Жастардың да кәсіпкерлікке бар таласы

3390
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Жастар - болашақтың барометрі. Ескінің бір кісісі "Жасыңды көрсет, келешегіңді баяндайын" деген екен. Шынын да солай. Бүгінгі жас қандай - ертеңіміз сондай. Өйткені Ахметше айтқанда "Біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы" . Әрине, елімізде жастар саясаты ілкімді істерімен айшықталып жүр. Жастар қолдаусыз да емес. Өйткені олар ертеңіміз, кемеңгер келешегіміз. Болашаққа жанашырлық бүгіннен басталады.

Бүгінде жастардың қай саладан да ойып тұрып алған орны бар. Әсіресе, ел жастары кәсіпкерлік саласында елеулі еңбек етіп келеді. Үкімет те олардың бизнес әлеміне дендей енуіне жағдай жасап, түрліше бағдарламалар әзірлеп жүр. Соның бірі һәм бірегейі "Zhas projeсt" бағдарламасы. Мұнан өзге "Бастау Бизнес" бастамсы да бар. Бұл бағдарламалардың дені жастар арасындағы жұмыссыздықты ауыздықтауға бағытталған. Neet санатындағы жастардың көбеймеуіне септесіп жатқан бағдарламаларды жан-жақты насихаттау, сол бағдарламаның игілігін көріп, кәсіпкер жүрген жастарды үлгі ету қажет-ақ.
Жалпы Жетісу өңірінде жастарға қолдау көп. "Жанамын" деген жастарға өңір атқамінерлері жалын береді. Мәселен, Ақсу ауданы Алтынарық ауылының тұрғындары Динара Талапқызы, Назерке Жетпісбай, Әдемі Алмасовалардың кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетуге бір қолдау қажет еді. Бойжеткендер бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Олар қомақты соммаға «Zhas Рroject» жобасы арқылы қол жеткізген.
18-20 жастағы бойжеткендер І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгерлері. Олар «Тәтті-TIME» кондитерлер мектебін ашу жобасын сәтті қорғап, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл бастаманың мақсаты – жұмыссыз қыз-келіншектерге түрлі кондитер өнімін пісіріп қана қоймай жаңа рецептерді ойлап табуға, пісіру және әрлеу өнерін жетік меңгеруге мүмкіндік береді.

«Zhas Рroject» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобаларын назарға алатын гранттық конкурс жеңімпаздарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік береді. Әр жобаға 1 миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға 5 ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы тағайындалды. Топ мүшелері 5 ай ішінде өз жобаларын жүзеге асыра алады. Ал жоба аяқталған соң дайын өнімдерді сатып, кәсіпкерлікпен айналысуларына мүмкіндік болады.

Қыздар бүгінгі күні жобаны сәтті іске асыруда. Тәтті дайындауға ынталы 50 қыз-келіншектің тізімін жарақтады. Олардың басым көпшілігі көпбалалы, жұмыссыз, аз қамтылған отбасы мүшелерінің нәзік жандары. Бүгінде жас кәсіпкерлер өнімін шығарып, көпке үлгі болып жүр.
«Zhas Project» жобасы арқылы кәсібін бастағандардың бірі Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылында тұратын Марғұлан Жолшыұлы. Бастама барысында 1 миллион теңге көлемінде грант ұтып алып, ұстахана ашқан еді.

Халқымызда «Ата көрген оқ жонар», «Ат тұяғын тай басар» деген жақсы тәмсіл бар. Марғұланның әкесі Жолшы Терлікбаев – шебер ұста. Әсіресе, қыс маусымында Жолшының соққан таға, шегесін тұтынатын тұрғындар көп.

Марғұландай жас өрен әкесінің қасында қолқанат бола жүріп ұсталықты меңгерді. Қолынан келетін дүниені кеңейту үшін «Zhas Project» жобасынан бағын сынап көреді. Асығы алшысынан түскен ол грант иегері атанып, қаражатқа ұстахананың жұмысын жандандыруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Жас шебердің Ертай, Дархан, және Дәуен атты көмекшілері бар. Үшеуіне де алғашқы уақытқа 5 ай шәкіртақы төленген еді.

– Темірден таға, шеге, үйдің тіршілігіне қажетті қалақ, қысқаш, көсеу сынды тұрмысқа қажетті заттарды жасап жүрмін. Осындай жобаның мүмкіндігін қолданып, ойымда жүргенді іске асырдым. Болашаққа жоспар көп, – дейді Марғұлан Жолшыұлы.

Он саусағынан өнер тамған шебер Марғұлан күмістен сақина, білезік, қыздардың әшекей бұйымдарын да жасайды екен. Ағаштан ер-тоқым, ат әбзелдерін жасау да қолынан келеді. Мұның барлығы – жақсылық, ауыл тіршілігіне қажетті дүние. Рас, кей ауылдан ұстаны, ұстахананы таппайсың. Марғұлан ашқан ұстахана Қақпақ пен Көкбел ауылы тұрғындарының қажетіне жарап тұр.

Кәсіп ашып, тірлік етемін дегендерге қолдау бар. Кей жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алмай, білімі мен білігін пайдаланып кәсіп етіп жүр.  Солардың бірі Қарабұлақ кентінің тұрғыны Әли Бамишин. Ол тұрмысқа қажетті жиһаз жасаумен айналысады.

Кез келген үйді, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес. Себебі әдемі жиһаз – үйдің сәні. Осыны түсінген жас кәсіпкер заманауи үлгідегі жиһаз жасауды қолға алған. Әкесімен бірге жиһаздың барлық түрін дайындайтын Әлидің шағын шеберханасы нағыз еңбектің алтын ордасына айналған.

– Әрбір адамға мамандық керек. Замандастарымның қолында табақтай-табақтай дипломдары бар. Алайда көпшілігі жұмыссыз. Бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті. Бірақ қазір «алма піс, ауызға түс» деп отыратын уақыт емес. Қолдан келгенше тіршілік жасап, нәпақамызды табу тек өзімізге байланысты. Сондықтан, барша адамды еңбек етуге шақырамын. Ата-анамның қолдауымен осы кәсіпті бастағаныма өте қуаныштымын. Шаңыраққа қажетті жиһаздың барлық түрін жасаймыз. Жалпы, кәсіпқой маманға айналу үшін кем дегенде сол істе 5 жыл тер төгу керек. Сонда ғана жасалған өнімнің сапасын салыстыра аласың. Бұл жұмыс аса тиянақтылықты, ептілікті талап етеді, – дейді кәсіпкер.

Жас шебердің айтуынша, бір қараған адамға кәдімгі тақтай болып көрінген дүниенің қиюын келістіріп, әдемі жиһаз етіп шығару оңай шаруа емес.

– Әр саланың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Сол секілді жиһаз жасаудың да өзіндік қыр-сыры бар. Осы кәсіпті дамытуға бар күшімді салып келемін. Жасаған жиһаздарымды тұтынушылар мақтап жатады. Бұл біздің мерейімізді өсіріп, жұмысқа деген ынта-жігерімізді оятады. Әкем екеуміз талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін күндіз-түні жұмыс істеп, барымызды саламыз. Ендігі мақсат – кәсібімізді дамыту. Болашақта жаңа технологияны қолға алып, жаңа жиһаз түрлерін шығаруды қолға алуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Әли Болатбекұлы тұтынушылардың әлеуеті орташа болғандықтан, баға да алдын ала келісім бойынша жүргізілетінін айтты. Негізінен, асүй мен кіреберіс бөлмелердің жиһаздарына, сондай-ақ, үстелдерге, орындықтары бар үстелге тапсырыс көп. Нарық заманына байланысты ас бөлмеге арналған ең арзан жиһаз құны 90 мың теңгеден басталады.

Қызығушылығын кәсіпке айналдырғандардың бірі – Альфия Дүйсенбінова. Оның қолдан сыйлық жасау өнері (handmade) жеке хоббиі болатын. Ол халыққа ерекше сыйлықтар ұсынуды ойластырып, қолдан жасалған түрлі бұйымдар шығара бастайды.

Халықтың сұранысын байқаған Альфия қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлайды. Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» оқу курсына қатысып, кәсіпкерлік әлеміне  бағыт алған ол өз идеясын инновациялық грантқа ұсынды. Нәтижесінде, грант иегері атанып, берілген қаражатқа осы бұйымдарды жасап шығаруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазіргі уақытта шағын дүкен ашып, өз бұйымдарын ұсынып жүрген жас кәсіпкер мемлекеттің беріп жатқан көмегіне дән риза.

– Біз, ең алдымен, өз көзқарасымызды өзгертуіміз керек екен. Жақсы ойлар нәтижелі жұмыстың негізі болатынына көзім жетті. Осы хоббимен айналысып жүргенде мемлекеттен көмек алуға болады дегенге еш сенбейтін едім. «Бизнес бастау» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздері туралы ақпарат алдым. Содан кейін қызығушылығымды кәсіпке айналдыру мақсатында жобамды инновациялық грантқа ұсындым. Грант иегері атанғаныма қуаныштымын, – дейді Альфия Қайратқызы.

Жас кәсіпкердің бойына тігіншілік пен қолөнер анасы Света Ақболатовадан дарыған көрінеді. Мектеп кезінен ән мен биге жақын болған ол 7-сыныпта өзі өзбек халқының ұлттық киімін тігіп, соны киіп өнер көрсеткен. Тіпті, 4-сыныпта ұстазы Гүлнар Сырымбетованың пластилиннен жасаған гүлін мақтағаны оның қолөнерге деген қызығушылығын оятқандай. Балалық ынтызарлық хоббиіне айналып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп, жеке кәсіпкер атануына сеп болды.

«Бизнес бастауға» қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грант қаражатына іс машинасы, маникен, жұмыс үстелі, орындық, үтік сынды қажетті заттар мен материалдар сатып алады. Оған қосымша 300 мың теңгеге несие рәсімдеп, алғашқы салым ретінде салды. Алғашында қолда бар мата, қағаз бен моншақтан 2 гүл, 2 шашқа тағатын бұйым жасап, “Инстаграмдағы” парақшасына суретін жүктейді. Ол бұйымдары аз ғана уақыттың ішінде сатылып, жаңасына тапсырыс түсе бастайды. Осылайша ол жалға орын алып, шағын дүкен ашты. Жұмысының ілгері басқанына 5 айдай уақыт болған.

– Жоғары оқу орнын мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бойынша аяқтадым. Балабақшада да жұмыс істедім. Сол кездері ай сайын кемінде 1-2 ертеңгілік ұйымдастыратынбыз. Балақайларға жалға болсын түрлі, әдемі нақыштағы көйлектер іздеу қиыншылық туғызды. Содан ол да өзімнің көптен бері ойлап жүрген арманымды қамшылай түсті. Енді, міне, 10-сыныпқа дейінгі оқушыларға тапсырыс бойынша әр ұлттың киімдерін тігемін. Дайындарын жалға өткіземін, – дейді жалғызбасты ана.

Түрлі-түсті лентадан жасалып, әдемі қағазға оралған гүлдің екі құшағын жасау үшін бір күн уақыты кетеді. Бағасы да қолжетімді. Жұмыстың қиындығына байланысты 1500 теңгеден басталады. Одан бөлек, қыздарға арналған әшекей-бұйымдарын таза хрусталь, сваровский тастарымен көмкереді. Сатып алушының қалтасына да қараған ол тек қолданған заттарының ғана бағасын есептеп, өзінің еңбегін қоспай сатылымға шығарады.

- Ұлттық қолөнерді дамытқым келеді. Үйренемін деушілерге әрдайым есігі ашық мектеп ашуды жоспарлап отырмын. Қазір жалға бергенге деп кейбір киімдерді сатып аламын. Сатушылардан отандық өнім бе деп сұрасаң, Қырғызстан, Қытай деп жауап береді. Қазақстаннан тек тапсырыс бойынша ғана жасай алады. Мен бұл олқылықтың орнын толтырып, отандық өнімді шығарсам деймін. Киімдерді де қазіргі уақытта реставрациямен ғана айналысып жүрмін. Енді әдемі нақышта, әдемі киімдер тігіп үйренуді көздеп отырмын, – дейді жас кәсіпкер.

Альфияның болашаққа құрған жоспарлары да ауқымды. Тігіншілікті өзі үйренген ол өзінің шеберлігін одан сайын шыңдап, бар білгенін үйреткісі келеді.
Елдегі жағдайға қарамастан Альфияның жұмысы тоқтаған жоқ. Ол үйден тапсырыс қабылдап, айналымға салған қаражатының бір бөлігін болсын шығарып отырды. Ең қынжылатыны – көбінің қолөнерді бағаламауы.

- Дүкенде тұрған уақытта көпшілігі шаш бұйымын сұрағанда, фирманың тауары екен деп қалады. Тіпті, қолдан жасалған құшақ гүлдерді көріп, мұрындарын тыжырайтқандары да кездесті. Десе де, кейбірі қолдан жасалған сыйлықты сыйласаң, өмір бойына естелік емес пе деген сөздері жанымды жылытады. Жұмысымның зая кетпегенін білдіреді, – дейді.

Бұйымдары ерекше қыздың өмірлік ұстанымы да ерек. Оның айтуынша, ешкімге ақталып, өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеудің қажеті жоқ.

- Бастысы, шүкіршілік ете білу керек. Одан кейін өзіңе деген сенімділік пен сабыр қажет. Қиыншылық әр адамның басында кездеседі, - дейді кәсіпкер бойжеткен.

Кәсіпкерлік - ел экономикасының маятнигі. Бизнес дамыса - ел өрісі кеңейеді. Әрине, жастардың кәсіппен шұғылдануы қөз қызығарлық. Өйткені жастар - прогресс. Ал прогресс әдетте өркендеуге сеп. Жетісу өңірінде прогресс жастар көп. Себебі жұмақ мекенде жастарға қолайлы орта түзіліп, қолдау артып келеді. Қолдау бар да өркендеу бар.

Пікірлер