Маскпен тең тұлға: Қайдасың қазақтың Питері?

3214
Adyrna.kz Telegram
1999 жылы 18-жастағы жаңа зеландиялық Питер Бек өз жасындағы бозбалалар істемейтін қадамға барды. Оны көрген көршілері жынды, ал туыстары есінен ауысқан дейтін. Үйінің жанындағы кішкентай сарайдың ішіне зертхана жасап, онда ғарыш кемесінің қозғалтқышын және жанармай жасап шығуға кірісті. Әрине, оның жоспарына ешкім сенбеді. Әлем державаларының қолынан әрең келетін ғарыш кемесінің қозғалтқышын бозбала қалай жасасын деді көбісі. Елдің ойы Питерді қызықтырған емес. Ол сваркаға киетін қорғаныш каскасын киіп, үстін түрлі целлофанмен орап, өз зертханасында жұмысын жасай берді. Күндердің бір күнінде көршілері мен туыстары таңданыстан ауыздарын ашып қалды. Жаңағы өздері сенбеген, күлкі еткен Питер велосипедке кішкентай ғарыш кемесінің қозғалтқышын қойып, сағатына 150 шақырым жылдамдықпен зымырап жүрді.
Ол бұған дейін де адам сенгісіз әрекеттерге барған болатын. 15 жасында алюминийден велосипед жасап, 16 жасында 300 долларға ескі, шіріген Austin Mini көлігін сатып алып, қалпына келтірген-ді.
Питер өз қабілетіне қарамастан өзіне сай емес жұмыстарды ұзақ істеген. Туалет тазалап, пицца тасып, түрлі көлік жөндеу орталықтарында қызмет етті. Ал кешкісін жұмыстан келгеннен кейін, өз қызығушылығы бойынша ғарыш кемесінің қозғалтқыштарын жасаумен айналысты. Осылайша күн өткізумен болды.
2006 жылы Питекеңнің келіншегі АҚШ-қа бір айға жұмысқа шақырылады. Питер бұл мүмкіндік деп ойлады. Сөйтіп екеуі АҚШ-қа келді. Питер осы аралықта NASA, Boeing, Rocketdyne сынды ғарыш пен әуе кеңістігін бағындырған компанияларға кіріп шықты. Мақсаты жұмыс табу болатын. Бірақ оны ешкім жұмысқа ала қоймады. Ал Питер болса олардың жұмыс істеу әдісін ескірген деп бағалады. Оның ойынша ғарышты бағындырып, адамзатқа қолжетімді, ортақ ету үшін ғарыш кемелері ұшуға арзан, жүк тасуға тиімді болуы керек.
"Адамзат ғарышты толық игере алмайды, егер зымырандар жеңіл болып, күн сайын ұшып тұрмаса", - деді Питер. Деді де, Жаңа Зеландияға қайта оралып, өзінің компаниясын құруды бастады. Компания бүгінде көпшілікке белгілі Rocket Lab. Сонымен ол АҚШ-тан келіп, қызу жұмысын бастап кетті. Арнайы макеттері мен бозбала шағындағы зертханасын айтып, ел үкіметіне кірді. Қызық, бірақ олар Питерге сенім артып, зертхана тауып берді. Оның ақысын өздері төледі. Бізде біреу солай барса, қалай болар екен? Жарайды, ол басқа әңгіме.
Енді ол өз зертханасына жоғары технология негізінде жасалған аппараттарды алуға демеуші іздеді. Бірде теледидардан ғарыш әлеміне қызығатын Марк Рокеттің сұхбатын көріп қалады. Марк миллиардер болатын. Ол Питерге көмектесуге келісті. Сөйтіп Питер 2009 жылы алғашқы зымыранын жасап, оны "Аtea-1" деп атады. "Атеа" Жаңа Зеландияның титулды халқы маорилердің тілінде "ғарыш" деген мағынаны білдіреді. Зымыран бар, демеуші табылды, енді ұшыратын жер керек болды. Жерді жергілікті бай, Майкл Фей беруге келісті. Тек бір ғана шарты болды. Зымыран ғарышқа алып ұшатын жүкті Майклдың өзі таңдайды. Ол жүк ретінде шұжықты таңдады. "Ғарышқа барып келген шұжықты жегім келді" деді кейіннен бір сұхбатында ол. Алғашқы сынақ сәтті өтті. "Біз ғарыштамыз, Жаңа Зеландия" деп айғайлап жіберді Питер.
Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде сарайда басталған бала арманы, әлемдік деңгейдегі компаниялардың біріне айналды. Оның табысы 1 млрд доллардан асты. Мысалы SpaceX компаниясы ғарышқа ұшу үшін 50 млн доллар, ал Rocket Lab – 5 млн доллар сұрайды. Он есе аз. Әрине, бірақ Rocket Labтың ғарышқа апарар жүгі де бірнеше есе аз болып келеді. Питер Бек құрған Rocket Lab компаниясының бас штаб пәтері АҚШ-тың Хантингтон-Бичында орналасқан. Ол жер инвестиция тартуға тиімді.
Питердің ойынша адамзаттың бәріне ғарыш қолжетімді болуға аз қалды. Енді ірі ғарыш айлақтары керек болмай қалуы да мүмкін. Rocket Lab компаниясы да Илон Маск сияқты бірнеше мәрте қолдануға болатын зымырандарды сынақтан өткізіп жатыр.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер