Қазандағы қанды қырғын: оқушыларды өлтірген қылмыскер туралы тың ақпарат шықты

4765
Adyrna.kz Telegram

Мектептегі қырғын. Мұздай қаруланған бозбала орта білім ордасына баса көктеп кіріп, сегіз адамды атып тастады. Оқушылар жанұшыра жан-жаққа қашып, есікке сыймағаны үшінші қабаттың терезесінен секірген. Қаннен-қаперсіз жұмыс күнінде қас пен көздің арасында мектепті азан-қазан қылған Қазандағы қанды қырғын жайлы "Адырна" ұлттық порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мектептің маңындағы тұрғындар әуелі не болғанын түсінбеген. Тарс-тұрс еткен дыбыстарды естіп, телефонға түсіріп тұра беріпті. Дәл осы кезде білім ордасының ішінде жеткіншектер бірінен соң бірі оққа ұшып жатыр еді.

Жоғары сыныпта оқитын қаскөй бір мұғалім мен бес оқушыны жайратып тастап, ары қарай ата берген. Аман қалу үшін үшінші қабаттың терезесінен секірген балалардың екеуі асфальтқа құлап, сол жерде тіл тартпай  кеткен. Тағы 20-ға жуық адам жараланды. Төртеуі жансақтау бөлімшесінде жатыр.

Оқушының анасы:

Нақты ештеңе білмейміз, автоматтың даусы естілді. Артынан жарылыс болды дейді. Жараланғандар көп деп естідік. Ештеңені түсініп үлгерместен, бәрі қаша жөнелді. Сосын күштік құрылым өкілдері іске кірісті».

Қатарластарына автоматтан оқты қарша боратқан қандықол 19 жастағы Ильназ Галявиев болып шықты. Қылмыс жасамас бұрын арам ойы туралы әлеуметтік желіге жазған да екен. Бірақ ешкім мән бермегенге ұқсайды. Ол адамдарды биологиялық қоқысқа теңеп, әлемді тазартатынын мәлімдеген. Өзгелерді де осы іске шақырыпты.

Оқиға орнына жеткен Татарстан президенті Рустам Минниханов қандықол қарақшының атына тіркелген ресми қаруы бар деп мәлімдеді. Сондай-ақ қаза болған адамдардың отбасына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты.

Рустам МИННИХАНОВ, Татарстан президенті:

Бұл ауыр қайғы. Біз жеті баламыздан айрылып қалдық. Бәрі сегізінші сыныптың оқушылары. Төрт ұл, үш қыз. Тағы 16 адам, 12 бала мен 4 ересек жарақатпен ауруханаға жатқызылды».

Шұғыл әрекет еткен қарулы күштер мектеп аумағында контртеррористік операция жүргізіп, мергенді қолға түсірді. Әзірге оның сыбайластарының бар-жоғы анықталып жатыр. Қаладағы барлық оқу орнының күзеті күшейтілді. Ал бейбіт күнде оққа ұшып, отбасын қара жамылдырған құрбандар үшін ертеңгі күн, яғни 12 мамыр Татарстанда аза тұту күні деп жарияланды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер