731: Қытайды зар еңіреткен жапон жасағы

8521
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде Қытай Халық Республикасы мен Жапония арасындағы қарым-қатынас тым шиеленіскен қалыпта. Оған аймақтық бәсекелестікпен қатар, «тарихи тыртықта» өз әсерін тигізгені тағы бар. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Жапония Қытайға басып кіріп, 1932 жылы оның солтүстік-шығыс өлкелерін қан қақсатса, 1937 жылы астанасы болған Нанкинді басып алып, халқын қырып-жойды. Осы тарихи оқиғалардың арасында ерекше жантүршігерлік жасақта өз рөлін еселеп орындады.

Ол «731 жасағы». Солтүстік-шығыс Қытайда қуыршақ Маньчжоу-го мемлекеті құрылып, оның басында тақтан тайдырылған Қытай императоры отырды. Әрине, ол да қуыршақ болатын. Өйткені ол жапондар не айтса соны орындайтын еді. 1932 жылы Жапония Қытайға агрессия таныта бастаған сәтте аталмыш «731-жасақ» дүниеге келді.

Биньцзян провинциясының Пинфан ауылында орналасқан жасақтың арнайы лабораториясы мен үлкен зерттеу кешені болды. Жасақтың басты мақсаты биологиялық қару түрлерін шығару және оны император әскерінің жеңісіне арнау еді.   Осылайша адамзат тарихындағы ең қанқұйлы жасақ өз жұмысын бастап кетті. Барлығы да 1926 жылы басталған еді. Жапон императоры Хирохито ғылым мен білімнің күшіне сенді, сол себепті де ол «Сева» ұранын таңдап алды. Яғни «рухтанған әлемнің дәуірі» болуға тиіс деп есептеді. Ол ғылымның бір мезетте миллиондарды қырып жіберетінін жақсы білді, оның ішінде биологиялық қару түрлеріне басымдық беру керек деп санады.

Император оны жақсы түсінді. Өйткені оның негізгі мамандығы биолог болатын. Императордың идеясы лезде қолдау тапты. Жапон ғалымдары мен әскерилері дереу арада аталмыш мақсаттағы жасақ құруды бастап кетті. Ол жасақтың басшысы ретінде жапон полковнигі және биолог Сиро Исии таңдап алынды. Сиро Германия, Италия, Франция мен КСРО сынды елдерге барып, биология саласындағы жаңалықтарымен танысты, жаңа технологияларды көріп, тәжірибе жинады. Аталмыш елдерден келген соң, Сиро императорға баяндама жасады. Баяндамасында ол: «Артиллериялық снарядтар сияқты биологиялық-бактериологиялық қару адамды бірден өлтіре қоймайды. Алайда ол өз құрбанын ұзақ әрі аяусыз қинап жанын алады. Жарылғыш снарядқа қарағанда биологиялық қару бір мезетте бірнеше мың адамды жанап өтеді. Ол дегенің сөзсіз өлім деген сөз» – деп жаңа қару түрінің артықшылықтарын тәптіштеп айтты. Жапон императоры мен оның жанындағы қолбасшылары тұрып шапалақ қағып, «Жапонияның өз биологиялық қаруы болуға тиіс» деген шешімді нақтылады. Жасақ Пинфанда орналастырылып, 150 ғимараттан тұратын үлкен зерттеу кешенімен қамтамасыз етілді. Оның өз әуежайы, арнайы қорғаныс жүйесі мен қорғау жасақтары болды. Жасақта Жапонияның ең үздік ғалымдары қызмет етті. Жасақты Қытайда орналастырудың бірнеше маңызды себептері болды.

Біріншіден зерттеу жұмысынан қателік кетіп, қауіпті ауру түрі бақылаудан шығып кетсе, онда Жапонияға қауіп төнетін еді.

Екіншіден жасақты Қытайда ұстау құпиялық деңгейіне кепілдік берді.

Үшіншіден ең маңыздысы, Қытайда тәжірибеден өткізуге «тегін материал» жеткілікті болды. Олар жергілікті қытай халқын ағашқа, томарға теңеп, оларға аяусыз сынақ жасай берудің еш әбестігі жоқ деп санады.

«Біз оларды «томар» деп атадық. Ал томар қалайша адам болмақ? Сондықтан жасақта оларға аяушылықпен қараған сарбаз да, ғалым да табылмады. Барлығы да томарды құрту қалыпты жағдай, заңдылық деп санады» — деп жауап берген еді тергеу барысында жасақтың бір мүшесі. Зерттеу орталықтарында түрлі сынақтар жасалынды. Басып алынған Қытай аймақтарынан бала, әйел, жігіттер жеткізіліп, оларға түрлі сынақтар өткізілді. Басты талап, барлығының да дені сау болуға тиіс.

Ең көп зерттеу чуманың түрі мен күшін артыруға жұмсалды. Бұл міндетпен Сиро Исиидің өзі тікелей айналысты. Нәтижесінде ол әдеттегі чумадан 65 есе қуатты жаңа вирус түрін ойлап тапты. Әрине оның барлығы да қытай тұтқындарына сыналып, ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Сынақтар көп жағдайда бір сценарий бойынша жүрді. Алдымен тұтқынға жаңа вирус түрін егіп, оны арнайы камераға қамап, бірнеше күн бақылайтын. Мұндай камералар зерттеу орталықтарында өте аз және көлемі өте тар болғандықтан, онда кейде бірнеше адамды бірге қамайтын еді. Бірнеше адам бір камераға тоғытылған сәтте, оның ішіндегілер тіпті қозғала алмайтындай тығыздықта тұратын. Олар вирус нәтижесінің қалай болып жатқанын бақылау үшін, арнайы бақылау терезесінен қарап отыратын. Артынша адамдарды тірідей сойып, ішкі ағзаларының қаншалықты өзгеріске ұшырап жатқанын өз көздерімен көріп, қорытынды жасайтын.

«Бактерия немесе вирус түрін емес, газды қолдану арқылы сынаққа ұшырағандардың жолдары болды дей беріңіз. Өйткені олар бірнеше күн қиналмай, әп-сәтте жан тапсыратын еді» — деп жазды Сиро Исии өз күнделігінде.

«Біз бұл зерттеу жұмысымыз арқылы, адам мен кептердің газға деген төзімділігі бірдей екенін анықтадық. Кептер өлген газ түрлері мен олардың қолданылу көлеміне, адам да өлетін болып шықты. Ипритті қолданған сәтте адам ағзасы іріп, толықтай сарғыштана күйетінін көрдік. Бұл жаңа белес» – деп ой қорытындылайды Сиро тағы бір естелігінде. Жапон басшылығы жасақ жұмысының нәтижесіне көздері жеткен сәтте, ондағы бактериологиялық қару түрлерін АҚШ пен КСРО-ға қарсы қолдануды жоспарлады. Ондағы бактерия көлемінің көптігі соншалық, егерде оны сәтті қолдана білгенде, онда адамзатты толық жоюға күші жететін еді. Мұны кейіннен ЦРУ-да дәлелдеп, құпия зерттеулер қатарына қосты.

1944 жылы Жапония вирус пен бактерия түрлерін АҚШ-қа әуе шарлары арқылы жіберуді жоспарлап, дайындықты бастады. Алайда соңғы сәтте жапон премьері Тодзе бұл жоспарды іске асырудан бас тартты. Өйткені бұлай болған жағдайда АҚШ жапон халқын толық жойып жіберуі мүмкін деп түсінді.

«731 жасағы» тек қана биологиялық қару түрлерімен айналысқан жоқ, сондай-ақ түрлі медициналық эксперименттерді де жүзеге асырды. Мысалы 600 адамға сынақ жасау арқылы олар 26 түрлі ауру түрін қалай емдеу керектігін түсінді. 47 ауру түріне ота жасауды үйренді.

Сонымен қатар жасақ ғалымдары адамның түрлі сынақтарға төзімділігін білгісі келді. Сөйтіп 2000 қытай азаматына түрлі жантүршігерлік сынақтарды жасады. Мысалы олар үсіп қалған адамды емдеудің ең ойтайлы жолы, оның үсік шалған мүшесін кесу емес, керісінше Фаренгейт шкаласы бойынша 122 градус суға салу екеніне көз жеткізді. Оны сынақ жасау арқылы анықтады. Минус 20 градуста олар адамды далаға шығарып, аяқ-қолын суға салып қойды. Үсіген сәтте өз сұмдық сынақтарын іске асыратын.

Ал кейбір жандарды тірідей мумияға айналдырды. Ол үшін адамды ылғалдылығы өте төмен немесе мүлде жоқ камераға қамап қойды. Салдарынан камерадағы адам қатты терлеп, шылқыған суға айналатын. Адам толықтай тері шығып, өлген сәтте, оның денесін өлшеп, жаңа ғылыми жаңалық ашты. Адамның салмағы 100 келі болса, мүрденің салмағы бар-жоғы 22 келі тартатын. Сөйтіп олар адам денесінің 78% судан тұрады дегенді ғылыми тұрғыдан алғаш болып дәлелдеді.

Тағы бір сұмдық зерттеуді олар вакумдық камераларда жасады. Ондағы қаза тапқандардың қиналысын елестету мүмкін емес. «Вакумдық барокамераға біз «томарды»(қытайлық) салатын едік. Сөйтіп одан біртіндеп ауаны сорып, оттегін азайтатынбыз. Салдарынан сыртқы ауа қысымы мен адам ағзасының ішкі ауа қысымы артып, адамда түрлі өзгерістер басталатын. Ең бірінші болып адамның екі көзі сыртына шығып кететін. Артынша ішектері жыланша ирелеңдеп сыртқа шығатын, содан кейін адам тірідей аталып кететін еді» — деп жазды жасақ ғалымы болған Харуки Йоно. Осы зерттеу түрі арқылы олар жапон ұшқыштарына көтерілуге болатын биіктік деңгейін анықтап берді.

Ешқандай ғылыми негізге сүйенбеген зерттеулер мен сынақтар да жасалатын. Мысалы адамды тірідей көму, өртеу немесе адам денесіне жылқының, маймылдың қанын құю.

Қанқұйлы жасақ 1945 жылы 11 тамызда жойылды. Анығы өз еркімен жұмыстарын тоқтатып, Қытайдан Жапонияға эвакуацияланды. 1945 жылы 9 тамызда КСРО Қытай жерінде Жапонияға қарсы әскери операцияларын бастады. Осы кезде «731 жасағы» зерттеу кешенін толықтай талқандап, тірі қалған тұтқындарды бірін қалдырмай атып, газбен тұншықтырып көзін жойды. Зерттеу қағаздарын өртеп, ең маңыздыларын өзімен ала кетті. Кейіннен ол құжаттарды АҚШ-қа табыстап, өздерінің бас кепілдігін сатып алды. Осылайша жасақтағы ғалымдар өз сынақтары мен адамзат алдындағы сұмдық қылмысы, 12 мың адамның құрбандығы үшін жазасыз қалды. КСРО-ның қолына түскен 11 ғалым ғана өлім жазасына кесілді. Жасақтың қалған 3 мыңға жуық ғалымдары мен зерттеушілері соғыстан кейін АҚШ пен Жапонияда түрлі ғылыми мекемелерді ашты. Ал Сиро Исии 1959 жылға дейін Жапонияда еш алаңсыз өмір сүріп, Токиода өз ажалымен қаза тапты. Бүгінде Қытайда бұл жасаққа қатысты үлкен негативтік көзқарас бар. Ресми Бейжің Жапония әлі күнге аталмыш залымдығы үшін кешірім сұрамағанына өкпелі.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер