Жыр жампоздарының жоғын жоқтаған

3093
Adyrna.kz Telegram

Сыр елі дүбірлі той өткізді. Қазақ жыршылық өнерінің қамын жеп, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржан үлгілерін ыждағатпен жинап, жар құлағы жастыққа тимей жүріп еңбек еткен тағы бір жанкешті азамат сексенге толды. Ол – Сыр бойы халық ауыз әдебиеті мен музыкалық мұраларын тау етіп жиып-терген Мардан Байділдаевтың тойы болатын.

Мардекеңнің ересен істері, фольклортануға сіңірген ерен еңбегі, шығарған жыр жинақтары мен араласқан сан сала қоғамдық қызметі хақында алдыңғы буын ағалар аз айтқан жоқ. Біз білетін Мардекеңнің басты ерекшелігі – қарапайымдылығы. Жалпақ жұрттың бәріне бірдей қол ұшы мен тіл көмегін бергісі келіп тұратын еді, жарықтық. Менің ойыма осыдан бақандай жиырма жыл бұрын өтіп кеткен мына бір уақиға орала берді.

Berik  Zhusupov суреті.

1986 жыл. Жалағаш. Қыс айларының аяғы.

Мектеп қабырғасында жүрген оқушы кезім. Жолым түсіп аудан орталығына келсем, мәдениет бөліміндегілер байыз таппай зыр жүгіріп жүр екен. Әдетте, облыстан әтіберлі біреу келетін кезде осылай болатын. Кім келсе де сол адамды күтіп алып, шығарып салу, ән-жырмен көңілдерін көтеру – мәдениет бөліміне жүктелетін үйреншікті шаруа.

Аудандық мәдениет бөлімі әртістерінің алғашқы легі Қазақстан Ленин комсомолының елу жылдығы кеңшарының «Ақарық» бөлімшесіне жетіп те үлгеріпті. Сол кезде жылжымалы автоклуб меңгерушісі, кезінде Ғарекеңдей саңлақтан дәріс алған Жорабек есімді әнші бар болатын. Мәдениет үйінің алдынан соның кездесе кеткені. «Қызылордаға Алматыдан бір топ ақын-жазушы келіпті. Ішінде Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев, Қалаубек Тұрсынқұлов, ақын-жазушылар Сағи Жиенбаев, Мархабат Байғұтов, Темірше Сарыбаев, Иранбек Оразбаев, өзіміздің облыстан Асқар Кіребаев, Манап Көкеновтер бар екен. Сыр бойынан шыққан Мардан Байділдаев деген ғалым алпыс жасқа толыпты. Бүгін туған жері «Аққошқар» совхозында сол кісімен кездесу болады. Сен де жүрсейші, Берік! Бір-екі ауыз терме айтарсың. Үлкен кісілердің көзіне түсесің!» – деп, мені қолқаның астына алып жатыр. Ауыл баласы үшін таңсықтау қала Алматыдан келген кісілер дегесін «барсам-барып-ақ қайтайын» деген оймен дайын тұрған көліктеріне мініп алдым.

Berik  Zhusupov суреті.

Кеңшардың орталық клубы халыққа лық толы екен. Жиналған жұрттан ине шанышарлық орын жоқ. Біз сәл кешігіңкіреп келдік. Кездесу басталып кетіпті. Сахна төрінде жұқалтаң келген қараторы кісі отыр. Микрофон алдында Сағи Жиенбаев өлең оқып тұр. Көгілдір экраннан көріп, жырын жаттап жүретін Сағи аға көзіме бірден оттай басылды. Сабырлы, маңғаз жан екен. Сағидан соң Иранбек Оразбаев Мардан Байділдаевқа жазған жырын оқыды:

... Қай дарынның қай топырақта өніп-өскені,
Қай серінің кіммен сайран кешкені,
Қай сүлейдің кімдерге не дескені?
Бәрі-бәрі, жанғандары, өшкенін,
Ақы-пұлсыз ақ қағазға түсіріп,
Өгіздейін өрге тартқан ғылымды,
Байділдаев – академия көшпелі!

Жұрт сілтідей тынып, кірпік қақпай тыңдап отыр. Күндей күркіреген ақынның буырқанған адуын арыны кеудесіне әрең сиып тұр. Дауысы да құдды бір құрдымның түбінен шыққандай, гүр-гүр етеді. Маған ерекше әсер етті. Иранбек өлеңін оқып болған сәтте әлгі шүңірек көзді қараторы кісі орнынан тұрып, Ирахаңа алғысын айтып жатты. Бұрын-соңды көрмеген адамым.

– Мардан деген осы кісі! –деді, әнші Жорабек, сахна төрінде отырған кісіні нұсқап. Аузымды ашып үлгергенше келесі сөз кезегінің арасындағы аз-кем үнсіздікті толтыру үшін Жорабек мені сахнаға шығарды да жіберді. Қапелімде әбдіреп қалдым. Әп-сәтте бойымды жиып алып, Сыр сүлейлерінің бір-екі термесін әйтеуір айтып шыққан болдым. Құлағымда дүркірей шапалақтаған алақандардың жаңғырығы.

Berik  Zhusupov суреті.

Жұртшылық арасынан: «Қара кемпірді» айт, «Қара кемпірді!» айт» деген дауыстар көбейді. Сол жылдары Алтынбек Қоразбаев ағамыздың аталмыш әнінің Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да түкірігі жерге түспей тұрған кезі. Бұл әнді бір айтқызбай тыңдаушы жұрттың мені сахнадан түсірмейтінін және жақсы білемін. Қалауын жасамасам, даурыққан көптің дәл сол сәтте терме тыңдайтындай түрлері байқалмайды. Ақыры «Қара кемпір» әнін айтуыма тура келді. Ән аяқтала бере, әлгі ерекше дауыс тағы да гүр ете қалды. Бұл жолы қоңыр дауыс бүртүрлі тарғылданып барып шықты. «Әй, сен, жырау емессің бе? Қайдағы «Қара кемпірде» нең бар, әй?! Бала екенсің ғой өзің!..» –деп, Иранбек қолын бір сілтеп, алпамсадай тұлғасымен сахнаны айналып бара жатыр екен...

Көзімнің қиығымен байқап қалдым, менің айтқан жырымды Мардан аға ерекше ықыласпен ден қоя тыңдап отыр. Содан соң біреуді ымдап шақырып алып, құлағына сыбырлағандай болды. Сөйтсем, ауыл басшыларының бірінің үйінде дайындалып жатқан қонақасыға «Кездесуден кейін мына жігітті де алып барыңдар!» деп тапсырма беріпті.

Бірнеше бөлмеге атшаптырым дастархан дайындалған. Елдің азаматтары Мардекең мен Гүлстан жеңгейге және Алматыдан келген ақын-жазушылардың құрметіне қонақасы беріп жатты. Мардекеңнің мерейіне келген осы топтың ішінде Алмас Алматов та бар. Біраздан соң жиналған жұрт тарапынан бір-екі ауыз жыр-терме тыңдағылары келетіндіктерін білдірген ұсыныстар түсе бастады.

Жырды әуелі Алмас бастап айтты. Алекең біраз терін үгіп, терме-жырдың тиегін енді ағыта бастаған сәтте оның жырын бағанағы таныс дауыс тежеді. Менің де жүрегім кеудеме симай, көңілім алып ұшып тұрған.

– Жырау бала қайда, жырау бала?! Жырау баланы шақырыңдар! – деп жатыр екен пәрменді баритон дауыс. Мен домбырамды қапсыра құшақтап, қонақтар отырған бөлмеге кіріп келіп, көріспеген кісілерге сәлем бердім.

– Есімің кім?

– Берік!

– Қайда жұмыс жасайсың?

– Тоғызыншы сыныпта оқимын!

– Айттым ғой әлі бала деп (сол таныс дауыс).

...Содан соң ойыма оралған терме-толғауларды бірінен соң бірін, төгіп айта бастадым. «Ой, пәли!» мен «Көп жаса, шырақ!» деген тілектер жан-жақтан қарша борады. Тек Мардекең ғана үнсіз. Оң қолын жақ сүйегіне таянып алып, көзін жұмып, ұйқыдағы адамдай, мүлгіп тыңдап отыр.

Жыр да аяқталды. Жұрт тағы да тілек айтудың қамына кірісе бергенде, Мардекең басын көтеріп алып:

– Айналайын, өзің бері жақындашы, – деді. Сосын: «Оу, ағайын, мынау Көшеней ғой! Өлген тірілді, өшкен жанды деген осы. Жас Көшенейлерің құтты болсын!», – деп, көптің алдында риясыз батасын берді...

Кетерінде аула ішіндегі жұрттан сәл шеткерілеу тұрған маған қайырылып келіп: «Келер жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының жанынан жыршылық өнерді оқытатын бөлім ашылады. Сен соған міндетті түрде келетін бол, Берікжан!», – деп, көпшілікпен жылы қоштасты.

...Қонақтар мінген жүйрік көліктер даңғыл жолға түсіп, Қызылорданы бетке алды. Сәлден соң ақ мамық қардың үстінде әлгі сансыз машиналардың самсаған іздері ғана жатты. Мен болсам, үмітіме тамызық болып, талаптың тұлпарын мінгізгендей болған әлгі кісіні қашан көз ұшынан ұзап кеткенше жанарым талып, шығарып салып тұрдым...
1987 жыл. Алматы. Жаз айларының ортасы.

Менің қолымда тозығы жетіп, шет-шепірі ақжем бола бастаған, ішіне ақын-жыраулардың әр кезде жарық көрген терме-толғаулары жазылған бір қоңырқай түсті қалың дәптер әлі сақтаулы келеді. Бұл дәптердің бар құндылығы бірінші бетіндегі: «Құтты болсын Берігім, / Жыраулық-тұлпар серігің! Алматы, 3 июль, 1987. Фольклорист Байділдаев М. К.», – деп, Мардан ағаның өз қолымен жазған жалғыз ауыз сөзінде ғана.

Әлі есімде, Жаңақаладан келген жыршы Аман Шобанбаев екеуміз дәл осы күні Қызылорда аэропортынан көтерілген ұшақпен Алматыға келіп, бірден Мардекеңнің шаңырағына аялдадық. Консерваториядан тұңғыш рет ашылғалы жатқан Халық әні кафедрасына құжат тапсырып, бағымызды сынамақшымыз. Мардекең сонда әлгі дәптерді маған беріп тұрып: «Болашақта жаттайтын жырларыңды жазасың» деген еді. Мен дәм бұйырып, осы сапарда консерваторияға оқуға түсіп кеттім де, жасының сәл өтіңкіреп кетуі себепті Аман елге қайтты.

Сөйтіп, Алматыдағы студенттік өмір басталды да кетті. Сабақтан бос кезде алдымен Мардекеңнің үйіне барып сәлем беруге тырысатынмын. Кей күндері консерваторияға іздеп ол кісінің өзі келеді. Біз оқуға түскен жылы консерваторияның халық аспаптары факультетінің деканы композитор Мүлкаман Қалауов болатын. Бұл әңгімелерді кейін, Мүлкаман аға айтты. Мардекең Мүлкаман інісінен алдымен менің сабақ үлгірімімді сұрайтын көрінеді. Әйтеуір, Мардекең келген сайын екеуі ұзақ сөйлесетін. Сөйтсем, жыршылық өнерді қалай дамыту керек, заманауи жыршылардың бағыт-бағдары қалай болады деген сияқты болашақ мәселесінің төңірегінде ой бөліседі екен ғой.

