Тәж-Махалды салған түркістандық

4443
Adyrna.kz Telegram

Түркі-қыпшақ тайпаларының отырықшылық мәдениеті жайлы айтылғанда, күмбір-күмбір күмбездері көк тіреген асыл тастардан қаланған сәулетті сарайлар, келісті кесенелер еске түседі. Уақыттың өкпек дауылы мен өткір жауыны жеп мүжіген ғажайып ақар-шақар қалалардың көбі бұл күнде құм құрсауында, жер қыртысында қалды.

Қиян-кескі соғыстар мен табиғи факторлар әсем шаһарлардың күйреп, жер бетінен мүлде жойылып кетуіне әкеліп соқты. Бұл дәуірге қадау-қадау қалалардың қирандылары мен қалдығы жетті. Сол бар мұраның өзін зерттеп-зерделеп, оны сөйлете білсек те, аз игілік емес еді. Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Самарқан, Бұхара және Үндістан жеріндегі Моғол императорлары салғызған сәулетті сарайлар – Шығыс архитектура өнерінің бір үзігі. Осынау архитектуралық ансамбльдердің асқақ шыңы, аңыз-әпсанаға бай, ғажайып ғимарат – Тәж-Махал кесенесі. Ол Оңтүстік Азиядағы ғана емес, жер бетіндегі ең сәулетті әрі эрозияға ұшырамай жақсы сақталған құрылыс. Әлемнің жеті ғажайыбының бірі. UNESCO-ның материалдық мәдени мұрасы һәм махаббат мұнарасы.

Атақты билеуші Әмір Темірдің ұрпағы Жаһан шах патшаның сұлу жары Арзуманд-бану бегім Мұнтаз Махал он төртінші баласын босанарда қайтыс болады. Кіші ханым Мұнтаз Махал Жаһан шахтың шын сүйген ғашық жары. Мұнтаз Махал Асаф ханның қызы, тегі түркімен (Жаһан шахтың анасы да түркімен болған). Әлемге махаббат символы ретінде әйгілі Тәж-Махал кесенесі асыл жары Мұнтаз Махалдың құрметіне тұрғызылды. Тәж – сөзі сәулет өнерінің алтын тәжі болса, Махал жарының есімі. (Қазақтар күні бүгінге дейін таза, кіршіксіз, пәк, сұлу нәрсені «мұнтаздай» дейді. Сондағы «мұнтаздай» сөзінің түп-төркіні Мұнтаз Махалға қатысты болуы мүмкін. Себебі Жаһан шах пен Мұнтаз Махалдың ғашықтық аңызы қазақ арасына да кең таралған).

Кесене құрылысы 1631 жылы басталып, 22-23 жылға созылды. Биіктігі 74 метр, бес күмбезді, төрт төңірегінде төрт мұнарасы бар (мұнаралар тек сәндік үшін ғана емес, жел мен селден сақтайтын қорғаныс), ақ мәрмәрдан салынған сегіз қырлы ғимарат. Таң шапағында қызғылт, күндіз ақ­шаңқан, түнде құшағында күміс нұрға шомылатын сиқырлы сарай.

Құрылысты салуға Османлы, Парсы елдерінен және Орта Азиялық Самарқан, Бұхара, Түркістан қалаларынан барлығы 20 мың сәулетші-ұсталар кіріскен.

Бас архитектор түрік нәсілді Иса Мұхаммед және тәжік ұста Ахмад Лахори деп жазылған қазіргі деректерде. Алайда бұрыннан келе жатқан құрылысқа қатысты аңыз-әпсаналарда бас архитектор Иса шебер және Жаһан шах­тың өзі деп аталатын.

Тәж-Махал жайлы тарихи деректер үнді сериалдары тәрізді шым-шытырық. Бірізділік мүлде жоқ. Тіпті үнді тарихшылары Тәж-Махалға қатысты ғана емес, жалпы тарихтарына наразы, шындық жазылмады, империялық экспансияның ықпалына ұшырады, бұл сәулет өнерінің тарихы Моғол императорлары дендеп кірмей тұрғанда да бар еді дейді. Үндістандағы ислам және будда діндерін ұстанатындардың арасындағы қарама-қайшылық пен Моғол империясынан қалған мұраларға деген жатсыну сезімі де байқалады.

Бұл жазбадағы ең негізгі айтылғалы отырған нәрсе – Тәж-Махал құрылысының бас архитекторы түркі текті Иса шебер жайында.

Тәж-Махал құрылысының бас архитекторына қатысты әр түрлі дерек кездеседі. Бірі бас сәулетші парсы текті Ахмад Лахори десе, енді бір деректе түркі текті Иса Мұхаммед мырза делінген. Кейбір жерде екеуінің аты қатар аталады. Ал Тәж-Махал құрылысында түркілік және парсылық нақыштың екеуі де бар. Олай болатын себебі екеуі де бір-бірінен тым алыс емес. Екеуі де Шығыс сәулет өнерінің бір-бір бөлігі. Ғимараттың архитектуралық жобасын зерттеушілер онда арабтық, парсылық, түркілік және жергілікті үнділік ерекшеліктермен қатар, ислам мен будданың тандемі ұштасқан дейді.

Бас шебер жайында ежелден келе жатқан аңыз-әпсана, әдеби фольклорлық шығармалар және қисын, логика да әр текті. Мәселен, Жаһан шах – Әмір Темірдің бесінші ұрпағы. Әмір Темір Орта Азияны билеген жауынгер патша. Алайда, сәулет өнеріне өте құмбыл болған. Әмір Темірдің ұрпақтары Бабыр, Құмайын, Акбар, Жаһангер және Жаһан шах бәрі де сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлген. «Моғол билеушілері император болуымен қатар сәулет әлемінің императоры болды. Олардың ғимараттарға деген құштарлығы шексіз», – дейді Үндістан тарихшылары.

Әмір Темір Қазақстан жеріндегі Түркістандағы Ясауи кесенесін салдырды (1400 ж), ал ұрпағы Жаһан шах Агра қаласында Тәж-Махал кесенесін салдырды (1631 ж). Екі кесененің де кескін-келбетінде ұқсастық көп. Екеуі де бір әулеттің мұрасы. Екінші, аңыз бойынша, бұрынғы аңызда Тәж-Махал құрылысын салған сәулетшінің қолын шапқан. Қолы шабылған түркі текті Иса шебер екендігін үндістандық жазушы Ранджит Десай «Иса» атты туындысында: «Ол Түркістанда, аса шебер құрылысшылар ұрпағынан шыққан» деп жазған.

Сонымен бірге, үндістандық тағы бір лирик жазушы Рагхунатх Ваман Дигхенің Гүлзари мен Яшодхар жайлы мифтік-лирикалық шығармасында Жаһан шахтың бас архитекторы Иса шебер екенін жазған.

Ғимараты тұрғызуға 20 мың құрылысшы қатысқан. Бірақ осының бәрінің қолын шапқан жоқ. «Тарихта Тәж-Махалды салушылар Тәж-Махалдан кейін де көптеген ғимараттардың құрылысына үлес қосты», – дейді бір дереккөзінде. Белгілі сәулетші Ахмад Лахоридың қолы шабылмаған, бірақ Тәж-Махалдан кейінгі құрылыстарға қатысқан архитекторлардың бірі болуы мүмкін.

Міне, жоғарыдағы жазған дәйектермен және көнеден келе жатқан Үндістандағы аңыз-әпсанаға сүйенсек, Тәж-Махал құрылысының бас архитекторы – әлбетте, түркі текті Иса шебер деген түйін шығады. Десе де, бас архитектор түркі Иса шебер деп атағанымызбен, тағы да алдымыздан екіұшты мағлұмат кездеседі.

Мәселен, Иса шебер жайында да үш түрлі дерек бар. Біріншісі, Иса Мұхаммед Византия империясының құрамындағы түрік сәулетшісі дейді. Екіншісі, Османлы елінен келген Иса Мохамед Эфенди екен десе, үшінші бір деректе Иса шебер түркістандық түркі-қыпшақ тайпаларынан дейді. Бұл үш деректің аражігін ажы­рату қиын. Әуелі Византия елінің сол заманда сәулет өнері әлемдік көш басында тұрғандығы тарихтан белгілі. Бірақ ары қарай қазбалап нақты ештеңе таба алмадық… Ал екінші Османлы түріктердің сәулетшісі деген уәж күмәнді. Себебі Османлы еліндегі қала құрылысшылары дені сырттан, Грек, Византия елдерінен болғандығы белгілі. Сонымен қатар жазушы Ранджит Десайдың Иса шебер туралы жазғанында: «Шебер ғажайып құрылысты әуелі қиялында салған. Сосын сол құрылысты салдыру үшін Түркістан билеушісіне және Парсы патшасына барып айтады. Олардың барлығы құрылыстың ғажайып сәулетті екенін, бірақ ондай ғажайып құрылысты салуға қазынасы жетпейтінін айтып шығарып салады. Аяғы жеткен біраз елді адақтайды. Ақыр соңында байлығы шалқыған Моғол императоры Жаһан шах сұлу жарынан айырылып, соған әлемде жоқ керемет күмбез қоюға шебер таба алмай отырғанда кез болады. Шебер патшаға жобасын көрсетеді. Патша өзі ойлағанынан да керемет күмбезді көріп, қай­ран қалады. Сонда Жаһан шах патша: «Ғимаратты салып болғаннан соң екі қолыңды шабамын. Себебі әлемде мұндай ғимараттың тағы да салынбауы қажет. Бұл әлемде жалғыз, дара сұлу болуы керек», – дейді. Осыған дейін ғимаратты салдыруға ақша таппған шебер келісуге мәжбүр болады.

Міне, осы жазбаға қарап ой жүгіртсек, Иса шебердің түркістандық қыпшақ тайпаларынан шыққандығы қисынға келеді. Мәселен, Османлы елі сол тұста дүркіреп тұрған алып империя. Егер бұл Османлы түрік шебердің қиялында туған идея болса, онда Тәж-Махал ғимараты бәлкім Анадолы жерінде салынар ма еді?! Ондай құрылысты салуға Османлы елінің әлеуеті де жетіп тұрған кезі болатын.

Үндістандық тарихшы, профессор Амитра Палиуал: «Моғолдар ғылым мен өнердің билеушісі. Үндістанның құрылысын дамытты. Шахтың өзі де құрылыстардың жобасын сызған. Архитектурада Орталық Азияның үлгісін кеңінен қолданған» десе, тарихшы Салман Кумар «Бұл ұлы өнертуындысын (Тәж-Махал) салушылардың ішінде түркі-қыпшақтар да болды. Олар Орталық Азиядан келген» дейді.

Ағылшын ақыны Эдвард Лир «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж-Ма­халды көргендер және көрмегендер» деген екен. Сол айтқандай, әлемді аралаған, әйгілі Тәж-Махал кесенесін өз көзімен көрген саяхатшы-жиһанкез Сапар Ысқақов бір сөзінде: «Құрылысты (Тәж-Махалды) салушылардың арасында қыпшақтар көп болыпты. Олар тек құрылыс қана емес, әскери іске де араласты» дейді.

Бұл әңгімені айтудағы мақсат – Тәж-Махал ғимаратын салған түркістандық шебер, яғни біздің бабамыз деп мақтану да емес. Өйткені мақтанарлықтай ақтаңдақтардан аршып аларлық әлі де ғылыми ізденістің тапшылығы қынжылтады. Бұл – мол зерттеуді қажет ететін нәрсе.

Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» повесінде сиқырлы ғимарат кескінінде нәзік психологиялық ишаратпен суреттелген көркем көріністер бар. Кіші ханымның патшаға деген сағынышын көрсетуге арналған Көк мұнара ақыр түбі өзіне ғашық болған Жапар ұстаның сезіміне ұласады. Иса шебердің қолынан шыққан Тәж-Махал да Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туған Көк мұнара да – түркі текті адамның қиял жемісі, ой жетістігі еді…

Бақытбек ҚАДЫР,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер