құлықтарының сәйкессіздігі. Бірақ бұл себептің артында: тұрмыстық қиындықтар, жалпы өмірге және олардың әрқайсысының отбасындағы рөліне деген көзқарастардың айырмашылығы, сондай-ақ зинақорлық, алкоголь, нашақорлық, әлеуметтік мәселелер: тұрғын үйдің болмауы, жұмыс, физикалық зорлық-зомбылық, үйдегі зеріктік, қаржылық жағдай, үшінші тұлғалардың (оның ішінде туыстарының) әсері, әртүрлі діни көзқарастар, құмар ойындар тұр.

Судьялар өңірдегі отбасыларын сақтау бойынша тиісті шаралар қабылдауда, татуласуға мерзім беріледі, ерлі-зайыптылар отбасылық психологқа, билерге жіберіледі.

Осы тұста «Билер кеңесі» жобасы сәтті жүзеге асқанын айтқым келеді.  Билер кеңесінің құрамына облыстың 154 құрметті азаматтары, ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, отставкадағы судьялар кірді. Барлық билер медиация дағдыларына оқытылып, сертификаттар алды.

2019 жылдың шілдесінде билер кеңесінің конференциясы өтті, оған әкімдер, адвокаттар, медиаторлар, мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды. Билер кеңесінің ережесі бекітілді, билер кеңесінің мүшелеріне сертификаттар мен төсбелгілер берілді, күрделі мәселелер талқыланды.

Тиімді жұмыс үшін судьялардан, отставкадағы судьялардан, медиаторлардан, психологтардан және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды.

Татуласу орталығына мыңнан астам адам жүгінді, олармен келісу алаңында кеңесу  мен кездесулер өткізілді, нәтижесінде 300-ға жуық дау сотқа жетпей шешілді.

Сондай-ақ, соттар «Ана үйі» қоғамдық қоры «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыстық орталықтың» өміріне белсенді қатысады, мұнда психологиялық және заңгерлік кеңестер беріледі.

Павлодар облысында  Татуласу орталығы, 52 медиация кабинеті құрылып, «Балалары бар әйелдерді оңалту дағдарыс орталығында» отбасылық-кеңес беру кабинеті бой көтерді.

Торайғыров университетінде студенттер үшін медиация кабинеті ашылды. Облыста екі жүзден астам  кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейді. Бекітілген Меморандумдар аясында медиаторлар, психологтар, билер қызметтерін ақысыз көрсетеді. Осы тұста Жоғарғы Соттың бастамасымен осы мәселе бойынша заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер енгізілді.

Сонымен Азаматтық процестік кодексіне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі - дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу болып табылатынын атап өту керек. Істерді қарау кезінде судьялар бекітілген меморандумдар шеңберінде билерді, медиаторларды, Кәсіподақтар орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер  палатасы өкілдері мен келісу комиссияларының өкілдерін тарту бойынша жұмыс жүргізуде.

Жалпы айтқанда, бұрын-соңды болмаған игі іс-шаралар  атқарылды.

- Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?

- Оң өзгерістердің бірі «Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасы болып табылады. Сот жүйесі «Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасын жүзеге асыруға басты назар аудара отырып, өзінің дамуының жаңа бағытын айқындады. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Е- сот», «Оңтайлы орта» және «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топ бар.

Аталған бағдарламалардың мақсаты –  азаматтардың сот төрелігін сапалы атқарып заң үстемдігінің жоғары сеніміне қол жеткізу.

Сонымен қатар «Түнгі сот», «Отбасы соты» жобалары жүзеге асырылды. Соттарда Татуластыру орталықтары ашылды.

Соңғы жаңалықтардың бірі Қазақстан Республикасы Президентінің «Мамандандырылған әкімшілік соттар» туралы Жарлығына сәйкес республика көлемінде жаңа соттардың ашылуы болып табылады.

Жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі сот жүйесін жетілдіруге арналған. Атап айтқанда, кодекс билік органдарымен дау-дамайларды қарау барысында азаматтардың құқықтарын қорғауды сапалық  жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Әр түрлі жария-құқықтық дауларды шешуде тараптардың теңдігін, қоғамның сотқа деген сенімін арттыру, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

- Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түсіп, билік тарапынан үздік марапаттарға ие болған ардагер қызметкер, судья, адвокаттар бар ма? Кімдердің есімін ерекше құрметпен атап өтер едіңіз?

- Әрине, бар.

Қара қылды қақ жарған, әділ шешім қабылдаған отставкадағы судьялар болып сот жүйесінің ардагерлері А.Т. Тұрсынбеков, А.Ш. Хамзин, Е.Ә. Темірова., М.М. Бикиева., А.С. Күзеков, Р.Қ. Сүлейменовті атап өтер едім.

Бүгінгі күні сот төрелігін әділ жүзеге асырып, мемлекеттік марапаттарға ие болған жас буын әріптестеріміз баршылық.

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

- Әлемді жайлаған індетке байланысты сот процестері IT-технологиялардың қолданылуымен онлайн-режимде өткізілуде.

Облыстық сотта цифрландыру жүйесі ілгері дамуда. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот процестері ақпараттық технологиялардың көмегімен бейнеконференция байланысы, соның ішінде «TrueConf», «Skype», «Whatsapp»  мобильді қосымшалары арқылы қашықтықтан жүргізілуде.

Барлық сот құжаттары «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы түседі. Халық технология тілін жақсы меңгергенін атап өту керек. Қашықтықтан сотқа қатысатын адамдардың саны артуда.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?

- Азаматтардың сот жүйесіне қатысты  сенімі туралы мәселе маңызды және негізгі болып табылады.  Сот төрелігін сапалы атқаруда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы мәселеге басты назар аударылды.

Әлеуметтік желілерде Павлодар облыстық және аудандық соттары  төрағаларының, облыс судьяларының және өзіміздің облыстық сот баспасөз хатшысының жеке парақшалары бар.

Бүгінгі таңда Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны өсіп келеді, демек қазіргі кезде өтініштер мен сұрақтардың негізгі бөлігі әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram) арқылы түседі және зерделеніп жауап беріледі.

Сот жүйесінің ашықтығы, барлық істер бойынша міндетті түрдегі тәртіппен сот отырыстары дыбыс-бейне жүйесімен жүргізілуімен қамтамасыз етіледі. Облыс бойынша сот отырыстарының барлық залдары 100 пайыз дыбыс-бейне жүйесімен жабдықталған, бұл судьялардың әрекеттеріне негізсіз шағым беруді жоюға және сот отырысына қатысушылардың тәртіптерін реттеуге мүмкіндік берді.

Мемлекет Басшысы судьялардың ҮІІІ съезінде сөйлеген сөзінде ағымдық пандемия жағдайында еліміздің  сот жүйесі күрделі сынақтан өткенін атап өтті. Оның айтуы бойынша, карантинге қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен алынған жоқ. Ақпараттық технологиялардың нәтижесінде сот  процестерін қашықтық форматына жедел түрде ауыстыру  мүмкіндігі туды, бұл қолайлы  және  үйлесімді шара болып табылады.

Енгізілген электрондық сервистер сот процесіне қатысушыларға орасан зор мүмкіндіктер береді, азаматтар үшін сот  жүйесінің қол жетімділігін оңайлатады, судьялар мен мамандардың жұмысын жетілдіреді.

Халықпен диалог құру алаңдарының бірі болып - есеп беру кездесулері, жоғары оқу орындары мен колледждердің жастарымен кездесулер болып табылады.

Келушілердің қабылдауын ұйымдастыру көкейдегі сұрақтарына жауап беру - сот төрағасының  жұмысындағы маңызды функциялардың бірі. Азаматтарды қабылдау туралы алғашқы әсер азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру деңгейінен қалыптасады.

Мен азаматтарды қабылдаудың бекітілген кестесіне сәйкес қабылдау жүргіземін, дүйсенбі күні сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін, резидент еместер кез келген уақытта қабылданады. Процеске қатысушыларды облыстық соттарда қабылдауды азаматтарды қабылдауға арналған өкімдірге (кестелерге) сәйкес аудандық (қалалық) соттардың төрағалары жүзеге асырады.

Соттар әкімшісімен қабылдау сейсенбі күні сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Барлық соттарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Департаменті, Павлодар облыстық соты, Соттар әкімшісі және аудандық (қалалық) соттардың төрағаларының азаматтарды қабылдау бекітілген бірыңғай қабылдау стандарты бар.

Пандемия кезеңінде қабылдау on-line режимінде жүзеге асырылып жүр.

- Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?

- Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.

Халық медиация институты мен басқа татуластыру рәсімдері туралы хабардар болу үшін, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, облыс судьяларымен ауылдық жерлерде тұрақты түрде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілді.

Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор деген маман көмектеседі. Тараптар келісімге келсе, өзара жазбаша келісім шартын жасасады. Ол медиация туралы шарт деп аталады.

Ағымдағы жылдың 3 айында облыс соттарында 841 азаматтық іс медиация тәртібінде қаралды. Оның ішінде 791 іс медиация тәртібімен, 10 іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 40 іс татуласу келісімін жасаумен аяқталды. 16 қылмыстық іс медиатордың қатысуымен қаралды.

Медиация тәртібімен қылмыстық жауаптылықтан татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтіріп, бас бостандығынан айырмай қаралған қылмыстық істердің саны онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша артты. 2967 әкімшілік іс тараптардың татуласуымен аяқталды.

- Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?

- Облыс соттары  қоғам үшін әрқашанда ашық.

Халықтың сенімін  арттыру - сот жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып қалмақ. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілермен тиімді өзара іс-қимыл құру маңызды рөл атқарады. Соттардың бұқаралық ақпарат құралдары жұмыстарымен үйлестірушелері, оның ішінде аудандық соттар және баспасөз хатшысы әлеуметтік желілерде резонансты істерге ақпараттық қолдау көрсету және сыни жарияланымдарға жауап беру мақсатында жеке парақтарын жүргізеді.

Облыс судьялары тұрақты негізінде «Бірінші студия» облыстық «ERTIS» телеарнасының бағдарламасына (тікелей эфирде) қатысып, сот жүйесіндегі жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы айтады.

Сот төрелігін жүзеге асыру тақырыбындағы брифингтер тоқсан сайын, ал өзекті тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер жиі өткізіледі.

Барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде жарық көріп, халықтың назарына жеткізіледі. Бейнероликтер түріндегі репортаждар әлеуметтік желіден, теледидардан көрсетіледі.

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?

- Павлодар облысының соттарымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша түрлі  дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Әр соттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпараттық стендтер орналасқан.

Бұл стендтерде келушілерге қажетті ақпараттарды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстық соттың, ішкі қауіпсіздік және облыстық соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бөлімінің «сенім телефондары», жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесі, ішкі қауіпсіздік және облыстық соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бөлімі басшысының телефон нөмері көрсетілген.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?

- Жоғарыда айтылғандай атқарылып отырған жұмыстардың барлығы халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Халықтың соттарға деген сенімін арттыруда жұмыс жалғастырылатын болады.

- Даулы мәселелерді шешудегі медиаторлардың сот жүйесіндегі орны, маңызы, беделі, атқаратын қызметі қандай? Павлодар облысындағы үздік медиаторлардың қатарына кімдерді қосар едіңіз? Медиаторлардың бойында қандай қасиеттер болуы керек? Олар қалай сайланады?

- Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы – медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келеді.

Медиацияға міндетті түрде үшінші тарап  – медиатор қатысуы керек. Ол тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі болмауға тиіс. Оны тараптар өзара келісіп таңдайды. Оның басты міндеті – даудан қос тараптың қанағаттанып шығуына көмектесу.

Медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес болуы мүмкін.

Отставкадағы судья немесе жиырма бес жасқа толған, кез келген салада жоғары білімге ие, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша сертификат алған азамат кәсіпқой медиатор бола алады.

Павлодар облысындағы үздік медиаторлардың бірі деп Татуластыру орталығының жетекшісі, сот жүйесінің ардагері Марина Анатольевна Иванованы айтар едім.

Жалпы алғанда сот жүйесінде жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістер, халықтың соттарға деген сенімін арттыру, сот төрелігінің заңдылығы мен ашықтығының  қол жетімділігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін берік құқықтық негіз жасайды.

«Жақынымызға жанашыр болайық» деген оймен сұхбатымызды аяқтайық. Жақсы күндерде кездескенше!

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер