Ат әбзелдері

4156
Adyrna.kz Telegram

Аңдату

Балапаным – Заңғарым,

Еркелеген құлыным,

Алда сенің арманың,

Алда сенің ғұмырың.

 

Жайнасын гүл өмірің,

Ертеңіңді ойладым.

Азамат деп сені, ұлым,

Тұлпарыңды сайладым.

 

Бұл өмірде болатын

Жеңіс те бар, сынақ та,

Қай кезде де сені атың

Жеткізеді мұратқа.

 

Батырлардай бас алға,

Қолыңа елдің ал туын.

Ер-тұрманың қашан да,

Бүтін болсын, алтыным.

 

Мінбей атқа әуелі,

Әбзелдерін білерсің.

Біліп, танып сен оны,

Аламанға кірерсің.

 

Дәстүріңді жалғаған

Әр әбзелдің сыры бар.

Көңіл қойып, жан  балам,

Айтқанымды ұғып ал.

 

Жүген 

Көңіліңмен ұмтылған

Білсең елің сүйінер.

Жүген атты бұл тұрман

Ат басына киілер.

 

Атпен кезіп алапты,

Алыстарға заулайсың.

Ал жүгенсіз сен атты

Бағындыра алмайсың.

 

Жүгеннің көп түр-түрі,

Жасау да оны бір еңбек.

Небір асау жылқыны

Үйретерсің жүгендеп.

 

Дала кезген, тау кезген

Қарғып мініп жылқыға,

Жануарды әр кезде

Көндіре біл ырқыңа.

 

Тоқым 

Көңіл бөліп, ақылдым,

Назар аудар тоқымға!

Қай кезде де атыңа

Тоқым салмай отырма.

 

Жарамайды құр тұрған,

Көп білуге талаптан.

Әзірленер бұл тұрман

Барқыт, киіз, манаттан.

 

Сапарыңды бастасаң,

Артық емес білгенің.

Тоқым салсаң,

Ешқашан

Жауыр болмас мінгенің.

 

Ер-тоқым  

Бабам айтып ақылын,

Бізге ер-тоқым  қалдырған.

Оны мінген атының

Арқасына қондырған.

 

Сәнді әрі қонымды,

Сайгүлікке жарасқан.

Жасалады ер кәдімгі

Темір менен ағаштан.

 

Ең бағалы жәдігер,

Бес бөлшектен құралған.

Алты алашқа мәлім ер,

Оның да бар түрі алуан.

 

Ер-тоқымның кәделі

Алдыңғы, артқы қасы бар.

Белағашқа әдемі

Екі қаптал қосылар.

 

Қазақы ер мен қалмақы ер,

Құсбас, ойма,  боқан ер.

Ақбас, қырғыз, қанбас ер,

Қозықұйрық, қоқан ер...

 

Қастерлейді мұрамды ел,

Таралған кең түр-түрі,

Көрсетеді бұл әбзел

Әсем етіп жылқыны.

 

Айыл 

Тұлпар мінсең, ақылдым,

Айылын тарт дұрыстап.

Тұрады ол атыңның

Ер-тұрманын нық ұстап.

 

Әбзелдің біл тәртібін,

Ат бауырынан өткізіп.

Бар күшіңмен тарт, ұлым,

Шет-шегіне жеткізіп.

 

Оның екі түрі бар:

Шап айыл мен төс айыл.

Мәнін, балам, ұғып ал,

Маңызды атқа осы айыл.

 

Айылды әсем әр шебер

Жасайды  есіп қайыстан.

Айыл мықты болса егер,

Жеңерсің сан сайыста.

 

Қанжыға 

Ер жігіттің жанынан

Қанжығасы сайланар.

Олжасымен табылған

Сол қанжыға майланар.

 

Қансонарға сай болса,

Аңшы атанар тағы да ер.

Ал қанжығаң майланса,

Сүйсінеді қалың ел.

 

Үзеңгі 

Мықты болса үзеңгі,

Тұлпарыңмен заулайсың.

Мығым ұстап тізеңді,

Ат үстінен аумайсың.

 

Қос қапталдан бұл құрал

Ер-тоқымға жалғанған.

Тек биікке ұмтылар

Оған аяқ салған жан.

 

Ат әбзелі жалтырап,

Соғылады темірден.

Үзеңгімен арғымақ

Тартымды боп көрінген.

 

Өмілдірік 

Ол дағы ердің бөлшегі,

Атқұмар жан ұғады.

Өмілдірік болса, ерің

Қозғалмастан тұрады.

 

Арғымаққа әр беріп,

Кеудесіне киілер.

Әшекеймен сәнденіп,

Шашақ баумен түйілер.

 

Жасайды оны шеберлер

Былғары мен құрымнан.

Ат әбзелін өнерлі ел

Қазынам деп ұғынған.

 

Тебінгі

Ал бір әбзел – тебінгі,

Жөн бәрі сай болғаны.

Сәндеп тұрар еріңді

Жұқа киіз ол дағы.

 

Салтанатты ер кәдімгі

Табылар үй төрінен.

Киіміңді тебінгі

Сақтайды аттың терінен.

 

Құйысқан

Әр кезде сен жаңылма,

Құйысқанды қолыңа ал.

Кім біледі, жолыңда

Кедергілер жолығар.

 

Құйысқансыз сар желген

Арғымақтың сәні жоқ.

Сақадай сай әбзелмен

Қорқудың еш жөні жоқ!

 

Сәт сапар! 

Атқа мініп бабалар,

Елін, жерін қорғаған.

Тұлпарымен және олар

Жарты әлемді жаулаған.

 

Қамбар ата түлігін

Ер қанаты санаған.

Жылқыға арнап ғұмырын,

Серігіне балаған.

 

Рухы биік, өр елің

Салтымызды  дамытқан.

Атқа міну өнерін

Бар әлемге танытқан.

 

Алтыннан да зор құны

Құрметтей біл салтыңды,

Атың озып әр күні,

Асыра бер даңқыңды!

 

Олжас ҚАСЫМ

 

Пікірлер
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket