Ұлбике мен жеті қожаның айтысы

3978
Adyrna.kz Telegram

Ертеректе Талас жерінде тұратын Ошақты Жангелді бидің Ұлбике дейтін ақын қызы болған екен. Ол кезде ақындығымен Сара, Ұлбике, Манат қыздардың атағы кең тараған болса керек. Осы ақын қыздармен айтысып бір көруге ынтық болып жүретін сылқым серілер көп болатын. Солардың айтыстарын Айнабек ақын қыз бен жігіттің өз әуеніне салып айтыстырғанын тыңдаған едік.

Топ болып серілік құрып, қай жерде той бар, қай ауылда сұлу қыз бар деп іздеп шыққан Мәделі қожа, Майлы қожа, Қатпа қожа, Таспа қожа, Күдері, Құлыншақ, Бұдабай жетеуі Ұлбике ақынды көруге Жангелді бидің ауылына келіпті. Олар келгенде би де, ақын қыз да үйінде жоқ, жолаушылап кеткен екен. Бидің келіндері меймандарға ілтипат жасап, үйге кіргізіп дастархан жайып күтіп алады. Қонақтар отырған үйде кіші келіні қамыр илеп отырғанда, абайсызда жел шығарып алыпты. Шиық етіп шыққан желдің дыбысын қожалар есітіп қойса керек. Келін сасқанынан сыпыраны тырналай беріпті.
Мұны сезіп отырған еріккен қожалар қарап отырмай
Қатпа қожа бастап:

Қызыл тіл сөз келгенде тұсалмайды,
Еш адам келген желді қыса алмайды.
Келінжан жасырам деп әуре болма,
Ол тықыр, бұл шиқылға ұсамайды.

Бұдан кейін Таспа қожа іліп әкетіп:
Бұл келін қожаларға нан иледі,
Аз болып қалмасын деп тағы иледі.
Байқамай қалды ма екен жел келгенін,
Келіннің оқ атары зар иледі.

Күдері қожа да жалғастыра түсіп:
Бұл келін қожаларға нан қып жатыр,
Ертерек тойынсын деп қам қып жатыр.
Бұл өзі аса мерген келін екен,
Атуға біреумізді қам қып жатыр.

Құлыншақ та бұлардан қалыспай:
Келіннің атқан оғы дәлдеп тиіп,
Біреуін қожалардың қан қып жатыр.
Алты адам түрегеліп отырғанда,
Мәделі оқ тимесе неғып жатыр.

Сонда Мәделі қожа:
Алтауың отырсың ба сасып қалып,
Қай жаққа құтылмақсың қашып барып.
Алтауыңның біріне оқ тисе еді,
Мен әйтеуір құтылдым жатып қалып.

Майлы қожа:
Мәделі жақсы болды құтылғаның,
Бас аман, оқ тиместен бұғып қалдың.
Сонда да оқтан қорқып жата кетіп,
Былғанып қалған жоқ па бұтыңдағың?

Бұдабай:
Жүріңдер, ал қожалар, аттанайық,
Кідіріп енді мұнда тоқтамайық.
Жаңағы Мәделіні атқан келін,
Мылтығын кеп қалмасын оқтап алып.

Жеті қожа жеті ауыз өлең айтып жолға шыға бергенде, алдарынан Ұлбике ақын шыға келеді.
– Қожалар қайда барасыңдар, үйге жүріп мейман болыңдар,– дейді оларға Ұлбике ақын. "Біз шығып қалдық енді" деп Бұдабай көнбейді.

Сонда Ұлбике қожаларға:
Мінгені қожалардың шүйделі көк,
Жеңгенсіп шықтыңдар ма сүйдедім деп.
Қожалар әбден тойып қайттыңдар ма,
Келіннің атып берген үйрегін жеп.

Бұдабай:
Ұлбике, өзің жоқта мейман болдық,
Келіннің үйрегіне әбден тойдық.
Ерке өскен бидің қызы болғаннан соң,
Үйректің бір сирағын саған қойдық.

Ұлбике:
Қожалар біреуің жас, бірің кәрі,
Сіздердей жүйрік болмас жұрттың бәрі.
Өздерің тойып қайтсаң біз разы,
Сарқыты қожалардың кімге дәрі?

Бұдабай:
Ұлбике мына сөзге шамданасың,
Барғанда басқа елге кім боласың?
Ақсүйек қожаларға тіл тигізсең
Мал мен бас, перзентке де кем боласың?

Ұлбике:
Бұдабай жауласпайық елдескенмен,
Бас кесу болса-дағы тіл кеспеген.
Мал мен бас перзентке кем болады деп,
Сен өзің құдайменен сөйлескен бе ең?!

Бұдабай:
Адамзат бұл дүниеге қонақ болар,
Шын дүние өлгеннен соң сол жақ болар.
Қожаны ақсүйек деп сыйлап жүрсең,
Ол жақта барған жерің жұмақ болар.

Ұлбике:
Шын сөзге құлақ түріп еліктермін,
Алданып жалған сөзге келіспеймін.
Жұмақтың о дүниеде бар екенін,
Қожалар қайсың барып көріп келдің?

Бұдабай:
Сенсеңіз ол дүние шын дүние
Қысқа ғұмыр қызығы аз бұл дүние.
Қызықтың бәрі сонда деп айтады,
Ұлбике мұны есітіп білдіңіз бе?

Ұлбике:
Қожалар бізді қайда жетелейді,
Көргендей онда барып неше жерді.
Ол дүние бұл дүниеден жақсы болса,
Қожалар адамға айтпай кетер еді.

Бұдабай:
Білсеңіз мына жалған, жалған, жалған,
Немене жалған емей жаныңды алған.
Барыңда баста билік ойна да күл,
Ойнап-күліп өтсе өмір қалмайды арман.

Ұлбике:
Қызығына еліктеп арман қуып,
Жүрген жан қожалармен сайран құрып.
Опасы жоқ жігіті қожалардың,
Кетпей ме оттың басын ойран қылып.

Бұдабай:
Ұлбике айтқан сөзге шамданасың,
Жаратқан жат жұрттық қып, қыз баласын
Қожаның алып жүрген дәрісі бар,
Қадалса жазатұғын таз жарасын.

Ұлбике:
Бұдабай мінезің бар қожаңдаған,
Қожаңдап талай қожа мазамды алған.
Тәуіп бол, тәуіп болсаң, өзіңе бол,
Әкең де өз шешеңді жаза алмаған.

Бұдабай:
Аулыңа келіп едік іздеп тауып,
Барасың беттен алып, төске шауып.
Қожаларды айтысып жеңе алмайсың,
Бәйге алмайды деген ғой байтал шауып.

Ұлбике:
Қоғаны орып жисаң шөп болмайды,
Қожалар ұжымдасып топ болмайды.
Ел-елге тарап жүрген кәсіп іздеп,
Я қазақ ия болмаса сарт болмайды.
Тәуіп болып, балаға сүндет жасап,
Ас суға жетпейді тапқандары.
Еңбек етіп, тер төгіп, мал таппайтын,
Несіне бұл қожалар аспандайды?!
Қожалар озып келіп жүрген жоқ қой,
Қосылып бәйгелерге шапсаң-дағы.

Осыдан кейін Ұлбике мен қожалар айтысты тоқтатып, қайтадан үйге келіп, бағанағы келіннен кешірім сұрап, айып төлеп қайтқан екен.


Халық ақыны Айнабек Нысанұлынан жазып алған зейнеткер Елшібек ҚОНЫСБЕКОВ.

Пікірлер