"Қытайды зерттеу"

4197
Adyrna.kz Telegram

(Дұрыс тамақтану жөніндегі классикалық еңбек)

 

Колин Кэмпбелл және Томас Кэмпбелл «Қытайдағы зерттеу» кітабы тұңғыш рет 2005 жылы жарық көрген бойда оқырмандар назарына ілікті. Содан 12 жыл өткенде толықтырылып қайта басылып шықты.

Бұл еңбекте ХХ ғасырдың аяғы – ХХІ ғасырдың басында Қытай еліндегі 65 ауылдық округте жүргізілген аса ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалады. Оксфорд және Корнелл университеттері мен қытайлық мамандар бірлесе отырып атқарған ғылыми жұмыстар барысында тамақтанудың сипаты, өмір салты және созылмалы аурулардан көз жұму тәрізді мағлұматтар барынша ашып көрсетілді. Кітап авторлары дамыған елдердегі медицинаның жағдайы туралы пікірлерін айтып, дұрыс тамақтануға қатысты пайдалы кеңестерін ұсынады.  

 

Денсаулығым мықты болсын десеңіз,

етті аз жеңіз

Тамақтану мен денсаулықтың арасындағы байланыс осы кітапта айтылған жоба барысында барынша терең зерттелді. Әлемдік деңгейде алғанда мұндай ауқымды ғылыми шараның бұрын-соңды жүргізілмегенін айта кеткеніміз жөн. Аталмыш зерттеу жұмыстары Қытай және Тайвань елдеріндегі 170 қаланы қамтыды. Соның нәтижесінде адамдардың күнделікті ішетін тамағына байланысты туындауы мүмкін аурулардың негізгі факторлары анықталды.

Қытайдағы алдын алу медицинасының академиясы, Оксфорд және Корнелл университеттері бірлесе отырып ұйымдастырған бұл жобаның мерзімі 20 жылдай уақытқа созылды.

Әкелі-балалы Кэмпбеллдер осы кітапты дайындау барысында бір ғана зерттеу нәтижелерімен шектеліп қалмады. Олар басқа ғалымдар жүргізген тамақтану мәселелеріне қатысты зертханалық сынақ нәтижелері мен солардың қорытынды пікірлерін қосымша материал ретінде пайдаланды. Осындай іргелі ізденістердің арқасында тамақтану әдеті мен әртүрлі аурулар арасындағы байланыстарға қатысты 8000-нан аса статистикалық деректер анықталды.

Авторлар орасан көлемдегі нақты мәліметтерді [1] жинақтай келе, күнделікті тұтынатын тамақтың құрамынан жануарлардың ақуызы (мал еті, құс еті, жұмыртқа, ірімшік, сүт және басқалары) мен қайта өңделген өнімдерді айтарлықтай қысқарту көптеген созылмалы аурулардың алдын алады дегенді айтып, түбегейлі тұжырым[2] жасады. Бұл кітаптың басты идеясы міне – осы.

«Сіздің бойыңыздағы сырқатыңыз күнделікті жейтін тамағыңызбен тікелей байланысты. Есіңізде болсын, тамақ тиімді дәрі [3] де бола алады. Сондықтан тек пайдалы тағамдарды жеуге тырысыңыз. Пайдалы тағам дегеніміз – өсімдіктерден жасалатын тағамдар. Сонда сіз өзіңізді көптеген ауыр дерттерден (бірінші кезекте онкология және жүрек-қан тамырлары аурулары) сақтап қаласыз және бойыңызда бар сырқаттардан емделесіз. Ондай тағамдар сізді жасартып көрсетеді, артық салмақтан арыласыз, қандағы холестерин және қант мөлшері төмендейді, сонымен қатар өмір жасыңыз ұзарады. Өйткені өсімдіктен дайындалатын өнімдердің құрамында ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне қажетті биохимиялық компоненттердің бәрі болады», – дейді авторлар.

Міне, осындай ерекшелігіне қарап бұл кітапты кейде «Вегандардың Інжілі» деп те атайды. Себебі бұл еңбектің авторлары өсімдіктерге негізделген диетаны толығымен қолдайды.

 

Қазақ тіліндегі «Денсаулық» кітабы көңіліңізден шықса, Kaspi gold сілтемесіне өтіп сатып алуыңызға болады. Сілтемесі: https://kaspi.kz/shop/search/?q=%3AallMerchants%3AMazmyndama&at=1

Ауырып ем іздегенше,

ауырмайтын жол ізде

Қазір медициналық қызмет ақысының өте қымбат екендігі белгілі. Дұрыс тамақтана білу дағдысы осы жағынан алғанда да кез келген адам үшін пайдалы. Әйтпесе осы заманғы ілгерінді [4] медицинаның өзі де көп жағдайда денсаулықты толығымен қалпына келтіре алмайтыны жасырын емес. Сырқатқа шалдыққан адамдар дәрігерге қанша барып, қымбат дәрілермен емделсе де ұзақ уақыт бойы сауыға алмайды.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, 1970 жылдан бастап, Жер шарының батыс бөлігіндегі халықтардың денсаулығы айтарлықтай нашарлады. Мысалға айтқанда, 30–39 жас аралығындағы адамдардың сусамыр дертіне шалдығу көрсеткіші 1990 жылдары 70 пайызға өсті. Денсаулық сақтау [5] саласына орасан қаржы бөлініп отырған кездің өзінде жалпы жағдайдың мұншалықты нашарлауы өкінішті, әрине.

Авторлар осыған орай АҚШ-ты мысалға келтіреді. Мұнда әрбір жан басына шаққанда[6] денсаулық сақтау қызметі үшін орасан қаржы бөлінеді. Алайда соған қарамастан америкалықтардың арасындағы сырқаттану деңгейі өте жоғары. АҚШ тұрғындарының 60 пайыздан асатын бөлігі артық салмақтан [7], шамамен 30 пайызы жүрек ауруларынан зардап шегеді. Мұндағы әр 11 адамның біреуі сусамырмен ауырады. Америкалық онкологиялық қоғамның мәліметі бойынша елдегі ер адамдардың 47 пайызында обыр дертіне шалдығу қаупі жоғары. Ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 35 пайызды құрайды.

АҚШ-та медицинаға жұмсалатын қаржы шығындары үнемі артып келеді. Солай бола тұрса да дәрігерлердің қателігі мен дәрі-дәрмектердің және ота жасаудың салдарынан мұнда әр жыл сайын шамамен 225 000 адам көз жұмады.

Кітапта осы тәрізді статистикалық мәліметтер өте көп. Авторлар сол арқылы дәрі-дәрмектер мен хирургияның денсаулыққа байланысты туындаған проблеманы шешуде сенімді әдіс бола алмайтынын дәлелдеуге тырысады.

«Кез келген дерттің сиқырлы шипасы [8], іше салып жазылып кететін ғажайып дәрісі болмайды. Олай ойлау ағаттық. Дәрігерлер де сіз сияқты адамдар. Олар да қателеседі. Сондықтан өз денсаулығыңызды соларға сеніп тапсыру арқылы өміріңізге қауіп төндіруіңіз мүмкін екенін ұмытпаңыз, – дейді авторлар. – Әркімнің өз денсаулығы тек өзіне ғана керек. Оны сақтау да әркімнің өз міндеті. Мәселен, қарныңыз ашқан сәтте майлы ет кесегінің орнына жеміс-жидек немесе көкөніс жеу арқылы сіз өзіңіздің денсаулығыңызды жақсарта түсесіз. Әр кезде тамақ ішкен сайын осы мәселе есіңізде болсын! Денсаулық дегеніміз – бұл ауырып ем қабылдау емес, аурудың алдын алу»[9].

 

Шамадан асып кетсе,

жақсының өзі жаманға айналады

Адамның денсаулығы қандай екендігін күнделікті ішетін асына қарап та аңғаруға болады. Колин Кэмпбелл әріптестерімен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында осы қағиданы басты назарда ұстады. Сөйтіп, бұрыннан пайдалы саналатын кейбір өнімдердің шындығында ондай емес екендігін дәлелдеуге тырысты.

Ғалымдар осындай ауқымды зерттеу жұмыстары үшін Қытайды таңдар кезде бірнеше себептерге [10] сүйенді. Олар алдымен жергілікті тұрғындардың генетикалық тұрғыдан біртектілігі, қоныс аудару үрдісінің баяулығы, сондай-ақ ертеден қалыптасқан өмір салты және тамақтану үлгісі секілді факторларға қарады.

Сонымен қатар, 1970 жылдардың басында Қытайдың бірінші премьер-министрі Чжоу Эньлай елдегі онкологиялық аурулардың себеп-салдары және оларды емдеу әдістері туралы толық ақпарат жинақтау бағытында арнайы зерттеулер жүргізуге нұсқау берді. Бастапқыда «Қытайдағы обыр ауруларының атласы» деп аталатын жинақта жарияланған бұл мәліметтер Кэмпбелл бастаған зерттеушілерге үлкен пайдасын тигізді.

Қытайдағы зерттеудің ауқымы адам таңғаларлықтай [11] болды. Тұтасымен алғанда, бұл шаралар елдегі 65 аймақты қамтыды. Әр аймақта 100 адам бақылауға алынды. Сөйтіп, барлығы 6500 адамның өмірлік дағдылары зерттелді. Ғалымдар олардан үнемі несеп және қан сынамаларын [12] алып, тамақтану әдетін мұқият қадағалап отырды. Ұлыбритания, АҚШ және Қытай ғалымдары бірлесе атқарған осы жұмыстарды New York Times басылымының «диетология [13] мен эпидемиологияны дамытудағы маңызды кезең» деп бағалағаны сондықтан болар.

Орайы келгенде айта кетелік, Мюнхен университетінің профессоры әрі тамақтану жөніндегі ғылымның негізін салушылардың бірі – неміс физиологы Карл фон Войт (1831–1908) осы заманғы диетологияның атасы саналады. Адамның организміндегі ақуыздың алмасуына [14] көп уақытын арнаған ғалым сіңімді заттарды тұтыну нормасын әзірлеп, тағамға қатысты басты талаптарды қалыптастырды. Ол – метаболизм, азотты баланс, минералдардың зат алмасуға тигізетін ықпалы, әртүрлі диеталар мен ауыз бекітулердің [15] артықшылықтары мен кемшіліктерін зерттеу мәселелеріне қомақты үлес қосқан ғалым.

Фон Войт бастапқыда адам қалыптағыдай өмір сүру үшін күніге хайуанаттар ақуызының 48,5 г-ын тұтынуы керек дегенді айтты. Алайда соңынан бұл көрсеткішті 2,5 (118 г-ға дейін) есеге көтеруді ұсынды. Өйткені сол кезеңдегі мәдени таным-түсініктер сондай болатын, жұрттың бәрі күн сайын көп ет жеуге тырысатын. «Бұл тұрғыда әйгілі ғалымның қателескені анық, – дейді авторлар. – Неге десеңіз, шамадан асып кетсе, жақсы нәрсенің өзі жаманға айналатыны мәлім».

Қытайдағы зерттеу осыны айқын дәлелдеп берді. Жануарлардан алынатын өнімдерді көп тұтынатын адамдарға қарағанда құрамында майы аз өсімдіктермен қоректенетіндер онша көп ауыра қоймады.

Ақуыздың организмге әсері қандай?

ХХ ғасырда жүргізілген көптеген зерттеулер барысында жануарлар мен өсімдіктердегі ақуыздардың адамға әртүрлі әсер ететіні анықталды. Себебі олардың құрамындағы амин қышқылдарының мөлшері әрқилы болады. Ал амин қышқылдары дегеніміз – ол организмнің қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін ақуыздардың құрылыс материалы.

Құрылымдары әртүрлі болғанымен жануарлардың ақуыздары организмге бәрібір әсер етеді. Бұл – ғылым жүзінде дәлелденген факт. Адамның күнделікті ішетін тамағында көбіне сүттегі [16] ақуыз – казеин, жұмыртқа ақуызы – альбумин және еттің құрамындағы миофибриллярлық, саркоплазматикалық, стромальдік (коллаген) ақуыздардың үш тобы болады. Аталған ақуыздардың бәрінің биологиялық құндылығы жоғары [17] болатындықтан олар жасушалардың өсуіне айтарлықтай ықпалын тигізеді. Мысалға, казеин мен альбумин жас организмдерді жылдам дамытады.

Ең жаманы, бұл ақуыздар инсулинге ұқсас факторларды көбейтіп жібереді. Егер олардың деңгейі шамадан асып кетсе, онкологиялық аурулардың пайда болу қаупі күшейеді. Керісінше ет пен майды неғұрлым аз жеген сайын қауіп азая түседі. Қытай жерінде жүргізілген зерттеу нәтижелері осыны нақты көрсетіп берді.

Ал өсімдік ақуызындағы амин қышқылдарының [18] құрамы жануарлардікіне ұқсамайды. Оларда шектеуші амин қышқылдары басым. Мұндай амин қышқылдары организмнің қорғану реакциясын[19] қамтамасыз етеді. Ең бастысы, өсімдік ақуызы обыр жасушаларының өсуіне себепкер болмайды.

«Жануарлардың ақуызын шамалы тұтынудың өзі зиянды болуы мүмкін. Ет пен майдың құрамындағы құнарлы заттар адамды ауруға ұшыратады. Өсімдіктердегі құнарлы заттар бұған керісінше, ағзаға көмектеседі, – дейді авторлар осы ақуыздар жайлы пікірлерін қорыта келе. – Өсімдік диетасын ұстанатын адамдардың денсаулығы жақсы болатыны міне сондықтан. Олар өмір салты және тамақтану әдетімен байланысты ауруларға жиі шалдыға бермейді».

Өзіңізді «байлардың ауруынан» қорғаңыз

«Байлардың ауруы»[20] дегенді естіп пе едіңіз? Оны кейде аста-төк өмір салтының ауруы деп те атайды. Өзінің аты айтып тұрғандай, мұндай аурулар көбіне тұрмыс деңгейі жоғары елдерде кездеседі. Бұған әдетте азық-түлік өнімдерінің (басым бөлігі денсаулыққа зиянды) шамадан тыс көптігі, әлеуметтік жағдай және экономикалық дамыған елдерге тән қоршаған орта факторлары [21] себепкер болады. Аталғандай ауру түрлеріне мыналар жатады:

  • жүрек-қан тамырлары аурулары. Орта есеппен алғанда, әр күн сайын АҚШ-та 3000 адам инфаркке ұшырайды. Бұл 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Бүкіләлемдік сауда орталығының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан қаза тапқандар санымен шамалас көрсеткіш.

Жүректің осылайша дертке шалдығуының басты себептері неде?

Ағзасындағы холестерин деңгейі 6,3 ммоль/л-ден асатын ер адамдардың осы көрсеткіші 5,4 ммоль/л-ден төмен адамдармен салыстырғанда жүрек талмасынан үш есеге көп зардап шегетінін арнайы зерттеулер барысы анықтап берді. Бұл нені көрсетеді? Бұл дұрыс тамақтанбаудың салдары қандай болатынын көрсетеді.

Қандағы холестерин деңгейін төмендетуге майды аз тұтынуға қарағанда, өсімдіктегі ақуыз жақсы көмектеседі. Ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген бұл фактіні жұрттың бәрі біледі. Бірақ күнделікті өмірде ескере бермейді.

Өсімдіктерге негізделген диетаның артықшылығына қарамастан, дәстүрлі медицинаны жақтаушылар мен дұрыс тамақтануды қолдайтындардың арасындағы табанды тартыс [22] әлі жалғасуда. Тамақтану әдетін өзгерту арқылы денсаулығын жақсартудың орнына хирургия мен дәрі қабылдауды жөн көретіндер азаяр емес. Өйткені жалпы қоғамдық орта бұл ақиқатты күні бүгінге дейін толығымен мойындап, қабылдай қойған жоқ. Пайдалы тағамдардың тиімділігін жоққа шығаратындар [23] әлі де баршылық;

  • семіру. Дәстүрлі диетаның тағы бір кемшілігі – ол адамды жылдам семіруге итермелейді. ДМИ (дене массасының индексі) 25-тен асатындар артық салмағы бар деп, ал ДМИ көрсеткіші 30-дан асатындар семіздіктен зардап шегетіндер деп саналады. АҚШ-та 6-дан 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шамамен 15 пайызы артық салмағы барлардың, тағы 15 пайызы семіздердің санатына қосылады.

Семіз адам өмірдегі көптеген қуаныштардан құр қалады. Ол өзінің балалары немесе немерелерімен жүгіріп ойнай алмайды, ұзақ жүру және спортпен шұғылдану мүмкіндігінен де айырылады. Сонымен қоса оған кинотеатр немесе ұшақ секілді көлемі шектеулі ортада жайланып отырудың өзі де қиынға соғады. Шамадан тыс семіздік адамның психикасына, өз-өзін танып-білуі [24] мен әлеуметтік өміріне [25] де айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Ең қауіптісі, ондай адам ерте өтуі мүмкін;

  • сусамыр. Сонау 1920 жылдардың өзінде-ақ британдық ғалым Гарольд Химсворт күнделікті тамақтану мен сусамырдан көз жұму деңгейінің арасындағы байланысты көрсететін диаграмманы жұртшылықтың назарына ұсынған. Бірақ ол кезде бұл дертке қарсы жөні түзу емдеу әдісі [26] жоқ болатын. Химсворт майларды азайтып, көмірсуларды көп тұтыну үрдісінің сусамырдан өлу көрсеткішін 100 мың адамға есептегенде, 20,4-тен 2,9-ға дейін қысқартатынын дәлелдеп берген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін (1940–1950) Англия мен Уэльсте жүргізілген зерттеулер нәтижесі де осыны аңғартты. Ол тұста жануарлардан алынатын ет, сүт және май өнімдерін тұтыну көрсеткіші азайғандықтан, сусамырмен сырқаттану деңгейінің кәдімгідей төмендегені байқалады.

Міне, сондықтан ағзаңызды көптеген аурулардан қорғап, денсаулығыңызды сақтағыңыз келсе, дұрыс тамақтануға тырысыңыз.

Ағзаңыз қателесіп,

өз-өзіне шабуыл жасауы мүмкін

Аурулардың ең жаманы – аутоиммундық ауытқулар. Ағзаның көп бөлігі зардап шегетін мұндай ауруларды емдеу өте қиынға соғады. Бұл дерт өзінің сипатына қарай жүрек аурулары, обыр, семіздік және сусамырдың 2-інші түрі секілді сырқаттарға мүлде ұқсамайды. Осы орайда авторлар шашыраңқы склероз, сусамырдың 1-інші түрі, ревматоидтық артрит, диффузды токсикалық жемсау, витилиго және пернициозды анемияны қоса есептегенде, аутоиммундық аурулардың 17 түрін сипаттап жазады. Клиникалық сипаты [27] ұқсас болатын бұл аурулар көбіне халықтың біртектес тобында кездесетінін айтады.

«Мұндай сырқаттардың барлығы иммундық жүйе жұмысының бұзылуынан туындайды. Иммундық жүйе зақымдалса, ауырған адамның ағзасы қателесіп, өзінің жасушаларына шабуыл жасай бастайды, – дейді авторлар. – Иммундық жүйе дегеніміз – жеке орган емес, тарамдалып жатқан желі. Ол бүкіл ағзаны бөгде басқыншылардан [28] қорғайтын әскери құрылымдарға ұқсайды. Бұл құрылымның «жауынгерлері» – көптеген шағын топтардан құралатын және әрқайсысы әртүрлі қызмет атқаратын қандағы ақ түйіршіктер [29] – лейкоциттер. Аталған ұсақ топтар әскери-теңіз флоты, құрылықтағы жаяу әскер, әскери-әуе күштері және теңіз жаяу әскері іспетті, әрқайсысы өзіне тән қызмет атқарады.

Лейкоциттер ағзада не болып жатқанын өте жақсы сезеді. Сондықтан әртүрлі сыртқы жағдайларға [30] байланысты бірден әрекет етеді. Иммундық жүйенің бұл қасиеті табиғаттағы адам сенгісіз ғажайыптардың бірі екендігі анық.

Бөгде басқыншылар деп отырғанымыз – бұл сырттан келетін ақуыз молекулалары, яғни антигендер. Олар бір-бірінен ақуыз құрамындағы амин қышқылдарының бірізділігі [31] арқылы ерекшеленеді. Бактерия немесе вирус түріндегі мұндай бөгде жасушалар ағзаға зиянын тигізеді. Иммундық жүйенің осындай жасушаларды байқаған бойда дереу жойып жіберуге тырысатыны сондықтан. Ондай сәтте ағза айнадай ақуыз бөліп шығарады. Осы ақуыз антигенді дәлме-дәл шағылыстыру арқылы жойып жібереді».

Ал енді иммундық жүйенің өз-өзіне шабуыл жасауына келсек, ол жайлы әңгіме басқаша. Ағзадағы қорғаныс жүйесінің бұлайша өз-өзін талқандау [32] әрекетін ғылым әлі күнге дейін толығымен зерттеп болған жоқ. Әйтсе де осындай процесті тудырушы басты факторлардың бірі молекулярлық мимикрия деп аталатыны белгілі.

Ағзаға сырттан келетін бөгде басқыншылардың кейбірі адамның бойындағы жасушаларға өте ұқсас болады. Міне, сондай «дұшпандармен» кездескен сәтте иммундық жүйе жоғарыда айтылған айнадай ақуыздарды бөліп шығара бастайды. Осы ақуыздар бөгде жасушалармен бірге өз жасушаларын да жойып жібереді.

Мысалға айтқанда, ас қорыту барысында кейбір ақуыздар толығымен амин қышқылдарына айналмаған күйінде ішектен [33] қанға өтіп кетеді. Міне, осындай қорытылмаған ақуыз қалдықтарын [34] иммундық жүйе басқыншылар деп санайды да, өзінің жасушаларына шабуыл жасай бастайды. Адам ағзасындағы ақуыздарға ұқсайтын бөгде ақуыздар, әсіресе сиыр сүті мен етте өте көп болады. Сол себепті авторлар жануарлардан алынатын ет, сүт және май өнімдерін тұтынбауға кеңес береді.

 

Дұрыс тамақтаныңыз және

салауатты өмір салтын ұстаныңыз

Сірә, бұл өмірде өзін жас сезінгісі келмейтін адам кемде-кем шығар. Жасы ұлғайған сайын жастарға қарап қызығу жұмыр басты пенденің бәріне тән қасиет. Күш-қайраты тасқындап, белсенді өмір сүруді кім қаламайды дейсіз. Міне, осыны жақсы түсінген кітап авторлары адамның денсаулығын реттеп, ерте қартаймауына көмегін тигізетін қағидалар туралы айтады. Бұлар – адамның өмір салтымен тығыз астасып жатуға тиісті дұрыс тамақтану ережелері.

  1. «Ас – адамның арқауы» деп бекерге айтылмаған. Күнделікті ішетін тамағыңыз бүкіл ағзаға әсерін тигізеді. Сіздің денсаулығыңыздың жақсаруы немесе нашарлауы тамақпен бірге ағзаға өтетін химиялық заттардың өзара реакциясына байланысты. Ол заттар не сіздің иммундық жүйеңізге көмектеседі немесе керісінше, кедергі келтіреді. Пайдалы тағамдарды тұтыну арқылы сіз ағзаңыздағы сондай заттардың құрамын арттырасыз.
  2. Биологиялық белсенді қоспалар [35] сырқат атаулының бәріне шипа бола алмайды. Олардың құрамындағы дәрумендер, минералдар мен амин қышқылдары сіздің денсаулығыңызды жақсартудың орнына жанама әсерін [36] тигізуі де мүмкін. Дәрумендерді қабылдап жүр екенмін деп бей-берекет тамақ іше беруге болмайды.
  3. Жануарлардан алынатын өнімдерде кездесетін құнарлы заттардың бәрі өсімдіктерде де бар. Ақуыз, жасұнық [37], әртүрлі дәрумендер мен минералдарды өсімдіктерден молынан табасыз. Оның үстіне олардың денсаулыққа тигізетін пайдасы да мол.
  4. Сіздің генетикаңыз өз-өзінен ауру тудыра алмайды. Адамның гені тек әдейі іске қосып, белсенділігін оятқан кезде ғана өзін байқатады. Бұл мәселеде күнделікті ішетін тамақ түрлері шешуші рөл ойнайды. Жақсы немесе жаман геннің оянуы соған байланысты. Осы жағынан алғанда, ген дегеніміздің өзі тұқым тәрізді. Істің бабын білетін бағбан әдемі өсімдік өсіру үшін алдымен оның топырағының құнарлы болуын және күн сәулесінің молынан түсуін ойластырады емес пе?! Бұл да тура сол сияқты.
  5. Дұрыс тамақтана білу адамды қоршаған ортаның зиянды әсерінен де қорғайды. Әдетте онкологиялық аурулардың туындауына түрткі болатын химиялық заттардың атауы әртүрлі мақалаларда айтылып жатады. Бірақ оларда жаңа басталған ауру асқынып кеткенге дейінгі аралықта көп уақыт өтуі мүмкін екендігі және оның күнделікті ішетін тамағыңызға қарай өршитіні немесе басылатыны жайлы айтылмайды. Бұдан шығатын қорытынды мынадай – қоршаған ортаның немесе сырқаттың сізге зиян [38] келтіру-келтірмеуі ішетін тамағыңызға тікелей байланысты.
  6. Пайдалы тағам бастапқы кезеңде-ақ (диагноз қойғанға дейін) аурудың бетін қайтарады және кейінгі сатысында да (диагноз қойғаннан кейін) оны кері бұрады [39] немесе мүлде тоқтата алады. «Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады» деген. Аурудың зардабын тартқан адам оны емдеуде тамақтың орны бөлек екендігін ұмытпауға тиіс.
  7. Әлдебір созылмалы ауруды емдеуге пайдасы тиген тағамның бүкіл денсаулыққа көмектесетіні анық. Міне, сондықтан дұрыс тамақтану арқылы бір ауруды жазсам да келесі біреуін тауып алуым мүмкін деп күмәнданбай-ақ қойыңыз. Олай болмайды. Себебі одан сіз ешқандай зиян көрмейсіз.

Дұрыс тамақтану сіздің бүкіл өміріңізге адам сенгісіз әсерін [40] тигізеді. Одан сіздің күш-қуатыңыз артады, жұмысқа деген ынтаңыз күшейеді, көңіл күйіңіз көтеріліп, өз-өзіңізді жақсы сезінетін боласыз.

 

Денсаулықты ақшаға сатып ала алмайсыз

Әкелі-балалы Кэмпбеллдердің сөзіне сенсек, мал өнімдерін мейлінше азайта отырып өсімдік тағамдарына көшу, бірқатар созылмалы сырқаттардың бетін қайтарады әрі денсаулықты нығайтады. Ал бірақ әралуан дереккөздер бұған керісінше айтады. Олар ет пен сүт ең пайдалы тағамдар деп насихаттайды. Сонда бұлардың қайсысы дұрыс?

Бұл жердегі басты әңгіме ақшаға келіп тіреледі. Өйткені қазір бар мәселені ақша шешетіні белгілі. Ақша кімде болса, билік соның қолында. Егерде халықтың бәрі жаппай өсімдік өнімдеріне көшетін болса, аса қуатты, ықпалды [41] әрі табысы мол индустрия орасан қаржы көзінен айырылады. Осыны жақсы білетін азық-түлік корпорациялары қайткен күнде билікті уысынан шығармауға тырысатыны мәлім.

Ірі-ірі азық-түлік компаниялары әлдебір өнімнің пайдасы жайлы ойдан шығарылған жалған мәліметтер үшін ақша төлеп жұртқа жария етеді. Оған қоса ғылым, медицина, өнеркәсіп пен бұқаралық ақпарат құралдары, яғни мемлекеттегі бүкіл жүйенің өзі халықтың денсаулығына зиян келтіру арқылы пайда табуды көздейді. Сөйтіп, бүкіл халықты дұрыс жолға салудың орнына әртүрлі ақпараттарды тықпалап жаңылыстырады, бәрін былықтырып [42] басты қатырады.

Әу баста айтқанымыздай, бұл еңбекте ХХ–ХХІ ғасырлар тоғысында Қытайда жүргізілген ауқымды зерттеу жұмыстары туралы баяндалады. Дұрыс тамақтанудың пайдасы жөніндегі пікірлермен қоса сан түрлі статистикалық мәліметтер және ғылыми есептер [43] келтіріледі.

«Егер осыған дейін өмір бойы чизбургер жеп келсеңіз, тым болмағанда бір ай одан бас тартыңыз. Сонымен бірге жануарлардың еті мен майын жеуді де доғарыңыз. Оның орнына жеміс-жидектер мен көкөністерді, дәнді дақылдарды, жаңғақтарды көбейтіңіз. Нәтижесі қандай болатынын өзіңіз-ақ көресіз. Әрине, мұндай шешім сізден түбегейлі өзгерісті [44] талап етеді. Бірақ сондай тәуекелге бара алсаңыз, үлкен жетістікке жететініңіз даусыз, – дейді авторлар. – Бір сөзбен айтқанда, егер өзіңіздің болашағыңызды ойласаңыз, тамақ мәселесіне қатысты көзқарасыңызды қайта қараңыз. Басты байлық – денсаулық екендігі есіңізде болсын! Оны ақшаға сатып ала алмайсыз».

 

Ағылшын тілінің сөздігі

[1] нақты мәлімет – evidence – фактические данные

[2] тұжырым – conclusion – вывод

[3] дәрі – medicine – лекарство

[4] ілгерінді – advanced – продвинутый

[5] денсаулық сақтау – healthcare – здравоохранение

[6] жан басына шаққанда – per capita – на душу населения

[7] артық салмақ – overweight – избыточный вес

[8] сиқырлы шипа – magic fix – волшебное исцеление

[9] алдын алу – prevention – профилактика

[10] себеп – reason – причина

[11] таңғаларлық – tremendous – потрясающий

[12] несеп сынамасы – urine samples – пробы мочи

[13] диетология – dietetics – диетология

[14] ақуыздың алмасуы – protein turnover – белковый обмен

[15] ауыз бекіту – fast – пост

[16] сүттегі – dairy – молочный

[17] биологиялық құндылығы жоғары – high biological value – высокая биологическая ценность

[18] амин қышқылдары – amino acids – аминокислоты

[19] қорғану реакциясы – protective effect – защитная реакция

[20] байлардың ауруы – diseases of affluence – болезни богатых

[21] қоршаған орта факторлары – environmental factors – факторы окружающей среды

[22] тартыс – battle – борьба

[23] жоққа шығару – negate – опровергать

[24] өз-өзін танып-білу – self-perception – самовосприятие

[25] әлеуметтік өмір – social life – социальная жизнь

[26] емдеу әдістері – treatment methods – методы лечения

[27] клиникалық сипат – clinical background – клиническая картина

[28] басқыншы – invader – басқыншы

[29] қан түйіршіктері – blood cells – кровяные тельца

[30] жағдай – circumstance – обстоятельство

[31] бірізділік – sequence – последовательность

[32] өз-өзін талқандаушы – self-destructive – саморазрушительный

[33] ішек – intestine – кишечник

[34] қалдық – remnant – остаток

[35] биологиялық белсенді қоспа – dietary supplements – биологически активные добавки

[36] жанама әсер – side effect – побочный эффект

[37] жасұнық – fiber – клетчатка

[38] зиян – damage – вред

[39] кері бұру – reverse – обратить вспять

[40] адам сенгісіз әсер – incredible impact – невероятное влияние

[41] ықпалды – influential – влиятельный

[42] былығу – confusion – путаница

[43] ғылыми есептер – scientific calculations – научные расчеты

[44] түбегейлі өзгеріс – radical change – радикальное изменение

 

Түпнұсқалық атауы:

THE CHINA STUDY

The most comprehensive study of nutrition ever conducted and the starting implications for diet, weight loss, and long-term health

Colin Campbell and Thomas Campbell

 

Авторлар:

Колин Кэмпбелл – әйгілі ғалым, Корнелл университеті тағам биохимиясы кафедрасының құрметті профессоры, 300-ден аса ғылыми мақаланың және үш кітаптың авторы, дұрыс тамақтанбаудың денсаулыққа тигізетін қияны туралы бірқатар ірі зерттеу жобаларын ұйымдастырған қайраткер.

Томас Кэмпбелл ­– отбасылық дәрігер, Рочестер университеті медицина мектебінің жетекшісі және әкесі Колин Кэмпбелл екеуі бірлесіп құрған тамақтану мәселелері жөніндегі коммерциялық емес зерттеу орталығының атқарушы директоры.

"Мазмұндама" жобасының авторы және рухани жетекшісі -

Шыңғыс МҰҚАН.

"Мазмұндама" жобасы шығарған кітаптарды Kaspi gold мобильдік қосымшасы арқылы сатып алуға болады: 

"Мазмұндама" кітаптары енді Kaspi.kz дүкенінде қолжетімді!

Қазақстанның кез-келген жерінен тапсырыс беруге болады!

Кітаптарды бөліп те төлей аласыз!

Егерде 5 000 теңгеге тапсырыс берсеңіз, кітапты жеткізу тегін!

#Mazmundama #Qazaqsha100Bestseller #Оқуғатиіс10кітап

Пікірлер