Қазақстандықтар мемлекетке 30 млрд теңге қарыз

753

Елімізде бір миллионнан астам адамның көлік салығы бойынша қарызы 30,7 миллиард теңгені құрайды. Қарыздың ең үлкен сомасы Алматы қаласына тиесілі. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

«Жалпы республика бойынша 1 миллионнан астам адамның мемлекет алдында қарызы 30,7 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 26,8 миллиард теңге – қарыздың негізгі сомасы, қалған 3,8 миллиард теңге өсімпұл есептелген», - делінген хабарламада.

Хабарламада берешектің ең үлкен сомасы Алматы қаласында тіркелгені де айтылған. Алматы қаласының тұрғындары 6,1 миллиард теңге салық төлемеген. Екінші орынға Алматы облысы орналасты. Бұл өңірдің көлік иелері 4,8 миллиард теңге қарыз болып шықты. Ал Нұр-Сұлтан қаласы қарыз мөлшері бойынша алғашқы үштікті аяқтайды. Бұл қаланың жүргізушілері мемлекетке 3 миллиард теңге беруі керек.

Борышкерлер саны бойынша антирейтингті Алматы облысы бастап тұр: 165 мыңнан аса адам салық міндеттемелерін орындамаған. Екінші орында - Алматы қаласы. Онда борышкерлер саны 107 мыңнан асады. Алғашқы үштікті Түркістан облысы аяқтады: 104 мың адам.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы