Cарыарқа төріндегі кеншілер шаһары бойынша туристік гид: Қарағанды қаласына саяхат

3705

Қарағанды қаласына қалай жетеміз, қайда тұрақтаймыз және ең бастысы, қандай қызықты жерлеріне баруымызға болады?

Қарағанды қаласы – еліміздің индустриалдық жүрегі мен тірегі, өндірісі өрлеген, рухы төрлеген киелі өңір. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қарағанды жаңа бастамаларға, өзгеше түлеуге бет бұрды. Енді қала өнеркәсіп пен экономиканың, теміржол мен әуе жолының аса маңызды торабы ғана емес, сондай-ақ әдеби-мәдени құндылықтармен тоғысып, руханиятпен толысқан ғылымы мен мәдениеті дамыған рухани орталыққа айналды.

 

Қала атауының тарихына көз жүгіртсек...

Бір нұсқа бойынша «Қарағанды» атауы қала маңында сары акация түрінде кең таралған бұта – «қараған» деген қазақ сөзінен шыққан. «Қараған» сөзіне жалғанған «-ды» жұрнағы сын есімді білдіреді, осыған сәйкес Қарағанды – бұл қараған жайлаған жер болып саналған.

Екінші деректерге сүйенсек, Қарағанды – кеншілер қаласы екендігіне назар аударамыз. 1833 жылы осы өлкеден бақташы бала Аппақ Байжанов көмір тапқандығы туралы аңыз кездеседі. Жергілікті тұрғындар осында өндірілетін көмір пласттарын алғаш көргенде, оны бастапқыда ұйыған қара қанға ұқсатқан. Соған сәйкес, бұл жердің басты байлығын «қара қан», «қара (қою) қан», «қара ұйыған қаны бар жер», - деп болжамдай келе, ел ішінде қала атауын «Қара+қан+ды», одан кейін «Қарағанды» - деп атап кеткен.

 

Қалаға қалай жетуге болады?

Қарағандыға кез-келген көлік түрімен: ұшақпен, пойызбен немесе автобуспен жетуге болады. Мұның бәрі сапарға қанша уақыт пен қанша қаражат жұмсауға дайын екендігіңізге, сондай-ақ сіздің қай қаладан жол жүретіңізге де тікелей байланысты болады.

Ұшақпен ұшып келемін десеңіз:

Әуе билеттерінің құны авиакомпаниялар мен ұшу күндеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Билеттерді сапардан екі-үш апта бұрын сатып алғаныңыз әлдеқайда тиімді.

Бір бағыт бойынша авиабилеттің орташа құны:

Алматы-Қарағанды - 15-40 мың теңге

Шымкент-Қарағанды - 12-37 мың теңге

Семей-Қарағанды - 23-41 мың теңге

Әуежай қала орталығынан 22 км қашықтықта орналасқан. Таксидің орташа құны: 1500-2500 теңге.

 

Пойызбен жол жүремін десеңіз:

Пойыздардың жүру кестесін, маршрут нұсқаларын және орын түрін «Қазақстан темір жолының» ресми сайтынан тауып, таңдауыңызға болады.

Бір бағыт бойынша поезд билетінің орташа құны:

Алматы-Қарағанды - 5-20 мың теңге

Нұр-Сұлтан- Қарағанды - 2-8 мың теңге

Шымкент-Қарағанды - 5-20 мың теңге

Семей-Қарағанды - 5-8 мың теңге

Қарағанды теміржол вокзалы қала орталығының жанында орналасқан, сондықтан сіз, еш ойланбастан қоғамдық көлікті пайдалана аласыз. Қала ішінде автобуспен жол жүру құны - 80 теңге (қолма-қол ақшамен). Қала бойынша таксидің орташа бағасы - 500-1000 теңге. Вокзал маңында такси жүргізушілері көп кездеседі, алайда олардың қызметінің бағасы тым жоғары. Сол себепті, арнайы таксиге тапсырыс беру қызметін қолданғаныңыз абзалырақ.

 

Автокөлікпен жеткіңіз келсе:

Елордалық туристер inDriver жолаушылар тасымалы қызметін пайдаланып, Қарағандыға көлікпен жете алады. Қарағандыға дейінгі жол үш сағаттан аспайды. Сапардың орташа бағасы 1 адам басына - 3000 теңгені құрайды.

 

Қайда тоқтап, орналасамыз?

Қонақ-үй

Қонақ-үйлер арасындағы ең тамаша нұсқа ретінде - қалада 1935 жылы ашылған алғашқы қонақ үйлердің бірі - «Чайка» деген туристік орынды ұсынамыз.  Аталмыш қонақ-үй «Қарағанды қаласының орталығында, Орталық саябақтың жанында орналасқан.

Қонақ-үйде бір күн қонудың жалпы құны – 12 000 теңгеден басталады.

Балама нұсқалары: Inn Ozz (13 000 теңгеден), Meridian (14 000 теңгеден), Hotel Senator (17 000 теңгеден), Apart Hotel (20 000 теңгеден), Ar Nuvo (22 000 теңгеден) басталады.

 

Хостел

Қарағандыда хостелдер көп емес, олардың көпшілігі орталықтан алыс жерде орналасқан. Сондықтан, біз Hostel Econom-ді ұсына аламыз. Ол орталықтан бірнеше аялдамалық жерде орналасқан. Бір түннің бағасы: 1 800 теңгеден басталады.

 

Жалдамалы пәтер

Егер сіз, қонақ үйлерде түнегенді ұнатпайтындардың қатарынан болсаңыз, Қарағандының дәл орталығынан тәулігіне 7000 теңгеден басталатын пәтер жалдауыңызға болады. Жалдамалы пәтерлердің көпшілігінде адамға қажетті барлық ыңғайлы жағдайлар жасалады.

 

Қайда барамыз?

Қаланың мәдени өмірі қызықты да көңілді. Қарағандының өз басында көрнекті жерлердің көпшілігі бір-біріне жақын орналасқан және оларды жаяу жүріп өтуге де болады.

 

"ШАЛҚЫМА" КОНЦЕРТ ЗАЛЫ

Мысалы, ең алдымен қаламен танысуды 1939 жылы салынған «Шалқыма» концерт залына барудан бастауыңызға болады. Ол жерде өнерді ерекше құрметтейтін жандар үшін классикалық музыка концерттерімен қатар композиторлар, дирижерлар және музыканттар өнер көрсетеді.

 

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1932 жылы ашылып, 1938 жылы облыстық өлкетану мұражай дәрежесіне ие болды, ал 1964 жылдан бастап, мұражайдың атауы тарихи-өлкетану деп өзгертілді.

Бүгінде, Қарағанды облысындағы ірі мұражайлардың бірі. Музей қорында 150 мыңнан астам археологиялық, этнографиялық, сәнді-қолданбалы өнер, нумизматика және тағы басқа коллекциялардан тұратын ерекше жәдігерлер сақталуда.

 

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МҰРАЖАЙЫ

Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы Қазақстан Республикасының аумағында ғана емес, бүкіл ТМД аумағында да бірегей мұражай болып табылады.

ЭкоМұражайда еліміздің барлық өңірлерінің көптеген экспонаттары: зымырандар мен ұшақтардың бөлшектері, кеңестік және посткеңестік кезеңдегі өндірістік және әскери техникалары жинақталған.

 

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МҰРАЖАЙЫ

Қарағанды облысындағы аталмыш жалғыз көркем өнер мұражайы - 1988 жылы ашылды. Бүгінгі күні мұражай қорында 10 мыңнан астам жәдігер бар.

Мұражайдың «Алтын қоры» 40 Еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің және ТМД мен Қазақстанның Халық суретшілерінің шығармаларынан тұрады.

 

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫ

Республикамыздағы үлкен өнер ордаларының бірі - Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры 1932 жылы құрылды. 1964 жылы театрға елімізге белгілі жазушы Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді.

Киелі өнердің қара шаңырағы театр тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған өнер майталмандарын мақтан тұтады. Олардың арасында КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мүлік Сүртібаев, Қазақ КСР халық әртісі Рахия Қойшыбаева, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Әйзен Мұсабекова және тағы басқалары бар.

 

ҚАРАҒАНДЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ ТЕАТРЫ

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры өзінің театрлық маусымын алғаш 1973 жылдың 16 қарашасында М.Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасымен ашқан болатын.

Бүгінгі күнде бірнеше онжылдық тарихы мен дәстүрі қалыптасқан театр сахнасында сондай оперетталардың асқақ рухы, өміршеңдігі мен шынайылығы, сән-салтанаты сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келеді.

 

КЕНШІЛЕР МӘДЕНИЕТ САРАЙЫ

Қарағанды қаласының басты ерекше ғимараттарының бірі - Кеншілер мәдениет сарайы 1940 жылы салынып, 1952 жылы қолданысқа берілді. Облыстың барлық ірі іс-шаралары мен рухани-патриоттық кештері дәл осы ғимаратта өткізіледі.

Кешен 1000 адамға арналған көрермендер залынан, вестибюлден, жоғарғы және төменгі қабаттағы 2 фойеден тұрады.

Сондай-ақ қала аумағында Абай Құнанбайұлына, Нүркен Әбдіровке, Бұқар жырау Қалқаманұлына, Ғабиден Мұстафинге, Аппақ Байжановқа және т.б тарихи тұлғаларға арналған 50-ге жуық  мәдени ескерткіштерді, Нүркен Әбдіров атындағы Спорт сарайын, цирк ғимаратын, «Шахтер» стадионын, «Шахтер Даңқы», «Мәңгі алау» әскери даңқын, Ауғанстанда қайтыс болған жауынгер қарағандылықтар құрметіне арналған сәулет-мемориалдық ансамблін және басқа да қызықты жерлерді көптеп кездестіре аласыз... 

 

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар