МАҚСАТ ЖАҚАУ: Домбыраның үні неге үнсіз?

3736
Adyrna.kz Telegram

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп...деп, қайран Жұмекен Нәжімеденовше ойласақ, қоңыр домбыраның үні туған жердің салқын самалын, жусанның иісін, боздаған ботаның дауысын, ананың жылы алақанын сездіртеді. Бұл не сезім? Бұл ұлттық код.

Руханияттың жаңғыруынан бастау алған бастама, кешегі 2018 жылы Елбасының ұсынысымен қазақтың қарабайыр домбырасына биік ұлттық мәртебесі берілді. Арнайы шілденің бірінші жексенбі күні Домбыра күні деп аталды. Қазақпын деп, осы топырақта туып өскен әрбір қазақстандық, ұлттық өнерді бағаласа әуелі осы домбырадан бастайды.

Марқұм этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлының өз аузынан, 1986 жылы домбыраның және онда билеп тұрған бес адамның суреті бейнеленген тасты қазіргі Жамбыл ауданында тапқандығын, оған профессор Әлкей Марғұланның, неолит дәуіріне жатқызып, домбыраның қазақ сахарасында алты мың жыл бұрын күмбірлей бастағанын дәлелмен ғылыми жаңалық ретінде айтқаны есімізде. Содан бері, мемлекеттің саяси пәрменімен, қара домбыра мен күй ұлттардың материалды емес құндылығы ретінде «ЮНЕСКО-ң» тізіміне енді.

Домбыра «қазақтың жаны» деген Елбасы, көне аспапты ұлттың паспорты хәм бренді ретінде дәріптеп, арнайы күнді белгілеп кетті.
Енді міне, ол ұлттық мейрам ретінде өз елімізде салтанат құруға тиіс.  Бауырына баурап алатын домбыраның қасиеті сонау түрмеде жазасын өтеп жатқан орыс жігітімен болған оқиғасы еске түсіп тұр.

Қарағанды облысының түрмесінде жазасын өтеп жатқан бұрынғы музыка режиссері Александр Скрыльдың сүйікті аспабы гитара болатын. Қазір қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйреніп алған. Оған сол жерде сотталушының бірі үйреткен екен. Александр домбырамен Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын», «Ата толғауы» еркін шертеді. Бәлкім, тағдырдың тар соқпағында табаны тайып, түрме дәмін татқан өзге ұлт өкілдері де домбыраны жанына серік қылып одан жұбаныш тауып жатса, оны тек жақсылыққа жору керек. Александр еркіндікке шыққан соң, ұлттық өнерге ден қоятындығын айтуда. Бұл да сол қара домбыраның қасиеті деп танимын.
Немесе, еліміздің әйгілі күйшісі Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті, әлеуметтік желіде «Акын акынч» деген атпен танымал Андрей Фендриковтің өнеріне қазір халқымыз қанық болып алды.

Дегенмен, әлі де болса, нақты қадамдар аз сияқты. Ең алдымен домбыраны үйретудің толыққанды білімберу бағдарламаларына, әсіресе бала-бақша мен мектеп, керек болса университет қабырғаларында үйрету дәрістерінің енбеуі қынжылтады. Әлемнің озық білім бағдарламаларында болар ұрпағын кемінде екі ұлттық аспапта ойнауға баулитындығын ескерсек, бізде неге әлі осы бағытта сүреңсіз әрекеттердің орын алуы ойландырады.

Керек десеңіз, арнайы өнер бала-бақшаларын, демалыс айларында өнер үйірмелерін еселеп жұмысын арттыруына ерекше көңіл бөлу керек болар...

Скрипка мен пианинаны еврей мен италияндық бүлдіршіндерге тұрақты үйретіп жатқананын кез-келген солардың киноларынан көруімізге болады. Ал қазақ баласын қашан көре аламыз?
Сол себепті бұл жаппай мемлекеттік білім бағарламасына тұрақты бағыт болып енуі тиіс.
Екіншіден, осы аспапты жасап жүрген талай отандық шеберлер бар, әлі де болса ұлттық аспап жасаушы шеберлердің жұмысы дұрыс бағаланбай келе жатқан сияқты. Ия, арнайы тізіммен фонограммамен аузы қимылдағанның бәрін құрметпен құрметтеп, қайраткерлікпен марапаттауға бармыз да, ұлттың жаухарларын сақтап, шашауын шығармай, мына заманда шеберхана ұстап келешек ұрпақтың өнеріне еңбегі сіңіп, қолынан бал тамған шеберлерімізді неге марапаттай алмаймыз?! Бұл мүлдем жұмбақ мәселе, сонда осы саясатқа жауаптылардың құндылығы неде болғаны?!
Үшіншіден, әрине Нұрғисадай, Қаршығадай мықты орындаушы күйшілер келмеске кетті. Бірақ жас ұрпаққа тұлғалық насихат жағы әлі де әлсіз, немесе бүгінгі қазақтан жоғарыда аталған майталман аталарындай дарынды орындаушылар тумағаны ма? Ел арасында насихат аз, содан болар қазақтың домбырасының үні осы күндері сирек естіле бастағаны... Сол себепті ғой, домбыраның үні неге үнсіз деуім, бәлкім, қателескен болармын, бірақ барды бардай, жоқты жоқтай айтқаныма айып етпессіздер...

Пікірлер