Тілін суырып аламын: Қырғызстанда 4 мың адам митинг өткізуде

7945
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстанның Үзген және Қарасу ауданының халқы сәуір айының 14-нен бастап митинг ұйымдастырып жатыр. Олар Өзбекстанға су қоймасының маңындағы жерді беруге қарсылық білдіруде. 

Митингке шығушылар саны 4 мыңнан асады. Олар Кемпір-Абад су қоймасының маңындағы жерді Өзбекстанға беруге қарсылық танытуда.  23-25 наурыз күндері Қырғызстанның билік өкілдері Ташкентке барып, екі ел арасында жылдар бойы шешімін таппаған шекара мәселесін реттеу бойынша келіссөздер өткізді. Тараптар мәселені толық шешу үшін бірнеше жер аумағын алмасуға келісті. Екі ел азаматтары бұл шешімді әр түрлі қабылдады. Бір тарап қолдаса, екінші тарап қарсылық білдіріп жатты. 14-сәуірден бастап су қоймасының маңындағы ауыл тұрғындары ұзақ мерзімді митингке шықты. Олардың талаптарын тыңдап, келіссөзге келу үшін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев наразы топқа бірнеше мәрте келді. Ол су қоймасының маңындағы 50 гектар жерді емес, 20 гектар жерді беру бойынша қайта келіссөз өткізуге Ташкентке ұсыныс тастайтынын жеткізді. Алайда бұл ұсыныс халықты тыныштандырған жоқ. Салдарынан ауқымды митингтер қайта жалғасын тапты. 25-сәуір күні ҰҚК басшысы Ташиев наразы халықпен кезекті мәрте кездесті. Кездесу барысында халық пен ҰҚК басшысының арасында пікір қайшылығы байқалды.

Үзген ауданының тұрғыны микрофонды алып,  Қамшыбек Ташиевке: «Біз сізді қолдадық. Ал қазір сізді қолдайтындар мүлде қалмады...Бұл біздің ата-бабамыздың жері, бұл Қырғызстанның жері. Үзген жерінде мына тұрған біздер өстік. Қалайша сіздер бұл жерді біреуге бермексіздер?! Біз оған рұқсат бере алмаймыз. Біздің өзімізге бұл жер жетпейді. Сіздің ата-анаңыздың, бабаларыңыздың жерін алып, соны берейік. Сол жерлерді беріңіз», - деді.

Бұл сөздерді естіген ҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев микрофонды тұрғынның қолынан жұлып алып, ата-анасына тіл тигізбеуді сұрады. «Менің ата-анама тіл тигізбеңіздер. Оларға қатысты не айтылып, не жазылып жатқанын естіп, көріп жүрмін. Тіпті атам мен әжеме дейін тіл тигізіп жатыр. Менің әкеме тіл тигізіп, шабуыл жасағандардың тілін суырып аламын. Ата-анама шабуыл жасаған кез келгенін сөйтемін. Қазір мына жерде  20-30 адам айғайлап тұр, мейлі 100, мейлі 1000 адам болсын... Бірақ мені жүз мыңдаған, миллиондаған халық қолдаған. Тәртіпті болайық. Мына жерді ақсақалдарымыз отыр. Сіздерге барлығын айту үшін жақсы пиғылмен келіп тұрмын ғой», - деді ҰҚК басшысы.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы жер дауы 1991-жылдан бері жалғасып келеді. Дәл осындай жағдай көршілес Тәжікстанмен де қайталануда. Шекара маңында жыл сайын жерге байланысты қақтығыстар болып тұрады.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер