Қостанайда азық-түлік тауарларының бағасы 6,1 пайызға артқан

2385
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Архимед Мұхамбетов  Қостанай облысының 2021 жылдың ағымдағы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Қостанай облысының өнеркәсіп кәсіпорындары 860,4 млрд теңгенің өнімін өндірген. Есепті кезеңде өңір экономикасына 117,0 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Жалпы облыс бойынша құны 168,6 млрд теңгеге 97 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Соның арқасында 6,5 мың жұмыс орны ашылған.

— Облыста ауыл шаруашылығы экономиканың екінші базалық бағыты болып есептеледі. Оның үлесі 12,5%-ке тең. Салада 117 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл  — жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 25 пайызы. Республика бойынша біздің облыс ұн өндірісі бойынша бірінші, сары май, сүт және қоюландырылған сүт өндіруде екінші, йогурт, сүт және ашытылған кілегей, макарон өнімдері өндірісі бойынша үшінші орында тұр. Биыл ет өндірісі 4,7 пайызға, сүт өндірісі 2,5 пайызға артты. Жалпы, астықты өңір тамақ өнімдері өндірісінің экспорты бойынша өткен жылы республикада бірінші орын алғанын атап өткен жөн, — деді А.Мұхамбетов.

Ол брифинг соңында журналистер тарапынан өңірдегі автокөлік жолдарын қалпына келтіру, тұрғын үй салу, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Облыс әкіміне "Адырна" ұлттық порталының журналистері де өз сауалын ұсынды. "Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?" деген сауалға А.Мұхамбетов былай деп жауап берді:

— Биыл облыста тұтыну бағаларының көрсеткіші 103,3 пайызды  құрады (Қазақстан Республикасында – 103,5 пайыз),  оның ішінде азық-түлік тауарларының индексі —  104,8 пайыз (Қазақстан Республикасында – 104,9%). Биылғы бес айдың ішінде өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының баға индексі 6,1 пайызға дейін өсті. Бұл орташа көрсеткіш деп ойлаймыз. Себебі қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша бұл көрсеткіш 6,7 пайызға дейін жетіп отыр. Жалпы жыл қорытындысы бойынша өңірлік өнімнің кемінде 3,0 пайыз өсімін күтудеміз. Жуырда бағасы қымбаттаған көкөністер, оның ішінде картоп, сәбіз бағалары біздің облыста тұрақталып келеді, атап айтсақ, баға эскпорттық бағалардан төмен.

 

"Адырна" ұлттық порталы. 

 

Пікірлер