Бір миллион доллар: АҚШ-та вакцина салдырғандар арасында лотерея өткізілмек

1732
Adyrna.kz Telegram

АҚШ-тың Огайо штатының билігі коронавирусқа қарсы вакцина салдырған азаматтар арасында лотерея өткізбек, деп хабарлайды РИА Новости.

Губернатор Майк Деуайнның айтуынша, жеңімпаз атанған бес адамның әрқайсысына бір миллион доллар табысталады.

«Екі аптадан кейін 26 мамырда біз ересектерге арналған лотереяның жеңімпазын жариялаймыз. Оған вакцинаның бір дозасын алып, қатыса беруге болады. Жеңімпаздың есімін сәрсенбі сайын бес апта бойы жариялап тұрады. Осылайша, әр сәрсенбіде жеңімпазға бір миллион доллар табысталады», – деді М.Деуайн.

Оның айтуынша, ұтысқа қаржы федералдық қордан алынады. Ал бұл қор COVID-19-ға байланысты құрылған болатын.

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері АҚШ-та 33 миллионға жуық адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олардың ішінде 590 мың науқас қайтыс болған.

Жуырда осы елде вакцина салдырған азаматтардың саны 100 миллионнан асты.

АҚШ Президенті Джо Байден биылғы жылдың 4 шілдесіне дейін вакцинаның бірінші дозасын ересек адамдардың 70 пайызына салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер