Ресей Байқоңыр үшін өтемақы төлеуден бас тартып отыр

1534

Қазақстан «Роскосмостың» қоршаған ортаға келтірген экологиялық зияны мен шығынын өтеудің талаптарын қатайтатын болды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы  Dalanews.kz-ке сілтеме жасап. 

Байқоңырдан ғарышқа жөнелтіліп жатқан «Роскосмос» зымырандары аса улы гептилді пайдаланады. Аталған жанармай түрін қолданудан Батыс елдерінің барлығы бас тартқан. Өркениетті елдерде улы гептилге түбегейлі тыйым салынған.

Гептилдің кесірінен Байқоңыр өңіріндегі тұрғындардың көпшілігі онкологиялық аурумен алысып, жаңа туған сәбилердің ақыл-есінде ауытқулар байқалып отыр.

Мәскеу болса Байқоңыр табиғаты мен аймақ тұрғындарын қатерлі дертке ұшыратқан әрекеті үшін жауап бергісі келмейді. Кремльдің бұған өтемақы төлеуден жалтарып жүргеніне талай жылдың жүзі болды.

Қазақстанның заң шығару органдары Ресейді осы шығындардың орнын толтыруға мәжбүрлейтін заң тетіктерін қарастыруда.

Одақтасымыз «Байқоңыр» ғарыш кешенін 1994 жылдан бері жалға алып, қалауынша пайдаланып келеді. Бұл арадан әскери іс-қимыл кезіндегі зымырандар да ұшырылады.

Биыл 12 мамырда Мәжіліс депутаттары Ресейге жалға берілген «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі ахуалды талқылаған болатын. Халық қалаулылары гептил жанармайын қолданатын зымырандардың экологияны улап жатқанын ашық айтып, тез арада шара қолдануды талап еткен.

Соңғы 20 жылда «Роскосмос» «Байқоңыр» ғарыш кешенінен «Протон-М» зымыран тасығышын 110 рет ұшырып, оның 11-і апатқа ұшырады.

«Кремль бұл мәселені елеп-ескергісі келмейді. Елге жаны ашып отырған жоқ. Шығынның орнын толтыруды ойламайды да. Байқоңырдың экологиялық ахуалы мүшкіл. Халық умен тыныстап жүр. Қазақстан билігі қол қусырып қарап отырмай, Кремльге материалдық шығынды төлетуді мәжбүрлемесе, жағдай ауырлаған үстіне ауырлай түседі», – дейді сарапшылар.

Қазақстандағы соңғы кезде «Қызыл кітапқа» енген киіктердің жаппай қырылып жатқаны да осы гептилдің кесапатынан болып отыр. 2015 жылы да «Байқоңырда» зымырандарды ұшырудан кейін қазақ даласында киіктер қырылып қалған еді.

«Роскосмос» зымырандарды ұшыруға тіршілік атаулының тынысын тарылтып, төңірегін түгел ластайтын улылығы аса жоғары гептилді пайдаланып келеді. Гептил жанармайы улылығы бойынша бірінші санатта тұрады екен. Батыс елдерінде мұны пайдалануға қатаң тыйым салынған.

Турасын айтқанда, Ресейдің бір тал зымыранынан Қазақстанның қоршаған ортасына келетін зиян шаш-етектен. Еліміздің аумағына ондаған тонна гептил төгіліп, топырақты, суды, ауаны ластап, жануарлар түгілі адамдарды ауыр дертке ұшыратып отыр.

Бірақ бұл Кремльді алаңдатып отырмаған сынды. Одақтасымыз осы жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан аузы-мұрнын гептилге толтырған тағы үш зымыран ұшыруды жоспарлап қойған.

Осы мәселеге байланысты мәжілісмендер Ресейдің «Байқоңырды» пайдалану қағидаларын қатаңдатуды көздейтін заң қабылдамақ. Құжатта Ресейден шығынды талап ету шарты, яғни өтемақы төлеу, экологияға келтірген материалдық шығындар да көрсетіледі деп жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Мәжілістің кеңейтілген отырысында Ресейдің экологиялық шығындарды өтеуді сөз жүзінде мақұлдағанымен, іс жүзінде басын ала қашып, бюрократиялық қулыққа салып отырғанын айтты.

«2018 жылы «Байқоңыр»  ғарыш кешенінде орын алған апаттан кейін Кремль экологияға келтірген орасан зиянның орнын толтырмады. Қазақстанға көк тиын төлеген жоқ.  «Союз-ФГ» ғарыш зымыран тасығышы апатқа ұшырап, 22 тонна зымыран майы өңірдегі территорияға төгілген болатын», – деді ол.

2013 жылы «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшыраған кезде де, «Союз-ФГ» зымыран тасығышы құлағанда да өтемақы төленбеген. Ол кезде де зымыраннан төгілген 600 тонна гептил табиғатты ластап,  экологияға таралып кеткен болатын. Оның құрамында азот тетраоксиді мен керосин болған.

Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі апаттың шығынын 13 миллиард теңгеге бағалаған. Бұл 86 миллион АҚШ долларын құрайды.

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Байқоңырдағы құлаған зымырандардың салдарынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек берілетінін атап өтті.

«Кремль? Біздің азаматтар не үшін мұндай бюрократиядан зардап шегуі керек!» – деді Мәжіліс төрағасы.

Нығматулин ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдад Мусиннен Ресейдің ғарыш кешенін пайдалануының тәртіптері бойынша жобалық құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Онда қойылатын негізгі талаптарды да атап өтті.

Сentral.asia-news порталына пікір білдерген Қарағанды экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыков қауіпті зымырандардың қалдықтары алдағы уақытта тұрғын үйлерге де құлауы мүмкін деп топшылайды.

«Тез арада қауіпсіздік шараларын әзірлеп, Байқоңыр маңындағы халықты қауіпсіз территорияларға көшірудің әрекетін қамдауымыз керек. Өйтпеген жағдайда бейбіт тұрғындар зардап шегіп, қайғылы жағдай  орын алуы мүмкін»,- дейді Калмыков.

Эколог маман улы гептилдің тек өз орнында ғана емес, іргелес өңірлерге таралып, тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.

Ал «Байқоңыр Эко Мониторинг» экологиялық қоғамдық қорының төрағасы Марат Дәулетбаевтың айтуынша, Ресей атмосфераға ондаған тонна гептил қалдықтарын тастағаны өз алдына, Қазақстаннан жалға алынған аумақтарға улы қалдықтарды көміп, жеріміздің астын да, үстін де ластауда.

«Бұл ауданда онкологиялық аурулар мен өлім-жітім көп. Соның ішінде балалар мен жаңа туған нәрестелер арасында физиологиялық ауытқулар көптеп тіркеліп жатыр», – деп атап өтті Марат Дәулетбаев.

Ал Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев елімізде «Қызыл кітапқа» енген киіктердің жаппай қырылуы Ресейдің «Байқоңырдағы» аэроғарыштық қызметімен тікелей байланысты деп отыр. Мәселен, 2015 жылдың маусым айының басында Қазақстанда 132 мыңнан астам киік қырылды. 2014 жылы бұл жануарлардың қырылуы 256 мыңға жетті.

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы