Әлихан Бөкейхан: 13 жаста қыздың күйеуге тиюі үлкен зиян

3746
Adyrna.kz Telegram
Әлихан Бөкейханұлының 1914 жылы "Қазақ" газетіне жарияланған "Мұсылман сиезі" атты мақаласын оқып шығып, біраз мәселеге қаныққандай болдық. Ресей Империясының арнайы дайындықтан өткізген дін таратушыларының қазақ тілін бұрмалап, түп қайнарынан алыстатып, бұзуға тырысуы, 13 жасар қыздарды ерте тұрмысқа беруді заңдастарға әрекет жасауы тәрізді сорақылықтарына көз жеткіземіз. Көрсеқызар молдалардың "қыз баланы тұмақпен ұрғанда құламаса, оның балиғат жасқа жеткені" деп үкім шығарып жүрген кезі осы болса керек. "Татар - жүрген жері қатер", "Аңқау елге арамза молда" деген халық сөздері осы тұста пайда болуы әден ықтимал. Енді Әлихан Бөкейханұлының мақаласына кезек берейік. 
"Адырна" порталы  
 
Мұсылман сиезі қараған закон жобасында жазылған екен, рухани мекемелерде қағаз татарша тілмен жазылсын деп. Бұл біздің қазақ жұртына ыңғайсыз екені көзге көрініп тұр. Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған іргелі ел жоқ. Біздің тілді біздің қазақ жерін араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан білсін, біз кітап жазып, журнал-газет шығара бастағанымыз осы 3-4 жылдың ғана арасында. Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта... 
Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады (Бұл жоғарыда жазылған ақын сөздері сиезде сөйленген жоқ).
Біздің қазақ осы тілін тастап, татарға міңгескені адасқандық болар, біз, қазақ татар тіліне шорқақпыз, татар тілі деген тіл тағы біреу емес. Кавказ, Қырым ауылындағы татарды Қазан татарымен сөйлестірсе, бірін-бірі ұға ма, жұртқа ыңғайлы болу үшін рухани мекеме қағазы әр облыста әр жұрттың өз тілімен жазылсын дедік Жиһанша екеуміз. Қағаз тілі бір болса, мұсылман бірігуіне жақсы, законда татар тілі болсын деп көріне сөйлеген қазірет Хұсайын, өзге хазіреттер де Хұсайын пікірін қабылдайтын көрінеді. Бақытжан ағамыз қазақта тіл жоқ деді. Көп таластан кейін сиез рухани мекеме қағазы "татар-түрік" тілімен жазылсын деді. Біз қазақ тілі законға жазылсын деп қарыса алмадық, бүктемеде қалатын қалатын болған соң. Жығылатын болған соң "Түрік" дегеннің ішінде кірдік қой деп тоқтадық. Түбінде біздің қазақ тілі бізбен тұқымы бір өзге мұсылманды байытпаса, біз біреуге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.
Закон жобасында жазылған екен, әйел 13 жасқа толса, некеге шарт болсын деп.
Талғат, доктор Хұсайынбек Ағаев 13 жаста адам баласы өсіп жетілмейді, бала көтеруге жарамайды, 13 жаста қыздың күйеуге тиюі үлкен зиян, 13 жаста ақыл да тола ма, 13-тегі бала не шаруа басқарады, жаконда неке шарты 16 жас болсын деді. Талғат һәм Хұсайынбекпен ақсақал хазіреттер көп тартысты, 13 жас шариғатқа дұрыс, 16  болса шариғат бұзылады деп. Депутат Жағыпаров айтты: Кавказда әйел баланы бөрікпен ұрып, жығылмаса, неке қиып алады, бұ да шариғат болғаны ма? Ақырында Ғұмыр құдіреті хазіреттерді бүктеп, законда неке шартына әйел жасы 16, ер жасы 18 болып жазылды.
Муфтиге қандай өнерлі кісі лайық деп сөз болғанда, муфти орнына сайлау шарты мынау болсын: дін туралы кітап жазып, кітабын сынға алып, бәйге алған ғана кісі сайлансын, мына Европа университеті ғұламасының жолы сияқты деп едім. Маған жалғыз Мосы әпенді қосылды. Біз бүктемеде қалдық.

Сералы Латин рухани кісілер атқаратын билік туралы сиез алдына закон жобасын тартқан еді, бұл жоба бүктемеде қалғандай болып, закон жобасын қарайтын кісілер қолына тапсырады. Сералы закон жобасын мұнда жазуға уақытша қалам мүжіліп тұр. Жиһанша біздің мұсылман рухани істері ішкі министрден тысқары, суд министрі икемінде болсын деп еді, бұ да бүктемеде қалды.


Әлихан БӨКЕЙХАНҰЛЫ
(Әлихан. Мұсылман сиезі. "Қазақ". Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. - "Қазақ энциклопедиясы", Алматы, 1998. - 118-119 бб.) 
 
Пікірлер