Аңыз тұлға — Нұрмұхан Жантөрин

4403
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин дүниеге келген күн. Жантөрин Нұрмұхан Сейітахметұлы (22 сәуір 1928 жыл Атырау облысы, Махамбет ауданы - 2 мамыр, 1990 Алматы) — актер, режиссер. Қазақ КСРнің Халық артисі (1966). Қазақ КСРның Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Мектепті бітіріп Алматыға жол тартқан Н.Жантөрин киномеханиктер дайындайтын мектепке түскен, осы кезде тағдырдың өзі оның бойындағы әртістік қасиетін көре білген ұстаздарға жолықтырып, Алматының актерлер дайындайтын мектебінің студенті болады.

Кешікпей Ташкент театр өнері институтының актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, 1952 ж. бітіріп шығады.

1952—1967 жж. және 1988 ж. өмірінің соңына дейін қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті.

1967—1988 жж. "Қазақфильм" киностудиясында актер болды.

Осы жылдар аралығында театр мен экранда сомдаған ондаған рөлдері, айшықты актерлік шеберлігі оны Қазақстан мәдениетіндегі аңызға айналдырды. Оның тұлға бойындағы жұмсақтық пен қызбалық, қайсарлық, баладай аңғалдық, жәбірленгіш мінезі оның қайталанбас рөлдеріндегі кейіпкерлерінің бойынан да көрініс тауып тұратын. Алғашқы рөлі "Аласталған Алитет" фильміндегі чукча жігіт Туматуге бейнесі. Тағдырдың сыйы шығар, ол ұмытылмас рөлдерді: Қодар, Кебек, Керім, Сырым, Яго, Мольер, Сальери, Барон және Дон Жуанды ойнап, үздік актерлік шеберлігін танытты. Ол эрудициясы кең суреткер, әсіресе "Еңлік—Кебектегі" Абыздың Н.Жантөрин жасаған философиялық бейнесі — сахнада сирек кездесетін құбылыс. Ол қандай рөлді ойнаса да ой мен әрекет тұтастығын таба білді, кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды. М. Бегалиннің "Оның уақыты келеді" (1957 ж.) фильмінде Шоқан Уәлиханов образымен өнер күмбезіне жүлдыздай жарқырап шықты. В. Мажурин қойған М.А.Булгаковтың "Мольер" қойылымы Жантөриннің асқан шеберлікпен ойнауы арқасында Мәскеу театр сүйер қауымын дүр сілкіндірді, — деп еске алады актриса Лейло Бекназар-Ханинга.

Режиссер Б.Мансұров қойған "Сұлтан Бейбарыс" (1989 ж.) фильміндегі Бейбарыс бейнесі — тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл образ актер шеберлігінің шырқау шыңына айналды. Ол осы рөлі үшін кеңес киносы актерлерінің бүкілодақтық "Созвездие — 90" фестивалінде "Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін" сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық "Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!.." деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған. Фильмнің дыбысын жазу сәтінде атақты режиссер Сергей Бондарчук: "Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның үнін жазудың өзі бір ғанибет қой!" — деп тамсанған екен.

Актердың алған марапаттары:

  • 1959 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы);
  • 1959 жылы КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
  • 1966 жылы Қазақ КСРнің Халық артисі (құрметті атағы);
  • 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Лениннің туғанына 100 жыл» құрмет белгісі (медалі);
  • 1978 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы.
  • 1988 жылы КСРОның Халықтар Достығы Орденінің иегері атанды.
  • КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденін екінші мәрте алған.
  • КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.

"Адырна" ұлттық порталы

©wikipedia.org

Пікірлер