Алакөл өңірдің туристік локомотивіне айналады

3160
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жуырда Алакөл ауданына арнайы іс-сапармен барды.

Өңірде құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдап, тиісті тапсырмалар берген Л.Тұрлашов ең алдымен аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс бөлігінде жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданға атбасын бұрды. Мұнда құрылысы жүріп жатқан 20 және 60 пәтерлі тұрғын үйлердің жағдайын таразылап, белгіленген уақытта пайдалануға берілуін қадағалауды тапсырды.

- Әр нысан осы өңірге, айналаға әр беріп тұруы керек. Ең бастысы, халыққа қолайлы болуы шарт. Сондықтан құжаттардың заң аясында рәсімделуімен қатар салыну тәртібі, абаттандырылуы мен сапасына, сәні мен сәулетіне баса назар аударған жөн. Бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалап, заңсыздықтарға жол бермеу - өзекті мәселе, - деді Лаззат Махатұлы.

Сондай-ақ, атаулы жұмыстарға жауапты тұлғалар мен мердігерлерге тапсырмалар берді. Айдынды өңірдің айбынын асырып отырған тірек салаларының бірі туризм болған соң, Л.Тұрлашов көл бойындағы Ақши ауылдық округінде де атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыстағы әлеуетті туристік айма жылына миллионнан астам мейман қабылдауға қуатты ауылдың потенциалы жоғары. Сондықтан да жағаны шайған су толқындарына тосқауыл қойып, бекіту жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда 13,550 шақырымға жүргізіліп жатқан жағалау бекіту жұмыстарын зерделеп, осы іске жауапты «Спецстрой» ЖШС өкілдерімен әңгімелесті. Мұнан бөлек, ауылдағы ауызсу, кәріз жүйелерін жүргізу қарқынын арттыру керегін де тілге тиек етті.

- Алакөл – облыстағы туристік әлеуеті өте жоғары өңір. Шетел азаматтары мен ел тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуден бұрын қауіпсіздік пен заман сұранысына сай қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды шаруа. Соның ішінде көл жағасын бекіту ісін кешеуілдетпеу керек. Бұл бағыттағы жұмыстарға қадағалау да қатаң, - деді облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов.

Пікірлер