Студентке екі түрлі екпе салған

2707
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда дәрігерлер алғаш рет "ХаятВак" вакцинасын алған студентке "Спутник-V" вакцинасының екінші компонентін салып жіберген деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

Осы жағдайдан кейін енді екпе орталықтарында әр вакцина үшін жеке кабинеттер ашылатын болды.

Нақтырақ айтсақ, Қарағандыда 19 жастағы студент қыз бен оның әпкесі вакцинаның екінші компонентін алуға бірге келген. Сіңлісі екпеге кіріп шыққаннан кейін өзіне салынған екпенің "Спутник-V" екенін байқаған. Бұған дейін екеуі де "Хаятты" алған. Студентке екінші компонентті "Спутниктен" салып жібергені анықталған.

Бүгінде оның денсаулығы бірқалыпты. Студент қыз вакцинаны Санкт-Петерборға оқуға барарда қиындық тумасын деп өз еркімен салдырыпты. Енді ол күн сайын өзінің денсаулығы жайында дәрігерлерді хабардар етуі тиіс. Ал компонеттерді шатастырып алған медбике жазаланды.

"Қате жіберген медицина қызметкеріне тәртіптік жаза қолдандық. Ол екпе жұмыстарынан шеттетілді. Шатыстырмас үшін енді вакцинаның әр түріне жеке кабинеттер белгіленді. Ал екі түрлі вакцинаның компонеттерін алған Қарағанды қаласының тұрғыны біздің ерекше бақылауымызға алынды. Тіпті бұл жөнінде республикалық дәрігерлер консилиумын өткізуді жоспарлап отыр", - дейді Қарағанды қаласы №1 емхана директорының орынбасары Ирина Кузнецова.

Дәрігерлер екпе алатын азаматтарға барынша мұқият болуға кеңес береді.

 "Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер