Түркі экономикалық одағы құрылуы мүмкін бе?

2345
Adyrna.kz Telegram

Бакуде өткен түркітілдес елдер экономика министрлерінің VI отырысында Түркия экономика министрі Нихат Зейбекчи: «Түркітілдес мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайту үшін міндетті түрде экономикалық одақ құрып, еркін сауда кеңістігін кеңейту және кеден салықтарын кеміту керек» деген бастама көтерді.
Түрік министрінің көтерген мәселесі өте оңды. Рас, бұған дейін де түркітілдес мемлекеттердің одағын құру жөнінде бір­не­ше рет мәселе қозғалған. Бірінші рет түрік президенті Тұрғыт Озал, одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтер­ген еді. Алайда кейбір саяси мәселелер бө­гет болды ма, одақ құрыла қойған жоқ. Бі­рақ мәдени-рухани ынтымақтастық орнап, қазір жұмыс істеп тұр.
Түркілердің бүгінгі саны – 200 мил­лионға тарта. Оларды діл, тіл, тарих, әде­биет, рухани және материалдық мә­де­ниет, тұрмыс салты мен әдет-ғұрыптар, салт-сана ортақтығы біріктіріп отырғаны анық. Әрине, мәдени байланыс өз алдына. Экономикалық одақтың орны бөлек. Одан үркетін ештеңе жоқ. Өйткені экономикалық одақ белгілі бір елге қарсы құрылып жатқан әскери-саяси одақ емес. «Түрік кеңесіне кіретін елдерде тұратын адамдардың саны – 115 миллионның ар жақ-бер жағында. Сондай-ақ бұл елдердің Ұлттық кірісінің жиынтығы – 1,2 триллион көлемінде. Өкінішке қарай, солай бола тұрса да, түркітілдес елдердің сыртқы сауда айналы­мының жиынтығы небәрі 600 миллиард доллардың көлемінде қалуда. Өз ішімізде ол 2 пайыз болып отыр. Алдағы мақсат, оны 5-10 пайызға дейін көтеру. Ол үшін міндетті түрде экономикалық одақ қажет» дейді Нихат Зейбекчи. Бастама жақсы. Бірақ оны іске асыру оңай емес. Себебі көп. Мамандар не дейді? Тыңдап көрелік.

Ахмет АЛЯЗ, Қазақ-түрік кәсіпкерлер одағының бас хатшысы:

– Әрине, экономикалық интеграция аса қажет. Бұл түркітілдес елдердің қарым-қатынасын, ынтымағын арттыра түседі. Дегенмен экономикалық одақ құрыла қоюы екіталай. Оның себептері жеткілікті. Мәселен, Қазақстан – Еуразиялық эконо­микалық одақтың мүшесі. Соған сай, сол одақтың алдында алған жауапкершілігі бар. Одан бас тарта қоюы неғайбіл. Сондықтан екіжақты экономикалық байланыстарды арттыра берген дұрыс. Тағы бір мәселе, түр­кітектес елдердің экономикалық көрсет­кіштері әртүрлі. Аймақтық ерекшеліктері тағы бар. Бұл да белгілі бір деңгейде бөгет. Әрине, Қазақстан, Өзбекстан, Түркі­менстан, Әзербайжан – көмірсутегі отын­дарымен қатар өзге де табиғи байлыққа аса бай елдер. Бірақ оны сыртқа шығару үшін теңіз жолдары керек. Осы орайда төрт те­ңіз­­дің ортасында жатқан Түркияны пай­да­ла­нуларына болады. Бұл елдер Түркия ар­қылы өнімдерін Еуропаға, одан әрі Америка құрлығына шығаруға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ бір елде жоқ өнімді өз ішінде екінші елге саудалап-ақ сауда-саттық кө­рі­гін қыздыруға болады. Осы жерде айта ке­тет­ін тағы бір мәселе – үшінші бір ел­дердің түркітілдес мемлекеттердің одақ құруына қарсылығы. Олар түркітілдес елдер одақтасып кететін болса, үлкен күшке айналады деп қорқасоқтайды. Сондықтан бө­гет болуға тырысары анық. Осының бә­рін таразыға тарта отырып, түркітілдес елдер одақ құруға талпынбай-ақ, екі жақты сауда-саттық, экономикалық қарым-қа­ты­нас­ты күшейте бергені жөн.

Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, академик:

– Идея өте дұрыс. Қазіргідей әлемдік дағдарыс тұсында, мемлекеттерді тығырық­тан алып шығатын мұндай экономикалық ин­­теграциялық жобалар қажет. Сондықтан Түркия экономика министрінің бастамасын қолдауға болады. Мынадай жаһандану заманында түбі бір түркінің бірге болуы шарт. Кезінде атышулы түрік қағанаттарын құрдық. Қазір де сол мәселеге айналып соғып, түркітілдес елдер жұмылған жұды­рық­тай болып жатса – ұтқанымыз. Саясат өз алдына. Басты мәселе – рухани байла­ныс­­­пен қатар, экономикалық қарым-қа­ты­нас­ты реттеу. Экономикасы мығым елдер­дің, одақтардың ғана шоқтығы биік болмақ. Мәселен, менің түркітілдес елдердің басын бі­ріктіретін Ұлы Жібек жолы бойында жү­зеге асырылуы тиіс «Түркістанның эко­но­ми­калық белдеуі» деген жобам бар. Соны бас­ты нысан ретінде ала отырып, аталмыш мәселені ақырын-ақырын жүзеге асыруға болар еді. Қысқасы, түркі жұрты сөзден гөрі нақты істермен айналысқаны жөн. Бұдан қай-қайсысымыздың да ұтарымыз мол бол­мақ. Экономика – дамудың тегершігі. Оны са­уатты түрде пайдалана алсақ, түркі халқы әлемде іргелі күшке айналары хақ. Демек, эко­номикалық одақты қолдау аса қажет.


Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

"Айқын" газеті

Пікірлер