Риддерлік ер адам қарт анасын өлгенше ұрып-соққан

2734
Adyrna.kz Telegram

Риддерде ер адам 89 жастағы анасын ескерту жасағаны үшін өлгенше ұрып-соқты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық соты 62 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, ол мас күйде қарт анасын қатты ұрғаны сонша, әйел қайтыс болған.

«Сотта ер адамның 2020 жылғы 30 қарашада сағат шамамен 19.00-де мас күйде жанжал кезінде анасының бет тұсына бірнеше соққы жасағаны анықталды», - деді Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер.

Әйел ауруханаға келесі күні ғана барған. Дәрігерлер оған ми шайқалуы, қан кету, өкпенің жарылуы және сүйегі сынды деген диагноз қойды. Үш күннен кейін әйел қайтыс болды.

«Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Оған ҚР ҚК-ның 106-бабы 3-бөлігі бойынша («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») айып тағылды. Сотталушының жасын, кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын, тараптар келісімге келгенін ескере отырып алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп түсіндірді сот.

Айта кетейік, ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігінің санкциясы сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

«Қылмыстық іс сотқа прокурор, сотталушы, жәбірленуші арасында жасалған кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен түсті. Жәбірленуші ретінде қаза тапқан әйелдің немересі жауап берді. Іс жүргізу келісімінің барлық шарты орындалған істер бойынша жаза тағайындау кезінде сот үшін шектеулер бар. Олар: жаза осы бапта көрсетілген ең жоғары мерзімнен немесе 1\2 мөлшерден аспайды, бұл жағдайда - алты жылдан», - деді Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі өкілі.

Тараптар сот актісімен келісті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер