Жеңіл өнеркәсіп дами түсуде

3102
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көздерінен алынған
фото ашық ақпарат көздерінен алынған

Республиканың жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) 1990 жылдары жеңіл өнеркәсіптің үлесі 15 %-ды құрады. Соның нәтижесінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі КСРО-да ЖІӨнің 4%-ын берген еді. Соңғы 30 жылда жеңіл өнеркәсіп алға басудың орнына кері кетіп, бұл саланың республиканың ЖІӨ-дегі үлесі 1 %-ға да жетпей қалды.

Бұрын 200 мыңнан астам адам еңбек еткен жеңіл өнеркәсіпте қазір ресми статистика бойынша 13 мың адам қалды. Ал оның нақты жұмыс істейтіні 9,5 мың ғана. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жеңіл өнеркәсіп әлсіреп келсе, соңғы жылдары киім-кешек өндіру саласының тамырына қан жүгіре бастады. Бұл сөзімізге, Жетісу өңірінде косы кәсіпті тұрмысына арқау еткендер сеп.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында етік тігетін «Қадам КZ» атты шағын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда жылдың барлық мезгіліне арналған аяқкиімдер таза былғарыдан қолмен тігіледі.

Ерлер мен әйелдерге арналған аяқкиімдер сапалы әрі сан түрлі. Бұған дейін тек тапсырыспен жұмыс істеп келген кәсіпорын иесі Әсел Өмірбекова жуырда дүкен ашып, тамаша өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сөреге қойылған бояуы қанық дүниелер келушілер назарын бірден аударып, тіпті әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Көздің жауын алар тартымды бұйымдар шетелдің бренд тауарларынан кем түспейтіні бірден аңғарылады. Жеке кәсіпкердің былғары аяқкиімдері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі көрме-байқауларда жоғары сапасымен, ұлттық нақышта шебер орындалуымен танылып үлгерді. Оны үлкен көрмелерде шетелдіктер қызыға сатып алып жатады.

Әсел Болатқызының айтуынша, жоғары сапалы қайыс, былғары, қойдың жүні сияқты таза табиғи өнімдерден әзірленген аяқкиімдеріне бүгінде сұраныс жоғары. Мұндай бұйым аяққа жайлы, терлетпейді, жағымсыз иісі жоқ. Етіктің өзінің сан түрі шығарылады. Күнделікті киетіні де, қазақтың қошқармүйіз оюы салынып, түрлі түспен үйлесім тапқан сахналық түрі де бар. Әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп, ұнатып, арнайы тапсырыс берушілер де көп. Өзге облыстардан да хабарласып, пікір-тілектерін білдіріп жатады екен. Етіктен өзге туфлилер, жаздық жеңіл аяқкиімдердің көптеген түрі тігіледі. Сонымен қатар, мұнда шапан, камзол, көйлек, кеудеше сияқты ұлттық киімдер де дайындалады.

Кішігірім цехта өзімен бірге тағы төрт адам жұмыс істейді. Шикізат ретіндегі тері отандық және Қырғызстан, Қытай, Түркия, Ресейден алынады. Етікші-ісмерлердің қолынан шыққан дүниелер бірден осындағы сауда сөрелеріне қойылады. Өйткені шеберлердің жұмыс орны да, дүкен де бір ғимаратта, «Дархан» сауда үйінің екінші қабатында орналасқан.

Он саусағынан өнер тамған жандар былғары мен қайыстан белдік, сөмке, әмиян, ағаштан астау, тостаған, ожау, табақ сияқты неше алуан қолөнер бұйымдарын да жасайды. Олардың қызметіне жүгінушілер арасында жай адамдар да, жекелеген әртістер мен өнер ұжымдары да жеткілікті. Тапсырыс бойынша қазақ батырының бастан аяққа дейінгі барлық киімдерін тігіпті.

– Неге біздің қазақтың өзінің төл аяқкиімі жоқ деген сауал үнемі ойымда жүретін. Ақыры арманыма жеттім. Таза былғарыдан, қазақи нақышта аяқ- киімдер шығарып келеміз. Оюлы етіктердің ерекшелігі осында. Жай аяқкиімдерді кез келген сауда орнынан табуға болады, ал, менікі ою-өрнекпен, ұлттық нақышта әрленген. Осындай киімдерді әрбір қазақ кисе екен деймін. Ұлттық нақышта киінудің еш сөкеттігі жоқ. Қайта әдемі, ыңғайлы емес пе? – дейді ол.

Ұлттық нақышта етік тігуді кәсіпкер 2015 жылы бастаған. Қазақты әлемге танытудың жарқын бір жолын таңдап, тыңнан түрен салуға батыл кіріскен Әсел Болатқызы өнімдерін алдымен өз елімізге кеңінен таратсам дейді. Ол үшін өндірісін кеңейтіп, өңірлерден цехтар іске қосып, барлық облыс, аудан орталықтарынан дүкендер желісін ашсам деген үлкен жоспары бар. Биыл балалар аяқкиімін тігуді де қолға алмақшы.
Ісмерлікті игеру екінің бірінің қолынан келе бермецді. Әдетте замандастарымыз қолдан тігу немесе үйде даярланған киімнен гөрі, базардан сатып алғанды құп көреді. Есесіне, шетелдік фабрикалардың саудасын жүргізіп жүр. Ал Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылында қызметін дөңгелентіп отырған «AUL ONERI» тігін цехы өңірімізді былай қойып, өз өнімдерін республика көлемінде танытуда. Күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешектерден бөлек қазақ өнерін насихаттауда да үлкен іс атқарып жатқан цех басшылығы Нұр-Сұлтан қаласында дүкен ашып, елордалықтарға өнімдерін ұсынуда.

Округтің 20 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеме 2020 жылдың алғашқы айларында қызметін бастаған. Алдымен ауыл арасы, аудан аумағынан кішігірім тапсырыстар қабылдап, әр сала жұмысшыларына арнайы қызметтік киімдер тігумен айналысты. Әлем халқын дүрліктірген пандемия басталғаннан кейін жұмыс қолын бірден көпреттік бетперде тігуге жұмылдырды. Сол аралықта 20 мың данадан астам бетперде өңір жұртының қолына тиген болатын. Ал карантиндік шаралар қолға алына бастаған кезеңде бетперде тапшылығы белең алғанын ескерсек, бұл тәжвирусынан сақтануға қосқан елеулі үлес деп білеміз. Тек қана қаржы табудың қамын ойламаған цех басшылығы жақын ауыл тұрғындарына өз өнімдерін тегін үлестіріп, жақсылық жасауда.

Цех жұмысшылары – бұған дейін осы іске машықтанып, үй жағдайында аз-кем уақыттарын тігіншілікке арнағандар. Тірлігі тиянақты ісмерлердің ұқыптылығы отырар орындарының тазалығы мен жинақылығынан-ақ көрініп тұр. Дайын өнімдер арасында бетперделерден бөлек заманауи үлгідегі төсек жабдықтары, қыз жасауына қажетті бұйымдар бар.

«AUL ONERI» бренді өз өнімдерінің сапасы мен эксклюзивтігіне баса назар аударуда. Тек табиғи материалдармен ғана жұмыс істейді. Мақта мен жібектен жасалған велюр, атлас, қой және түйе жүні қолданылады. Бір айтарлығы, цехтың өз түйе және қой шаруашылығы бар. Жүнді шеттен жеткізбей, өздері өндіріп отыр.

– Бізде соңғы үлгідегі тігін машиналары, лазерлі құрылғылар және Жапония мемлекетінен арнайы сатып алынған түрлі іс құралдары бар. Карантиндік талаптарды ескере отырып, барлық ережелерді сақтап, қызметімізді жалғастырудамыз. Жыланды және Төңкеріс ауылдарының қолынан іс келетін тұрғындарын жұмыспен қамтып, 20 отбасының нәпақа табуына септігіміз тиіп отыр. Қызметкерлердің орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Артық міндет, қосымша жұмыс ешкімге жүктелмейді. белгіленген уақыт бойынша табысты еңбек етеміз. Қазіргі таңда ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында сапасы жоғары көрпе-жастықтар, құрақ тігіп, қазақылық болмысымызды насихаттауды қолға алдық. Кез келген істе тұрақтылық пен жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі, – дейді цех басшысы Нәзия-Жаныл Құспанова.

Бір айта кетерлігі, цех басшылығының іскерлігінің арқасында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Керуен» сауда үйінде «AUL ONERI HOME» атты дүкен ашылды. Онда цехта тігілген көрпе-жастық, сырмақ, алжапқыш, сөмке және түрлі жамылғылар сатылымда. Бәрі ұлттық үлгіде безендіріліп, өрнектелген. Бұдан бөлек, ауыл шеберлерінің шаған, емен, қарағаш, қайың секілді ағаштардан жасалған қолөнерлері, ыдыстары қойылған. Үйге арналған интерьер заттары, тіпті, ауылдың қымыз-қымыраны да осы жерден табылады. Сонымен қатар, «Лепсі өнімі» бал цехымен бірлесе отырып табиғи қоспалардан әзірленген балауыз шамдар, сан алуан хош иісті сабындар, ерін және қол бальзамдары, сусабындар бар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша аталған цех Алакөл ауданы әкімінің «Жыл үздігі» сыйлығының жеңімпазы болды.

Жуырда Талдықорған қаласынан да бұл кәсіпті дөңгелетуді мақсұт көрген шағын жеңіл өнеркәсіп ашылды. Бұл тігін цехы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен көпбалалы және аз қамтылған аналарды жұмыспен қамту мақсатында ашылды.

Бірінші кезеңде тұрақты жұмыспен 20-дан астам әйел қамтылып, бұдан әрі жұмыс орындары 30-ға жеткізілмек. Жаңа кәсіпорынды ашу облыс әкімі Амандық Баталовтың биылғы жылдың ақпан айында «Asyl Analar» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесуінде айтылған ұсыныстың негізінде қолға алынып, кездесудің нәтижелі болғанын көрсетіп отыр. Сол кездесуде облыс әкімі көп балалы аналарға тігін цехын ашуға, оған керекті орын тауып беруге, тігін машиналарын және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектесетінін айтқан болатын. Соған орай тігін цехы жұмысын бастап, бірінші тапсырысын орындауға кірісті.

Әкімнің тапырмасын орындау мақсатында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ тарапынан цех ашуға қолайлы орын таңдалып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Сол сияқты «Jack» әлемдік брендінің заманауи 12 тігін машинасы сатып алынып, 0,01 пайыз қаржылық лизингіге берілді. Тігін кәсіпорнының толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Тігін цехы аталье түрінде жұміс істейді, онда ерлер мен әйелдер киімдерін, арнайы киімдерді, қорғаныс бетперделері тігіледі, күрделі реставрациялар жасалады. Бірінші тапсырыс «Талдықорған көркейту» ЖШС қызметкерлеріне арнап жилеттер тігуге берілді.

Мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру мәселесі де шешілген. Қазір цехтың болашақ 12 тігіншісі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тігін ісінің қысқа курсында оқып жатыр. Бүгінгі күні қажетті біліктілігі бар 5 тігінші шағын фабрикада өз жұмысын бастады.

- Өзіміз сияқты аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмыспен қамту үшін тігін цехын ашу туралы ой келгенде, біз көмекке облыс әкімі Амандық Баталовқа жүгіндік. Кездесудің нәтижесінде бізге барлық тиісті көмек көрсетілді. Бүгін арманымыз ақиқатқа айналып, тігін цехы іске қосылды. Біз бірінші кезекте көп балалы аналарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтимыз, екіншіден, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқандары үшін шын жүректен ризамыз. Ісімізді дөңгелентіп, өзгелерге үлгі боламыз деп ойлаймын, - деді «Asyl Analar» қорының құрылтайшыларының бірі Талшын Туктынова.

Цехтың құрылу тарихы мен өздерінің жоспарлары жайлы аталмыш қоғамдық ұйым құрылайшыларының бірі Айгүл Жоламанова да айтып берді:

- Мен 12 жыл үй шаруасымен айналысып, мүгедек баламды қарап үйде отырдым. Бірде өзім секілді әйелдермен бірге Талдықорған қаласы әкімігінің ықпал етуімен біз қоғамдық ұйым құрамыз деп шештік. Меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегімен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетумен айналыса бастадық. Облыс басшылығының көмегімен бүгін, міне, осы тігін цехын ашып отырмыз. Тігінмен айналысу қолымыздан келеді. Ал келесі жылдары осы тігін цехының базасында оқу орталығын ашсақ дейміз. Ол үшін бізде арнайы жабдықталған ғимарат бар. Сөйтіп, біз көпбалалы аналарды өзіміз оқытып, өзіміз жұмыспен қамтимыз, тіпті жұмыспен қамту орталықтары арқылы да жұмысқа алуға болады. Қысқаша айтқанда алдағы уақытта цехты кеңейтсек дейміз. «Жетісу» ӘКК басшылығы қажетті көмекті көрсететіндерін айтып сендірді, сол қатарда жұмыс жағынан да, тапсырыс жағынан да қолдау білдіретінін айтты, - деді А.Жоламанова.

Жас маман Айгерім Асанова осы цехтан жұмыс тауып, қуанышқа кенелгендердің бірі.

- Ең алдымен «Asyl Analar» қоғамдық қорын көпбалалы аналар үшін тігін цехын ашуымен құттықтаймын. Алғашқы еңбек жолымды осы цехтан бастау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Мен бұған дейін жұмыс істеген жоқпын, балаларымды бағып-қағып, тәрбиелеумен айналыстым. 4 ұлым бар. Үлкенім 12 жаста. Кішкентайым 2 жасқа толды. Жалғызбасты анамын. Тігін өнерін мектепті бітіре сала меңгеріп алдым. Енді сол білімімді іс жүзінде пайдаға асырамын, - деді көп балалы ана А.Асанова.

Алматы облысы Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында «Ақиқат» атты аяқкиім шығаратын цех жұмыс істейді. Оның иесі – Орынгүл Баратжан атты еңбекқор жан. 1999 жылы Қытай жерінен атамекенімізді аңсап келген етікші алғашында аудан аумағындағы Тегістік ауылында тұрды.

– Ол жерде жағдайымыз қиындау болып кетті. Сосын Нарынқол ауылына көшіп келдік. Аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Кәсіпкерлік курсында оқыдым. Содан кейін арнайы жобам бойынша облыс әкімінің грантын ұтып алдым, – дейді Орынгүл өмір жолынан сыр тарқатып.

Бір миллион теңге грант ұтып алған соң кәсіпкер қосымша қаражат қосып, Кореядан бір тігін машинасын сатып алды. Содан кейін аяқкиім тігуді үйрене бастаған. Алғаш аяққа ыңғайлы мәсі тіккен. Қарымы мен қабілетінің, ізденісті еңбегінің арқасында аяқкиім тігетін жағдайға жетіпті. Қазір Орынгүл Баратжан балалардың, ересектердің аяқкиімдерін тіге береді. Әйелдер мен ерлерге екі бөлек аяқкиім дайындайды.
Кәсіпкер әйел Нарынқол ауылының орталығынан бір үй сатып алған. Соның алдындағы жаздық мекенжайды аяқкиім шығаратын цехқа айналдырған. Алғашында жұқа материалдан үлгісін жасап алып, содан кейін былғарыға көшкен. Осынау игілікті істі үйренген белді көмекшілері бар. Атап айтқанда, ағасы Серікжан Баратжанұлы, жұбайы Саят Байбалаев аяқкиім жасауға қажетті жұмыстың бәрін меңгеріп алған. Ең бастысы, аталған цех күні-түні екі ауысыммен жұмыс істейді.

– Аяқкиімге қажетті материалдарды, табан мен былғары, жіпті Ресейден, Түркиядан аламыз. Германияның желімі өте мықты. Менің басты арманым – аяқкиімнің табанын жасайтын аппаратқа қол жеткізу. Цех жұмысын ұлғайту. 10 тігін машинам болса, 30 адамды жұмыспен қамтыр едім. Сол кезде күніне 100 аяқкиім шығаратын мүмкіндігіміз болады, – дейді шебер.

Орынгүл Баратжан – ауылдағы өнегелі отбасы саналатын шаңырақтың отанасы. Шаңырағында Ақиқат, Инабат, Абай, Ақерке атты ұлдары мен қыздары өсіп келеді. Кейіпкеріміздің аяқкиім дайындап, шығарумен айналысқанына 7 жыл болыпты. Жаздық, қыстық аяқкиімдер де шығарады. Табаны ұлтаннан жасалған, былғарыдан әзірленген аяқкиімдердің бір жылдық сапалық өтінімі бар. Алты жылға дейін киіс береді. Сол үшін де Орынгүлдің аяқкиім тігіп, шығаратын цехына сұраныс көп. Жылына мың аяқкиім шығарылады. Бұл аяқкиімге деген сұраныстың барын білдіреді.

– Жеңілдетілген несиемен 30-40 миллион теңгеге қол жеткізсем, аяқкиім тігетін цех жұмысын дамытар едім, – дейді Орынгүл алдағы мақсаты туралы әңгімелеп. Қалай десек те шалғай аудандағы сапалы аяқкиім шығаратын цех жұмысына қолдау мен қамқорлық керек-ақ. Өйткені, жасаған аяқкиімдері бірден көз тартатын, көп жыл киіс беретін цех көпшілікке қызмет жасап келеді.

Жалпы соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіп саласында ілгерілеу байқалады. Тыңнан түрен салып, кәсіп ашуға ниеттілер осы салаға қызығушылық танытуда. Қалай дегенмен, отандық өнімді тұтынғанға не жетсін?!

Пікірлер