Халықаралық турнир тұңғыш ғарышкерге арналды

1954
Adyrna.kz Telegram

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің есімі тарихта қалатыны сөзсіз. Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының батыры атанған, ел мақтанышы биыл 75 жасқа толып, мерейлі мерейтойын атап өтуде. Ұлы даланың ұшқышы Тоқтар Оңғарбайұлының құрметіне орай бүгін ауданымызға қарасты «GULNAR BAQ» демалыс орнында құмдағы волейболдан халықаралық жарыс ұйымдастырылып, оның ашылу салтанаты мен алғашқы ойындары өткізілді. Дүбірлі доданың өтуіне Алматы облысының әкімдігі мен «Буревестник-Алматы» волейбол клубы ұйытқы болды.

Спорттық іс-шараға мерейлі 75 жасқа жеткен, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров арнайы шақырылса, құрметті қонақтардың қатарында Қазақстанның халық жазушысы, «Невада-Семей» полигонын жабу үшін күрескен, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, белгілі күйші Секен Тұрысбеков, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев және басқа да қоғам қайраткерлері болды.

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы алғашқылардың бірі болып сөз бастап, қазақтың тұңғыш ғарышкеріне деген ізгі тілегін, ілтипатын білдіріп, осындай аңыз адамның қазақтан шыққанына қуану керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Далабаев облыс басшысы Амандық Баталовтың арнайы құттықтауын жеткізіп, осындай игі бастамаға себепші болып отырған «Буревестник-Алматы» волейбол клубының президенті Амангелді Шабдарбаевқа ерекше алғысын білдірді. Мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын, ақ тілегін құрметті қонақтардың бірі Олжас Сүлейменов те арнап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.Спорттық бәсеке басталар алдында бұл турнирдің басты кейіпкері, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров өзі де бір-екі ауыз жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде осындай басқосуға себепкер болған А.Шабдарбаевқа деген шынайы ризашылығын білдіріп, достықтары қашанда жоғары екенін айтып, бұл додада жеңіліс болмайды, тек спорт қана жеңетінін ерекше көңіл-күйде жеткізді. Ал, өз кезегінде генерал-лейтенант Амангелді Смағұлұлы халықтың мақтанышы Т.Әубәкіров жайлы жақсы естеліктерімен бөлісіп, сөз соңында қазақтың тұңғыш ғарышкеріне және басқа да бірқатар қадірлі қонақтарға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Құтты меймандардың спортшыларға деген тілектерінен кейін, жарыстың алғашқы ойындары да басталып кетті. Бүгінгі ойынға 40-тан астам ерлер мен әйелдер, сонымен қатар көршілес Өзбекстан мемлекетінен бірнеше команда қатысты. Олар жұп ретінде және төртке төрт болып, қарсылас ретінде бақтарын сынайды. Үш күнге созылатын жарыстың жалпы жүлде қоры – 1 млн. теңге.

Пікірлер