Қораға айналған мазар

2582
Adyrna.kz Telegram

Аңғарып зерделеген адамға бұл жерде көптеген кесенелер мен күмбездер болғанын білуге болады. Өкінішке қарай, сол тарихи ескерткіштер жайылымдағы жылқының қорасына айналған. Олардың арасында Болған ана мазары да тұр.  Бұл мазар және онда рухы мәңгі сая тапқан ана туралы нақты дерек те, аңыз да көп айтылған, жазылған.

Орыс саяхатшысы Николай Рычковтың 1771 жылы жазуынша, одан кейін Шо­қан Уәлихановтың, Ақселеу Сейдім­беков­тің, Бақтияр Әб­діл­даұлының дерек­тері мен археолог-ғалым Е.Бәйте­новтің зерт­теуінше, бұл орта ғасырдан қалған тар­ихи жәдігер. Болған ана Шыңғыс хан­ның немересі, Жошы­ның үлкен қызы.

Шыңғыс Ұлы Даланы билеуді алдына мақсат еткенде бұл өңірде қазақ ұлыстарының ықпалы күшті болатын. Қазақтан шыққан тұңғыш тарихшы Жамал Қаршидың жазып қалдырған дерегі бойынша олар Жетісудағы ең мықты ұлыс болып, Ал­малық қаласына билігін жүргізген. Ал­ғаш Алмалықтың ұлыс­бегі Озар мен оның ба­ласы Сұнақ-тегін Қарлұқ елімен бірлесіп, Баласағұнды қорғайды. Алай­да сұрапыл қуатты күшке қарсы тұра алмайды. Сондықтан да Алмалық қаласымен бірге билі­гіндегі өзге де қалалар мен қамал­дарды ерікті түрде Шыңғыс ханға қосылуға шақырады. Бұған риза болған Шыңғыс хан Сұнақ-тегінге Жошының үлкен қызы Болған бикені қосады. Қазақ ұлыстарының бек­теріне көп-көп сыйлықтар беріп, оларды Шағатай ұлысында ең құр­меттілердің қатарында бірінші орынға шығарады. Ал күйеу балаларын тәрбиелеген, аталығы болған ойшыл Жамал Қар­ши барлық салықтан босатылып, ұлыс­та ер­кін жүріп-тұруына рұқ­сат бере­тін жарлыққа ие болады.

Біздің айтпағымыз тарих емес, осындай тарихи мәні бар жә­дігердің қараусыз қал­ғаны. Тарихшылар осы жерге Шы­ң­ғыс ханның екінші әйелі Құлан қатын­ның, Болған ананың күйеуі­нің, тағы да басқалардың жер­ленгенін, ба­сына биік кесене орнатылғанын да ай­тады. Болған ананың кесенесі ерекше, яғни кірпіштерді қиғаш қалау әдісімен салынғанын, сыр­­ты аппақ болған деген дерек бар. Нақтырақ айт­қанда, Жошы ханның кесе­несінен жүз шақырымдай қашықтықта мәңгі рух­тары сая тапқандар туралы зерттеу жұ­мысы жет­кіліксіз екенін де айта кету керек сияқты. ХІІІ ғасырдың тарихи жә­дігері Болған ана кесенесінің бүгінгі кейпі өте аянышты. Ұмыт қалған. Тарихи мәні болса да айтыла бермейді. Кезінде ананың Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қа­зақстан облыс­тарындағы ұр­пақ­тары кесененің ұзақ уақыт сақталуына бағытталған жұмыс­тарды қолға алмақ болған. Бірақ олар көлемі 56х50 метр болатын, төбе­сі түсіп қалған, төрт қа­бырғасынан бас­қа ешнәрсе қалмаған кесененің басы­на барып, дұға бағыштаудан, көк тас қоюдан аса алмады. Себебі кесене тас жолдан жырақтау, жол жоқ. Сон­дық­тан да олар «Мәдени мұра» аясын­да жөнделетін шығар деп ойлаған. Қазір ру­хымызды жаң­­ғырту бағытында сер­пінді іс­­­терді қолға алған еліміз, оның ішінде, Қарағанды облысының мә­­дениет бас­қармасы Болған ана ке­­­сенесінің көз алды­мызда қи­рауы­на жол бермес деген сенім бар.


Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,  Қазақстанның мәдениет қайраткері, 

ТАРАЗ

Суретті түсірген  Нұрқуат Бәйтерек,

 https://egemen.kz/article/160387-qoragha-aynalghan-mazar

Пікірлер