Бірде, Абай даңғылының бойында орналасқан консерваторияның жатақханасына: «Мені Мардан ағаң жұмсады. Тез арада сені тауып кел деп жатыр» – деп, профессор басымен Қалауов келіп тұр. Мүкең екеуміз сол сағатында Мардекеңнің үйіне жеттік. Күндегі әдетінше жұмыс бөлмесінде, қолжазбаның арасына белшесінен батып, қобыраған қағазға кеңірдектен көміліп отыр екен. «Бүгін телевидениемен – Темірше Сарыбаевпен келісіп келдім. Бекділда Алдамжаровтың жүргізетін хабарына Беріктің орындайтын термелерін жаздыратын болдық. Мүлкаман сен де хабарға қатысып, сөйлейсің... Мен де қатысамын», – деп, Мардекең әңгімесін қысқа қайырды да, өзі жедел жинала бастады. «Өлең айтуға дайынсың ба, дауысың бабында ма?» деп сұрау ол кісінің табиғатында атымен жоқ қасиет. «Жырау қандай жағдайға болсын, қашан да дайын болуы керек» дейтін жеке қағидасын өмірі бір бұзбайтын. Мүлкаман ағаның да сылтау айтуға шамасы келмей қалды. Менде де үн жоқ.

Мардан ағаның үйінде атақты шебер Романенконың қызыл түсті ағаштан жасалған шығымы тәуір домбырасы тұратын. «Бұл домбырамен кезінде Көшеней де жыр айтқан» дейтін Мардекеңнің өзі. Мен қабырғада сүйеулі тұрған әлгі домбыраны ала шықтым. Мардекең мен Мүлкаман аға екеуі әңгіме айтып, ширек қадым алда келеді. Футлярлы домбыраны көтеріп, тек соңдарынан ілбіп келемін. Бұл кісінің әдетінде анау-мынау жерге көлікке мініп бару деген болмайды. Көбінесе өзі де жаяу жүреді, қасындағы серігінің жасы кіші болса, оны да жаяу жүргізеді. Шағындығына қарамай өзі сондай шалт қозғалады. Мүлкаман аға екеуміздің табанымыз жерге тимей, дедектеп келеміз...

Телевидениенің қарсы алдынан бізді Бекділда Алдамжаров күтіп алды. Амандасып, әл сұрасып, сәл-пәл таза ауада тұрып қалдық. Бекең мен Мардекең екеуара қауқылдасып, өткен-кеткенді айтып, күлісіп жатты. Тек Мүлкаман аға әңгімеге көп араласпай, өз ойымен оқшау тұр.

Мен болсам іштей буынып-түйініп, қазір эфирде айтуым керек деген толғау-термелерді ой елегінен біртіндеп өткізумен әлекпін. Іштей қайталаған сайын ұмытып қалатын сияқтымын ба, қалай? Жалпы, эфир атаулының ауырлығы да сонда. Мұндай кезде орындаушы бірден ашылып, білгенін бүкпесіз айтып, шарықты шамасы мен барша мүмкіндігін толық көрсете алмайды. Сондықтан реті келсе жыршының репертуарын қалың топтың ортасында жазып алғанға не жетсін, шіркін. Мұндай жерде халықпен етене, тыңдаушымен бетпе-бет отырған кезде жыршы бәйгіге атындай бауырын жазып, барын салады ғой. Оқтай заулап, оттай лаулап, қара тері моншақтап отырған кезінде жазып ала бер, керегіңді де сондай сәтте қалай түс. Мұндайда жыршының айтқан жырында жаңылыс, салған мақамында мін болмайды. Оны өз тәжірибемнен де білемін, жалпыға ортақ жазылмаған заңдылықтың бірі де осы...

Бұл мен туралы түсірілген алғашқы телехабар еді. Мардекең мен Мүлкаман аға Сыр бойындағы ескі жыраулық өнердің өткені мен бүгіні хақында, өмірден ерте кеткен Көшеней туралы, сол Көшеней өнерінің заңды жалғасындай менің дауысым, жыршылық жолым жайлы біраз әңгіме қозғады. Мен сөзге араласқаным жоқ, тек пікір арасында терме айтып берумен ғана шектеліп отырдым. Соңыра, ағалар тағы да хабар барысын өзара талқыға салып жатты. Соған қарағанда хабар нашар болмаған тәрізді. Содан соң тағы да сыртқа шығып алып, тарқаса алмай ұзақ тұрды. Бір Алматы қаласының іші болғанымен бұл кісілердің күнде кездесіп, ауыл-елдің әңгімесін айтып, жиі қауқылдасып тұрмайтындықтары байқалады.

Тап сол сәттегі қылықтары ауылдан келген мен үшін таңсықтау жайт болатын. Көкіректерінде біраз әңгіменің кені қордаланып қалған сияқты. Айтып та жатыр, сонысына қарамай сарқып бола алмай әлек. Арада біраз жылдар өткенде, дәл осындай күйді өзіміз де бастан кешерімізді ол кезде мен қайдан біліппін...

1987 жыл. Алматы. Күзгесалым.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы, Халық әні кафедрасының студентімін. Ақын Темірше Сарыбаев, Мардан Байділдаев және мен – үшеуміз қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаевтың үйіне қарай беттеп келеміз. Бұл жолы қос ағаның ойға алған ізгі мақсаттары: маған сексеннің сеңгіріне шыққан аузы дуалы қарт ақынның батасын алып беру.

Біздің алдымыздан шыққан қыз бала ізет көрсетіп, есік ашты. Күтушісі немесе туысқандарының қыздары болар деп ойладым мен. Біз бірден үйдің екінші қабатына көтерілдік. Абыз ақын жазу бөлмесінде отыр екен. Айнала қаптаған кітап. Құдды бір кітап мұхитының ортасына түсіп кетіп, малтып жүргендейсің. «Бұлардың бәрін қашан оқып, түгесіп болады екен?» деп қоямын ішімнен.

Әңгіме ауаны онша көңілді емес. Қарт ақын екі інісіне жеңіл-желпі ренішін айтып отыр. Мардекең мен Темкеңе қарасам, бастарын шұлғып, тек мақұлдау жағында екен. Әбекең болса, бастырмалатып қояр емес. Сәлден соң барып:

– Мына келіп отырған бала, қай бала? – деп, маған назары түсті. Жаңа ғана еңселері түсіп отырған екі аға мені екі жақтап таныстыра жөнелді...

– Әбеке, есіңізде ме, сізге алғаш Көшенейді әкеліп тыңдатқаным?, – деп еді, Әбділда қарт:

– Әрине, есімде... Жалын еді ғой, тым жас кетті ғой! – деп, көзіне жас алды.

– Ендеше, міне, тағы бір жас Көшенейді алып келдім, батаңды бер! – деді ағасына бастырмалата сөйлеп Мардекең. Жиенбай жыраудың көзін көрген, оның баласы Рүстембекті тыңдап жаңсалы жырдың дәмін алған жайсаң емес пе? «Бұл бала да жыр айта ма?», – деді, Әбділда ақын. Мен тілге келместен домбырамды қолыма алып, білгенімді айта бастадым. Абыз қарт тағы да жанарын жастады...

Ақын қос қолдап таянған таяғына иегін сүйеп отырып, ләм-мим деместен, демін ішіне тартып жырды ұзақ тыңдады. Содан соң лезде қунап, біртіндеп жайдары күйге түсе берді. Ақынның қаңтардың борасынындай ұйытқыған көңілі жадырап, жазға айналғандай. Содан соң кәрі кеудесін тіктеп, екі інісіне әңгіме айта бастады...

Айтып отырғандары бұрын біз естіп жүрген дүниелер емес, бөлек. Сабақты жіптей созып, тыңнан тербеп, көнеден қозғап отыр. Әуелгі пәттегі өкпе де, наз да, көңілін кірлі еткен кірбің де... бәрі-бәрі жайына қалған. Қарт ақынның әңгімесінің арасында мен де домбырамды бебеулете тартып, ауық-ауық нақыл термелерден қысқа қайырып қоямын. Жанына жақын майда қоңыр мақамдар айтылған сайын тамырына қан жүріп, қарт ақынның өңі кіріп барады. Содан соң салалы саусақтарымен бурыл шашын тарақтап алып: «Жүріңдер, жігіттер, жырдың ендігі қалғанын төменге түсіп, Сара жеңгелеріңнің шәйін ішіп отырып, асықпай тыңдайық!», – деді.

Әбекеңнің жары Сара жеңгей өте есті адам екен. Сыр бойына келін болып түскеннен кейін осы өңірдегі мың бұрау мақпал мақамдарды алғаш есітіп, ғашық болғанын айтты. Әбділда ақын болса бала күнінде тыңдаған тарлан жыраулар мен саңлақ күйшілерді есіне алды...

Сара жеңгейдің дастарханының басында осы жолы сыр да, жыр да ұзақ айтылды. Мардекең мен Темкең қайтуға асықпады. Жырдың буына елітіп, әбден арқаланып алған Әбділда ақынның да інілерін қайтарғысы жоқ. Кенет, қарт ақын айтып отырған әңгімесін шорт кесіп, классикалық әндерді Италиядан оқып келген шебер орындаушы, кейінгі өмір-өнер жолын шиеленістіріп алған әнші Амангелді Сенбиннің трагедияға толы тағдыры туралы айтты. Содан соң ол жас өнерпазға не нәрселерден сақтану керектігіне ұзақ тоқталды. Осы әңгімелерден кейін абыз ақынның иегі кемсеңдей түсіп, тамырлары білеуленген білегін көкке көтеріп, салалы саусақтарымен бетін сипап, маған ақ тілеулі батасын берді. Әбділда ақынның отының басында өткен осы бір шуақты жүздесуді сол сәт ешкімнің қиып кеткісі келмесе де, амалсыз қош айтысып, тысқа шықтық.

...Алматының ауасы дымқыл, бүртүрлі салқын. Талдардың да жапырақтары селдірей бастапты. Әбділда ақынның жұбайы Сара жеңгеміздің дидарын менің алғашқы және соңғы рет көруім екен. Көп ұзамай ақынның жары дүние салыпты деген суыт хабар естідім.

1994 жыл. Алматы. Жылы көктемнің басы.
Жанын жегідей жеп жүрген әжептәуір науқасты елемей жүріп Мардекең ақыры ауруын асқындырып алыпты. Жатып қалғанын есітіп, Гүлфайруз екеуміз көңілін сұрап кіріп шықтық. Өкпе аурулары институтында жатыр екен.

– Мынау келін бала ма? – деді, иегінің ұшымен Гүлфайрузды көрсетіп. «Иә» деп басымды изеп, ишарат білдірдім мен. Біз шаңырақ құрғаннан кейін, келінін таныстыру мақсатында Мардекеңнің отының басына талай барғанбыз. Гүлстан жеңгей болмаса, ол кісінің үйде отыруы қиын шаруа ғой. Содан әйтеуір бір реті келмепті. Енді міне, төсек тартып қалған күні көріп тұрғаны...

Мардекең бұрынғыдай емес, меңдеп қалыпты. Басын көтеріп, сөйлегісі келіп еді, ентігіп қалды. Тек «Бақытты болыңдар!» деген сөзді толық айтуға ғана шамасы әрең жетті. Осы сәтте палатаға медбике кіріп келіп:

– Көп тұрмаңыздаршы, қазір шаршап қалады ғой... – деп, сыпайы ғана ескерту жасап өтті.

Бұл Мардекеңмен бұйырған соңғы дидар екен. Сөз арасында көп нәрсеге үлгере алмағандығын айтып, көңілі босап еді. Ақыры, көп ұзамай Мардекеңнің жарық дүниедегі тұз-дәмі таусылды. Ғалымды соңғы сапарға шығарып салуға жиналған халықтан жер қайысты. Нөпір топ қатысқан қаралы жиын да өтті. Үзеңгілестерінің қимас сөздері де айтылды. Содан соң халық аяулы перзенттерін Кеңсайға апарып жерлеп қайтты. Қалғаны баршаға белгілі, көз көріп, көңіл сеніп жүрген үйреншікті жайттар.

Өмірден өтіп кеткесін кейбір адамдардың сыртынан тон пішіліп, аңызы мен ақиқаты аршылмаған қауесет-сөздің көп айтылатын әдеті емес пе. Бұл күнде Мардекеңнің де ғылымдағы тындырған істеріне қатысты айтылатын келелі сөзге қоса, алыпқашпа әңгіме де жетерлік.

2003 жылы «Ана тілі» апталығында Марданның келіні Гүлжанның оқырманмен сыр бөліскен «Жәдігерлеріміздің бір жоқшысы» деген естелік-мақаласы жарияланды. Билік орындарындағы басшы азаматтардан, Мардекеңнің заманы бір қаламдастары мен жақын-жуық шәкірттерінен атасынан қалған мұраға қамқорлық көрсетуді сұраған адал келіннің лебізінде мынадай ойтүрткі мәселе бар: «Ол кісі алғашында Ленинградтағы әскери училищені, одан соң ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. Солай бола тұрса да атақ-дәреже қумады. Білуімше, кандидаттық жұмысы алпысыншы жылдары жазылып біткен... Сөйтіп жүргенде ол кісінің өмір бойы зерттеп, жинап, жариялаған тақырыбынан өзге біреулер «қорғап» кетіпті. Осы уақиғадан кейін атам: «Енді маған атақ керек емес, онсыз да халық арасындағы абырой-беделім жетеді» деп ғылыми дәрежеге ұмтылуды мүлдем қойыпты деседі білетіндер...».

Қамшының қысқа сабындай ғұмырында «Көшпелі академия» (Иран-Ғайып) атанып үлгерген Мардан Байділдаев шынында да Сыр бойы халық ауыз әдебиетінің көркем үлгілерін көп жинаған жан еді. Өкініштісі, жиған-тергенін өзінің көзі тірісінде түгел кәдеге жаратып, саралап-сараптап үлгерген жоқ. Мардан Келдібайұлының жинап, соңына қалдырған қазынасын жарыққа шығару үшін бір кісі түгілі, бірнеше адамның да ғұмыры жетпес еді. Бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай тұтас институт ұжымы бірігіп қолға алатын болса, онда әңгіме басқа.

Бүгінде «Мардан Байділдаев кандидаттық диссертация жазған ба, жоқ па?» деген сауалдың төңірегінде күдік пен күмән көп. Шынында да, сәті түсіп Мардекеңнің әлгі белгісіз жұмысы табыла қойса, абырой болар еді. Бұл хақында Көбей Сейдеханов та 1977 жылы 26 шілдеде «Ленин жолы» газетінде жарияланған «Тұрмағамбет мұрасын толықтырып» деген мақаласында: «Мардан таяуда өзінің көп жылдан бері ыждағатпен зерттеп жүрген «Шығыс әдебиеті және Тұрмағамбет Ізтілеуов творчествосы» атты монографиясын жазып бітірді» деген болатын.

Сыр елі сексен жылдық мерейлі мерекесі тұсында төл перзентінің екі томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруды қолға алып отыр екен. Шынымен де жазылып, қолжазбасы сақталған еңбек болса әлгі монография да осы жолы жариялануы тиіс деп білеміз. Ендеше «Алпысыншы жылдары жазылып бітсе де, белгісіз себептермен қорғалмай қалған (?)» Мардан Келдібайұлының Тұрмағамбет шайыр хақындағы монографиясын оқитын күн де алыс емес деп үміттенейік...

Бар саналы ғұмырын жыр жампоздарының жоғын жоқтауға, барының мұрасын тақтауға арнаған жанкешті ғалымның ендігі жерде соңына қалдырған әдеби мұрасын жүйелеу, сұрыптау, ғылыми електен өткізу, сөйтіп, халықтың кәдесіне жарату – жер басып жүргендер үшін аманат, әрі парыз!


Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Пікірлер