Өзгешелігім басты күшім

3079
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы ted X конференциясында сахнаға шығып, «ерекшелігім – басты күшім» деген Ақниет Аманжолқызы бүгінде Hola news ақпараттық порталының журналисті. Өзгелерден айырмашалығын ерекшелігі ретінде қабылдайтын арумен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- 2019-жылдың мамыр айында Семей қаласында өткен ted X конференциясында шақырылған қонақ ретінде сахнаға көтерілдіңіз. Сол кеште «ерекшелігім басты күшім» деген сөз айтыпсыз.  Осы ерекшелігіңіз жайлы айтып бересіз бе?

- Жалпы адамдар бір-біріне ұқсамау, ерекшелену үшін шашын бояп, стиль өзгертіп, не болмаса денесіне түрлі суреттер салып жатады ғой. Ал маған ондай еш нәрсе істеудің қажеті жоқ, себебі Алла мені о баста-ақ ерекше етіп жаратты. Және сол ерекшелігімнің арқасында қайда бармайын, бірден көзге түсіп, көптің есінде қаламын.

Меніңше, адам өз бойындағы ерекшеліктен қорықпауы керек. Бастысы сол ерекшелікті кемшілік санамағаны жөн. Мәселеңкей, менің сізден айырмашылығым кішкене ғана қолымда. Оң қолым өзгенің шынтақ тұсы келетін жерге дейін ғана жетіп, әдеттегідей бес емес, үш саусақпен бітеді. Бұдан еш қысылмаймын. Ұялмаймын да. Бала күнімде «өзгеде қол бар болса, менде тауықтың аяғы бар» деп ойнаушы ем.

- Балалық шақ бөлек шақ. Өмірге көзқарас та бөлек. Қандай бала болдыңыз? «Балалық шақ» десе ең бірінші нені еске аласыз?

- Өте ашық, тынымсыз бала болдым. Тіпті кез келген жерде өз ойын айтып қалғысы кеп тұратын бала болдым десем де болар. Бұл көбіне «Ал сен не ойлайсың? Сен не қалайсың? Бұл саған ұнай ма, әлде қарсысың ба?» деп ылғи ойымды сұрап, менімен санасып отыратын ата-анамның арқасы деп ойлаймын. Болашақта мамандық таңдауыма да сол ойымды ашық айта білуім әсер етсе керек.   

Тағы бір естен кетпейтін естелігім бар. Көбіне аналар балаларын «алтыным, күнім, ботам» деп еркелетіп жатады ғой. Ал менің анам мені «шолағым» деп еркелететін. Мен үшін бұл мына әлемдегі ең мейірімді сөз болып көрінетін. Мектепке барған алғашқы жылы өзім қатарлас балалар «ана қызға қараңдар, бір қолы жоқ. Шолақ екен» дейтін кездер болды. Мазағы ғой. Бірақ мен үшін ол сөз жылы болған соң, тарапымнан еш реніш болмады. Бұл анамның көрегендігі болса керек.

Анам бастапқыда «шолағым» деп атай бастағанда ағайын-туыс бір ауыздан «мұның жөн емес» деген екен. Бірақ анам қайтпапты. Сонысына алғысым шексіз. Себебі балалар шынайы, олар ересектер сияқты жалған сөйлей алмайды. Олар көргенін айтады. Өзімнің де талай зағип жаннан неге қара көзілдірік тағатынын сұраған кезім болды. Бұны қатыгездік емес, тазалық дер ем. Сол сияқты менің де әйтеуір бір күні бұл сөзді естірімді білген анам соған алдын ала дайындап үлгерді.

- Қазіргі күні «Hola news» ақпараттық порталының журналистісіз. Бұл салаға қалай келдіңіз? Өз таңдауыңыз ба?

- Жоғарыда айтып өткендей мінезім бөлек болды. Ойымды ашық айтып, соныммен қоғамға пайдалы болғым келетін. Сол мінезіме сай мамандық іздеуіме тура келді. Өзіме журналистика саласында еркіндік бар көрінетін. Бала күннен әдебиетке жақындығымды көрген соң, айналамдағылар да «журналист болғаның жөн» деп жүрді. Мектеп бітіргенше үйде «Ұлан» газетінің саны үзілмейтін. Соларды бойыма сіңірдім деп ойлаймын. Жазуға деген махаббат та сол кезде оянса керек...

- «Hola news»-ке бірден келген жоқсыз. Жұмысқа тұра алмай, біраз жүргеніңізді естідім. Қандай қиындықтар болды? Сол жайлы айтып беріңізші.

- Кедергі көп болды. 2016-шы жылы әл-Фараби атындаға жоғарғы оқу орнының журналистика факультетін бітірдім. Бірақ екі жыл өз мамандығыммен жұмысқа кіре алмай, әр жерде жұмыс істеуіме тура келді.

Журналист бола алмауыма бір ғана кедергі болды. Мысалы бірде аты дардай мемлекеттік телеарналардың біріне жұмыс іздеп келдім. Қарсы алған редакторым «сізді жұмысқа алу арқылы біз қандай да бір заң бұзбаймыз ба?» деп сұрады. Дәл сол кез президенттің «мүгедектігі бар жандарды жұмысқа тарту керектігі туралы» жарлығы шығып жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Несін айтайын, мені жұмысқа алмады. Дәп сол мекемеде істеуден өзім де айныдым.

Одан кейін де көптеген қызық жайттар болды. Мәселеңкей, көбіне мекеменің электрондық поштасына жолдаған өзімді таныстыру мақалам көңілден шығып, «келіңіз, сізді жұмысқа қабылдаймыз» деп хабарласатын. Алайда өзімді көрген соң, кешірім сұрап, өзге журналистті алып қойғандарын айтатын. Бірақ сайттарына кірсең, дәл сол ваканция ұзаққа дейін бос тұратын. Арасында «сізге жұмыс қиын болар, компьютерде жаза алмайтын боларсыз» дегендей себептерін ашық айтатындары да болды. Бұндай жағдайға тап бола беру жаныма батқан соң, ақыры резюмемнің аяқ жағына «3-ші топ мүгедегімін. Оң қолым өте кішкене. Егер сіздер үшін бұл кедергі болса, кездесуге шақырмауларыңызды сұраймын» деген жаңа жол қосып қойдым. Міне осыдан кейін шақырту мүлдем сиреп кетті десем болады.

Есесіне араға біраз уақыт салып, Hola news хабарласты. Ол кезде портал әлі ашылмаған жоба болатын. Сол күннен бері сол жерде істеймін.

- Hola news сізге не берді? Не үйрендіңіз?

- Көбіне біздің көтеретініміз ел ішіндегі саяси-әлеуметтік мәселелер. Шамамыз келгенше, ащы болса да, шындықты ашық жазуға тырысамыз. Өзім қалағандай еркін, батыл жаза білуді үйренсем керек.  

- Әзілге жақындығыңыз, әсіресе өзіңізге сатирамен қарайтының неден? Табиғатыңыздағы бұл мінез кімнен берілді деп ойлайсыз?

- Жалпы әкем де, шешем де қалжыңға жақын. Меніңше, өзіңді аяғаннан гөрі, өміріңе күле қарау бүкіл қазаққа тән қасиет сияқты. Және мен Ник Вуичичтың лекцияларын көп тыңдадым. Соның өз басындағы қиындығын аянышпен емес, әзілмен жеткізгені қатты әсер етті. «Онсыз да әлем үшін мүгедектер аянышты көрінеді. Солардың бірі болуым міндетті ме? Әлде адамзатқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлағым келе ме?» деген ой келді. Жауабын өзіңіз де ұққан боларсыз...

- Көпшілік алдына шығудан еш именбейсіз? Сахна да сізді сүйетін көрінді. Тед х-тен өзге қандай сахналарға шықтыңыз?

- 2-ші сыныптан бастап, сақынаға шығып келемін. Мектепте әдебитеттен болған бір де бір мүшәйра, жарыстан қалып көргем жоқ. Мен мектепте оқығам жоқ, тек жарыстарға қатыстым десем де болады. (Күле) Сақынада өзімді еркін сезінуіме сол негіз болды.

- Болашаққа деген мақсатыңыз қандай? Өзіңізді қайдан көресіз?

- Өзімді тек журналистикадан көремін. Еркін жазуыма еш кедергі болмаса екен деймін. Қазіргі күні әріптестерімнің көбі өзім шамалас жастар. 20-26 жас шамасы. Біз тәуелсіз елде тудық. Соған сай арманымыз тәуелсіз БАҚ құру. Тәуелсіз журналистер қатары артса екен дейміз. Менің де мақсатым сол.

- Ұстанымдарыңыз ерекше. Адамға рух береді. Көпке үлгі боларлық адамсыз. Оқырманға айтар тілегіңіз бар ма?

- Ең біріншіден адамдар өздерін қабылдаса екен деймін. Себебі өзіңізді өзіңіз қабылдамай, өзгеге мойындату мүмкін емес. Балаңыз мүгедек болса да, қабылдауыңызды сұраймын. Себебі кемшілігі, ерекшелігі, артықшылығы бар баланы ең бірінші ата-ана қабылдамаса, ол өзін өзі қабылдай алмайды, және қоғам да оны істей алмайды. Өкінішке орай, біздің қоғамда АҚШ-пен Австралиядағыдай «мүгедектігі бар балаңызды мектепке неге бермей отырсыз?» деп сұрап, ешкім есігіңізді қақпайды. Өзіңе өзің сенбесең, өзіңді өзің сүйремесең, өзіңді өзің көтермесең болмайды. Өзіңізге өзіңіз көмектессеңіз екен. Қол жаюдың да қажеті жоқ. Адам өз өмірінің қожайыны. Адамдар соны түсінсе екен деймін. Себебі өз көргеніммен айтар болсам, өзім тұрған ауылда менімен қатар 30 шақты мүгедек бала болды. Өкінішке орай соның ішінде оқу қуып, жоғарғы білім алғаны мен ғана. Мектепті де көбі үйден оқыды. Былай қарасаңыз, ол балалардың мектепке барып, қоғамға бейімделуіне еш кедергі жоқ еді. Олар да өз күнін көріп үйренер еді. Соны ата-аналар түсініп, балаларына сенсе екен деймін.

                                      Сұхбаттасқан: Торғын ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер