Бүгін Софы Сматаевтың туған күні

7333
Adyrna.kz Telegram

Бүгін атақты жазушы, драматург Софы Сматаев сексен жасқа толды. Әлеуметтік желілерде өнер адамдары жазушыны құттықтап жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Бүгін - алтыннан ардақты, күмістен салмақты, жаны саф таза жазушы Софы Сматаев ағаның сексен жастың сеңгіріне шыққан туған күні!

Әлекедей жаланған әлеуметтік желіні сексен жасында жүгендеп, ерттеп мініп, елмен еркін араласып отырған батыл жүрек ағаның жасампаз да жеңімпаздығы кімге болсын үлгі-өнеге», - деп Төреғали Тәшенов жылы лебізін білдірді.

Ал Думан Рамазан жазушының шығармашылығын, соның ішінде «Елім-ай» романын талдап, одан бөлек құттықтау тілегін жазыпты.

«Міне, мерейлі 80 жасқа толып отырсыз. Сізге берген Құдайдың ең үлкен сыйы осы. Бұл жасқа келген де, келмегенде бар. Мәселе, қалай келуде?! Сіз осынау мерейлі жасқа ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен, зор табыспен, ірі жеңіспен келіп отырсыз. Қолыңыздан қаламыңыз түскен жоқ. Қал-қадіріңізше туған еліңізге ақ-адал қызмет етіп келесіз. Жұмыр басты пендеге, елі мен халқын сүйетін қаламгерге бұдан артық бақыт жоқ. Шын бақыттысыз, Аға! Бағыңыз баянды болсын, қуанышыңыз ұзағынан сүйіндірсін! Қашанда мерейіңіз үстем, мәртебеңіз жоғары, абыройыңыз асқақ болсын!

Біз Сізді қазақ әдебиетінің классигі деп білеміз! Солай танимыз, бағалаймыз. Шынында да солай! Сіздің шығармаларыңыз әлі талай ұрпақтың таным-түсінігін ұштап, көзқарасын қалыптастырып, көңіл көкжиегін кеңейте түсеріне сенімдіміз!

Аман болыңыз, Аға! Ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын!

Адам ұрпағымен мың жасайды! Ұрпағыңыздың қызық-қуанышын көре беріңіз!

Халқыңыздың сүйіспеншілігі мен қалың оқырманыңыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіз!

Құдайым, бойыңызға да, қаламыңызға да қуат берсін!», - деп жазды ол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер