Рүстем МЫРЗАКӘРІМҰЛЫ: Батыс Қазақстан облыстық Сотының басым бағыттарының бірі - сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу

5092
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрімұлымен болды.

- Рүстем мырза, Батыс Қазақстан облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады?
- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сотқа жүктеген міндеттерін ескеріп, соттардың ашықтығы мен жариялылығына қол жеткізу үшін Батыс Қазақстан облысының соттарымен бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізді. Өткен жылдардағы ерекшеліктерді ескере отырып, қазіргі уақытта жұмыс сапасын көтеруге арналған кешенді шаралар іске асырылды.
Сот жүйесін жетілдіру мен жаңғырту жолында өңірімізде атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталып өтетін болсақ, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы технологияларды енгізудің «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Виртуалды сот» жобаларының басты тиімділігін, «Сот кабинеті» арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар онлайн режимде электронды түрде талап арыздар мен өтініштерін жолдауға, істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік жасалынды.
Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында және халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен шешуде өңірімізде Билер Кеңесімен халықты мейлінше татуластыру рәсіміне тарту үшін жасалып жатқан өзге де кешенді жұмыстар атқарылды.
Бұған қоса, 2020 жылдың 21 сәуірінде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету және отбасында салауатты қарым-қатынасты сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық сотының бастамасымен "Зорлық-зомбылыққа жол жоқ"тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
Жұмыс тобы «Facebook» әлеуметтік желісіне тіркелген, парақшасында бейнероликтер, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қандай қызметтерге хабарласу керектігі туралы жадынама және әлеуметтік желілердегі өтініштерге мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Ақпаратты жедел алмасу және көмек көрсету үшін «Whatsapp» мобильді қосымшасында чат құрылғаның атап өтуге болады.

-Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?
-Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамшылығымен, тәжірибеге енгізілген «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы осы күнге дейін қолға алынған реформаларды нығайтудың, жетілдірудің, жұмысты жандандырудың тетігі іспеттес. Сот жүйесін дамытуға бағытталған жоба «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» деген жеті ірі жобаны қамтиды. Бұл бағдарлама 2021 жылға дейін сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізі орын алды. Атап айтқанда:
1.Мінсіз судья.
Жоба бойынша бірінші міндет - «мінсіз судья». Халық сенімі мен құрметіне ие болуда сала судьяның жұмысына тікелей тәуелді. Яғни, сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен өлшенеді.
Батыс Қазақстан облыстық соты соттармен өзара қарым – қатынас бойынша Қоғамдық Кеңеспен тығыз ынтымақтастықта жұмыстар жүргізуде. Судьялыққа кандидаттар бос орынға арыз берген кезде жан-жақты іріктеледі, баспасөзге олар жөнінде мәліметтер жарияланады. Кандидаттың кәсіби дайындығымен қатар, оның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беріледі.
Судьялардың білім алуға сұраныстарын, жоғары тұрған соттарда тәлімгерліктен өту және судьялардың білімдерін арттыру бойынша жұмыстарды облыстық соттың оқу орталығы атқарады.
2.Үлгілі сот.
«Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде халыққа заманауи қызмет көрсетудің стандарттарын есепке ала отырып, Батыс Қазақстан облыстық соты ғимараты мен қалалық және аудандық соттарда барлығы облыс бойынша фронт-кеңсе ашылды.
Мұнда кез-келген азамат толық көлемде құқықтық қызметтерге қол жеткізе алады. Фронт-кеңселер үш бөліктен: ақпараттық орталықтан, кіріс хат-хабарлар мен халықтың өзіне өзі қызмет көрсету аумағынан тұрады. Қызметтерді көрсету аумағы қажетті техникамен, қазіргі заманғы әрі жайлы жиһазбен жабдықталған. Залдың өзі адамдар үшін жағымды ахуал туғызатындай жасыл түстерге басымдық беріліп безендірілген.
3.Әділ процесс.
Үшінші міндет әділ процесс аясында сот практикасының әділдігі мен объективтілігіне қоғамның қанағаттанбау негізділігін талдау және себебін анықтау, халықтың сот төрелігін нақты бағалау механизмін дайындау, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құбылыстарының алдын алу және судьялар этикасы нормаларын сақтау мақсатында, судьялар қызметін бағалау үшін облыстық сотпен әр сот процесінен кейін тараптарға қысқаша сауалнаманың сұрақтарына жауап беру ұсынылады.
4.Е – сот немесе смарт сот.
Е¬-СОТ шеңберінде халық пен сот қызмет¬керлерінің ІТ¬ қызметтерін жүз пайыз пайдалануына жағдай туғызылуда. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын соттық қорғауды мейлінше ашық және қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді.Жаңа өзгерістер сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін қамтиды. Яғни, сотқа құжат тапсырудан, соттың шешімі мен атқару парағын қолына алған уақытқа дейін.
5. Оңтайлы орта.
«Оңтайлы орта» бағдарламасы қоғам мен соттар арасында тиімді қарым¬-қатынасты орнатуға арналған.
Сот жүйесінің ел алдындағы шынайы бетпердесін қалыптастыруда бұқаралық - ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Осыған байланысты облыс соттары жергілікті және Республикалық БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста. Бұдан бөлек, облыстық соттың ресми парақшалары Facebook, Instagram, Telegram және Youtube сынды әлеуметтік желілерде ашылып, облыс соттарының жаңалықтары кеңінен таратылып, түскен сот жүйесінің жұмысы туралы азаматтардың сын-пікірлеріне және сұрақтарына жауап беріліп тұрады.
6. Сапалы нәтиже.
Сот актілерінің түсінікті жазылуы мен олардың орындалуы өзектілігін жоймайтын мәселе. «Сапалы нәтиже» жобасы аясында, сот актілері азаматтарға түсінікті болу үшін жаңа типтік нысан дайындалып, барлық сот актілері сол нысанда жасақталып келеді. Қазіргі таңда судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Бұл процесске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін азайтады.
Бұған қоса, жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне сауатты жауап беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Отбасы мен кәмелетке толмағандардың мәселелерін терең талдау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Отбасылық сот» жобасы іске қосылды.
7. Татуласу: сотқа дейін, сотта.
Жобасы аясында дауларды шешу үшін адамдардың мүдделерін ескеріп, қажетті қызмет түрлерін бір Орталыққа біріктіру мақсатында 28 тамыз 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының қолдауымен БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп, Орал қаласында Татуласу орталығы ашылды.
Сонымен қатар, облысымыздың аудандарында осындай соттан тыс Татуласу орталықтары ашылды.
Орталықтарда билер одағының мүшесі, медиатор, психолог, адвокат, сот орындаушылары көмек көрсетілуде.

- Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түсіп, билік тарапынан үздік марапаттарға ие болған ардагер қызметкер, судья, адвокаттар бар ма? Кімдердің есімін ерекше құрметпен атап өтер едіңіз?
- Судьялар арасында құрметті демалысқа шыққан Қуаныш Сатқанұлы Абуовты атап өтуге болады. Ол 2010 жылға дейін 35 жылдан астам Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы қызметін атқарды. Батыс Қазақстан судьяларының тәртіптік-біліктілік алқасының төрағасы қызметін қосымша атқара отырып, өзінің өмірлік тәжрибесімен жас судьялармен бөлісіп, менторы болып келеді.
Сонымен қатар, ардагер спорт шеберлері арасында бес мәрте әлем біріншілігінің жүлдегері, соның ішінде 2006 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық сайыста әлем чемпионы атағына ие болған. Қазақстан Республикасы және КСРО спорт шебері, республикалық дәрежедегі төреші. “Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері”, Қазақстан біріншіліктерінде самбодан 8 дүркін республика чемпионы, көптеген мемлекеттік және спорттық наградалардың иегері. Ұзақ жылдар бойы, Батыс Қазақстан облыстық сотының соты құрама командасының жаттықтырушысы, «Самбо» күресінен спорт шеберлері арасындағы Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі болып келеді.
Қ.Әбуов 2005 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10-жыл» мерекелік медалімен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен, әр жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының, Қазақстан Республикасының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Сондай-ақ, қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының мемлекеттік тілді дамыту бойынша бас маманы қызметін атқарып 2017 жылы зейнеткерлік жасқа толуына байланысты құрметті демалысқа шыққан Амангелді Шахинді атап өтуге болады.
Амангелді Шахин Республикалық және облыстық жыр мүшайраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. “Мәңгі көктем” (1999) өлеңдер жинағы, “Сол бір сүргін” (2001) деректі - публицистикалық кітабы, “Езуіңді жи” (2003) деректі және көркем әзіл әңгімелер жинағы, “Жайсаңдары ай Жайықтың” (2005) өлеңдер, әзіл әңгімелер, әндер жинағы, «Жарқ еткен дәурен» (2009) деген атпен шығармаларының таңдамалы жинағы, «Тілім қышиды» (2012) атты әзіл әңгімелер жинағы, «Қорғаймын!» деп қазақты...» (2017) атты деректі публицистикалы кітаптары шыққан. Батыс Қазақстан облыстық сотының қоғамдық-саяси, құқықтық-таным «Ақжайық ақиқаты» газетінің 2011 жылы қылыптасуына және шығарылуына үлкен үлесін қосты.
Өзінің міндеттерін адал және мінсіз атқаруына байланысты 2012 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Құрмет грамотасымен, 2014 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының Алғыс хатымен, 2014 жыл Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісіның Алғыс хатымен, 2015 жылы «Қазақстан халықтарының Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?
- Пандемия кезінде соттар сақтық шараларын сақтау мақсатында істерді бейнебайланыстар арқылы қарауға көшті. Соттар үшін істі қашықтықтан қарау жаңалық емес, себебі, төтенше жағдай енгізілмей тұрып-ақ процестер онлайн өткізілетін. Яғни, сот отырысына қатыса алмайтын, атап айтқанда, денсаулығына немесе өзге де тұрмыс-тіршілігіне байланысты келе алмаған, өзге қала, шетелде жүрген тараптар немесе олардың заңды өкілдері бейнеконференция арқылы байланысқа шыға алатын.
Қазіргі таңдағы ақпараттық технологиялардың дамуының барлығы да халық үшін, процестерді қашықтықтан өткізуге ел соттарында барлық жағдай жасалған. Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері істер мен материалдар онлайн режимінде WhatsApp және TrueConf арқылы жүргізіліп келеді. Онлайн процесс әдеттегі сот отырыстарымен бірдей. Оған қатысушылар пікілері де бірдей тыңдалады.
Соттарда қолға алынған ақпараттық технологиялар- «Үкімет порталы», «Сот кабинеті» арқылы келіп түсетін талап арыздар мен өзге де арыздарды, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін электронды түрде қабылдаудың жаңа сервистері, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық электрондық құжат айналымының кеңейтілуінің барлығы көпшіліктің игілігіне қызмет етуде.
Қолданысқа енген заманауи технологияның көмегі – SMS хабарламалар жолдау, гибридтік почта, - «Үкімет порталы» және «Сот кабинеті» арқылы келіп түсетін арыздар мен өзге де арыздар, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық электрондық құжат айналымы сот пен қарапайым халық арасын жақындата түсті және қағазбастылықты азайтты десек қателеспейміз.
Сот кабинеті арқылы арыз-шағым беру азаматтардың уақытын, қаржысын үнемдеуге тиімді. Сот кабинетінің осындай артықшылықтарын халыққа жеткізу мақсатында аудандағы мекемелерге, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, сонымен қатар сотқа келушілерге, сот кабинеті арқылы арыз-шағым жіберудің жолын, тиімділігін халыққа тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз.
Төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап қашықтан істер мен материалдар онлайн режимінде «WhatsApp» немесе «TrueConf» мобильді бейне-конференция байланыс қосымшасын қолдана отырып, қылмыстық процеске қатысушы тұлғаларды сот процесіне келмей-ақ, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшті.
Сот отырысының қатысушылары сот отырыстарына ұялы телефонға орнатылған «TrueConf» бағдарламасы арқылы қатыса алады. Өз тарапынан, сот қызметкерлерімен процесс қатысушыларына сот отырысына қосылу бойынша тиісті тәжрибелік көмек көрсетіле отырып, қазіргі таңда барлық сот отырыстары толығымен онлайн форматқа көше отырып, жүргізіліп жатыр. Жаңа форматқа көшу арқылы, уақытты тиімді пайдалану ең ұтымды жағы болып табылады.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?
- Соңғы жылдары сот саласын жетілдіру, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу бағытында елімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Сот жүйесін жетілдіру бойынша реформалар сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде республикамыздың сот жүйесінің жұмыс сапасы уақыт өткен сайын артып келеді. Сот процедураларының ашықтығы мен айқындығы, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігі, бұқара халықтың сотқа қолжетімділігі алдағы уақытта да басты назарда болмақ. Өйткені оларды сот қызметінің жұмыс сапасына әсер ететін басты факторлар ретінде атауға болады.
Заманауи технологиялардың сот жүйесіне енгізілуі, азаматтардың сотқа қолжетімділігін жеңілдетіп ғана қоймай, судьялардың іс жүргізуін оңайлатып, уақыттарын үнемдеуге септігін тигізіп отыр. Бұл заманауи электрондық қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған, сондай-ақ қағазбастылықтан арылып, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қазіргі таңда интернет желісі қарқынды дамыған соңғы жылдары белсенді коммуникация құралы «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы да халық өтініштерін, талаптарын білдіріп жатыр. Осы орайда, сот органдары «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы халықпен кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстар жүргізілу алға қойылды.
Облыстық, не болмаса қалалық соттың «Facebook», «Telegram», «Instagram» әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары жұмыс жасайды. Кез-келген өтініш шұғыл қаралып, тиісті жауаптар жарияланады. Өз кезегінде «Facebook» әлеуметтік желісінде сот өндірісіне және өзге де сот жүйесіне қатысты бірқатар арнайы топтар ашылып, жұмыс жасауда.
Жергілікті соттарда арнайы жауапты мамандар барлық топтарға мониторинг жүргізіп отырады. Әр түскен өтініш немес наразылық егжей-тегжей тексеріліп, зерттеліп, сәйкесінше өтініш білдіруші онлайн түрде жауап алуға мүмкіндігі бар.
Сот өндірісі бойынша туындаған сұрақтар соттардың кеңсесінде енгізілген «WhatsApp» мобильдік қосымшасы арқылы да шұғыл қарастырылатынын айта кеткен жөн.
Әлеуметтік желіде жүргізілетін жұмыстың басты мақсаты халықтың сауалға дереу жауап алуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс халықпен кері байланыс орнатудың тиімді тетігіне айналып отыр.

-Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?
-Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған «Медиация туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Бұл заңға сәйкес, әзірге жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ ауырлығы ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолдану саласы болып табылады
Қазіргі уақытта татуластыру рәсімі қылмыстық және азаматтық, әкімшілік істер бойынша белсенді түрде кеңінен қолданылуда. Татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану тараптар үшін де, сот үшін де пайдалы.
Сонымен, Батыс Қазақстан облысының соттарымен 2020 жылы тараптардың татуласуына байланысты медиаторлардың қатысуымен 139 қылмыстық іс, 1432 азаматтық іс және 771 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қысқартылып, аяқталған.
Іске асырылып жатқан шаралар сот төрелігін атқару бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, қоғам мен сот органдары арасында тиімді байланысты орнатып, соттардағы қағазбастылықты жойып, ең бастысы, соттарға деген халық сенімін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз!

-Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?
-Батыс Қазақстан облысында әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту үшін айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде, яғни брифингтер, дөңгелек үстелдер, БАҚ-та түсіндірмелер өткізіледі. Сонымен бірге, облыс соттары мен судьялары әлеуметтік желілерде әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға заң нормаларын, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіру мақсатында жеке парақтарын жүргізеді.

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?
- Батыс Қазақстан облыстық Сотының басым бағыттарының бірі де сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу болып табылады. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінде дербес құрылымдық бөлімше «Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі» құрылды. Осындай құрылымдық бөлімше әр облыс бойынша Соттар әкімшілігінде бар. Аумақтық бөлімдердің қызметін үйлестіру және олардың алдындағы міндеттерді анықтау аталмыш бөлімге жүктелді. Ішкі кауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі мен оның аумақтық бөлімшелері ІКБ-мен белгіленген міндеттерді орындау бағытталған профилактикалык іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді және әрдайым құқық қорғау органдарымен тығыз біріккен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар атқаруда.
Сондай-ақ, судьялар мен сот қызметінде сыбайлас жемқорлықтық факторларының алдын алу үшін және шұғыл шара қабылдау мақсатында, «Сенім телефоны», «Call-центр» бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл азаматтардың өтініштеріне, ұсыныстарына, шағымдарына дер кезінде жауап беріп, тиісті әрекеттерді орындауға арналған.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?
- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің қарқынды дамуы мен жаңғыруына бағытталған бірқатар межеленген міндеттерді алға қойды.
Жолдауда ел дамуының жаңа сапалы кезеңіне өту жолында атқарылатын маңызды міндеттердің бірі ретінде халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру көзделді.
Жолдау жарияланған сәттен бастап, Мемлекет басшысының бұқара халықтың мұң-мұқтажына қатысты өтініш-тілектерді жедел қарастыра отырып, билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орнату жұмысы қолдау тауып, қолға алынып отыр.
Сот жүйесінің басты қағидаты саналатын ашықтық, жариялылық және қолжетімділік халықпен тиімді кері байланыс орнатуда нәтижелі көрініс тауып отыр.
Қоғаммен сындарлы диалог орнату басты кезекте елдің өркендеуі мен мемлекет тұрақтылығының негізін қалаушы факторлардың бірі болып саналады.
Осыған орай, Батыс Қазақстан облыстық сотымен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға заң нормаларын, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіру мақсатында ашылған «Судьямен сұхбат» айдары ашылған болатын.
Аталған айдарда облыс соттарының судьялары, атап айтқанда Орал қалалық сотының судьясы Айжан Мырзалы “Жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алатын қылмыстар туралы” және Орал қаласының №2 сотының судьясы Алтынай Саулембекова “Некені бұзу бойынша азаматтық істерді қарау кезінде туындайтын мәселелер туралы” сұхбаттар берілді.
Сонымен қатар, облыс соттарының судьяларымен апта сайын "Aqjaıyq" телеарнасындағы "Опираясь на Закон" және “Заңға сүйен” бағдарламасында тікелей эфиріне қатысып, сұхбаттар беріледі.

- Ювеналды сотта қандай өзгерістер орын алып, қандай жұмыстар атқарылып, келісімдер бекітілуде?
- Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша жұмысты жалғастыру, мектеп оқушылары мен орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің мектеп медиациясын енгізу бойынша нормалары түсіндірілуде.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ата-анасының кәмелетке толмаған балаларды асыраудағы міндеті және алимент төлемегені үшін жауапкершілігі туралы, сондай-ақ олардың мөлшерін өзгерту жөніндегі даулар бойынша істерді қарау тәжірибесі туралы «Неке (ерлі-зайыптылық) және Отбасы» кодексінің нормаларына түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Жалпы алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді мамандандырылған соттардың қарауы материалдарды неғұрлым мұқият зерттеуге, жазаны тағайындаудың тәсілдерін дараландыруға ықпал етеді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер санының азаюы байқалады, егер 2019 жылы 19 іс қаралса, 2020 жылы 16 іс қаралған.
Ювеналды сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығының белгілерінің бірі - бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттесу бағытында көптеген жұмыстар атқаруда.
Меморандумдар отбасын, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған. Меморандум аясында бірлескен іс-шаралар, баспасөз конференциялары, тренингтер, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіледі.
Серіктестік келісімі тараптарды татуластыру үшін жұмысқа тізімге енген бірлестіктердің өкілдері мен психологтарын тартуға мүмкіндік береді.
Жасөспірімдердің құқықтық білімдерін арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, ӘҚБтК-нің нормаларын түсіндіру мақсатында мектептер мен орта, арнаулы оқу орындарының студенттері арасында мектеп медиациясын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ювеналды соттың бастамасымен Татуласу орталығы Орал қаласы мен аудандардағы мектептер өкілдерімен семинар-тренингтер өткізіліп отырады.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер