Еуро 2020. Ширек финал ойындарына шолу

2495
Adyrna.kz Telegram

Қызығы мен шыжығы көп футболдан Европа чемпионатының ширек финалдық ойындары мәресіне жетті. Жарыс жолында сайдың тасындай іріктелген төрт команда ғана қалды. Драмаға мен тартысқа толы өткен Еуро 2020 додасының ¼ финалдық кездесулердің нәтижесін сіздермен бірге талқыласақ.

Швейцариялық ертегі аяқталды. Таң қалдырды, таңдандырды.

Швейцария 1-1 Испания (пенальти сериясы бойынша 1-3)

Жарыстың плей-офф кезеңі басталғалы бері барша жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген Швейцария құрамасы жарысты аяқтады. Өз жолдарында тіпті әлем чемпиондары Франция құрамасын жолда қалдырған швейцариялық футболшыларға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Десек те ширек финалдық кезеңің алғашқы матчында Испания құрамасының ойын жағынан басымдығы анық байқалды. Ысқырық пәрмені берілгеннен ақ шабуылға лап қойған испандықтар 8-минутта швейцар қорғаушысы Денис Закарияның қателігінен есеп ашты. Алғашқы голдан кейін испан футболшылары өздерінің жеңісіне тым сенімді болғандай көрінді. Бапкердің дә дәл солай ойлағаны екінші тайм басталған сәтте жетекші футболшылары Пауло Сарабия мен Альварто Моратаның орнына өзге футболшыларды шығарғанынан байқалды. Қателіктер осы жерден басталды. Аталған екі футболшының орнын басқан Дани Ольмо мен Жерар Морено қарсылас қақпасын дәл көздей алмады. Қырағылық танытуға швейцар қақпашысы Ян Зоммер мүкіндік те бермеді. Босаңсыған испан қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланған швейцариялық Джердан Шакири 68 минутта таразы басын теңестірсе, 77 минутта Шакириге пас берген Ремо Фройлер тәртіп бұзып алаңнан қуылды. Тең нәтижемен аяқталған негізгі уақыттан кейінгі қосымша таймдарда да есеп өзгерген жоқ. Швейцариялық қақпашы Ян Зоммер асқан шеберлік танытып, 30 минут ішінде ұлттың бас қаһарманына айналып үлгерді. Өкінішке орай, пенальти сериясында швейцариялық футболшылар бірінен кейін бірі қателесіп, армандарындағы нәтижеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Испаниялықтар өз кезегінде мүмкіндіктерін өте сәтті орындап, жартылай финал жолдамасын қоржындарына салды.

Жұлдызды команда жұлдызды ойыншыларды жеңді.

Бельгия 1-2 Италия

Журналистер мен жанкүйерлердің ойында турнирдің басты фавориті саналған Бельгия құрамасы жарыс жолын ¼ финалдан аяқтады. ФИФА рейтингі бойынша әлемнің нөмірі бірінші ұлттық құрамасы саналатын бельгиялықтардың ұтылуына себеп көп. Тақырып қылып көрсеткеніміздей Бельгия құрамасы нағыз жұлдыз футболшылардан жасақталған. Англия чемпионатының үздік ойыншысы Кевин де Брюйне, Әлем чемпионатының алтын қолғап иегері Тибо Куртуа, ағайынды Эден және Торган Азарлар, Ромелу Лукаку, атай берсек санынан жаңыламыз. Дегенмен, құраманың жалғыз әлсіз тұсы-егде жастағы қорғаушыларында еді. Міне, италияндықтар дәл осы тұстан ауырта соққылар жасады. Италия құрамасына келер болсақ, жастық пен тәжірибенің әдемі қосындысы десек қателеспейміз. Команда белсенді түрде шабуылға да шығады, қорғанысқа да сауатты мән береді. Алаң ортасында қысым жасап, Бельгияның жұлдызды ойыншыларының адымын аштырмайды. Одан қалса қақпада тұрған Джаннулиджи Доннарумма тура соққылардың балығын еркін қайтарып тұрды. Оның қақпасына кірген жалқы голды Ромелу Лукаку соқса, жеңімпаздар тарапынан Николо Барелла мен Лоренцо Инсинье қырағылығымен көзге түсті. Жартылай финал жолдамасына ие болған Роберто Манчини бастаған италияндықтардың алар асулары алда секілді, ал «жүлдесіз жұлдыздар» деген лақап атқа ие болған Бельгия құрамасының ендігі жағдайы не болатыны белгісіз. Құрама мамандарының сөзінше команда алдағы уақытта буын алмасу процессі арқылы негізгі құрамға бірнеше жас футболшыларды енгізбек, бүгінгі қателіктерін қайталамас үшін.

Данияның даты ұзаққа созылуда

Чехия 1-2 Дания

Екі команданы да турнирде тосын сый жасаған құрамалардың санатына жатқыза аламыз. Чехиялықтар 1/8 финалда атақты Нидерланды құрамасын жеңсе, Даниялықтар алғашқы турда орын алған шок жағдайдан кейін естерін жиып, ширек финалға дейін жетіп отыр. Ойын айтарлықтай деңгейде өте қызықты әрі тартысты өтті. Қос құраманың тарапынан орын алған алма-кезек шабуылдар, жанкүйерлердің қолдауы барлығы ойынның көркін одан сайын аша түсті. Юссуф Поулсен, Мартин Брейтуейт бастаған дат футболшыларының шабуылдағы сауаттылықтары тайға басқан таңбадай анық байқалды. 8 минутта жартылай қорғаушы Томас Дилэйни есеп ашса,  42 минутта шабуылшы Каспер Дольберг есепті еселеп, Данияның жартылай финалға шығу мүмкіндігін ұлғайта түсті. Екінші тайм чехиялықтардың толассыз шабуылдарымен басталып, нәтижесінде Патрик Шик есеп айырмасын қысқартты. Еуро басталғалы бері тек әдемі голдар соғып жүрген чех шабуылшысы Шик турнирдегі бесінші голын соғып, сұрмергендер көшінде Криштиану Роналдумен теңесті. Қорытынды есеп осы күйінде сақталды, 2-1 есебімен Дания құрамасы жеңіске жетті. Кристиан Эриксеннің жан түршігерлік оқиғасынан кейін жақсы ойнауды өздеріне мақсат тұтқан дат футболшылары жанкүйерлерді қайтпас қайсар рухымен баурап алды. Жартылай финалдың жолдамасы да осы ұшан-теңіз еңбектің қарымтасы секілді.

Футбол өз үйіне оралады

Украина 0-4 Англия

Ресми түрде футбол ойынының отаны саналатын ағылшын халқы Еурододадағы үлкен нәтижемен мақтана алмай келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Аталмыш кездесу сол себепті Англиялық кез келген жанкүйерге де, футболшыға да аса маңызды еді. Сөз жүзіндегі мықтылықты ағылшындар алғашқы минуттардан ақ іс жүзіндегі мықтылыққа айналдыруға тырысты. 4 минутта соғылған Харри Кейннің голы бұған анық дәлел еді. Андрей Шевченко бастаған Украина құрамасы алғашқы таймның аяғына таман тәуір қарсылық көрсеткенімен, команданың физикалық күші екінші таймды да дәл сондай қарқында өткізуге жете қоймады. Екінші тайм басталған сәттен шабуылға лап қойған «арыстандар» 5 минуттың ішінде қарсыластар қақпасын екі рет дәл көздеді. Харри Кейн екінші голын тойласа, Харри Магуайр турнирдегі алғашқы голын соқты. Бұнымен тоқтап қалмаған ағылшындар 63 минутта есеп айырмасын ұлғайтты. Джордан Хендерсон соққан голдан кейін телетрансляция бізге украин жанкүйерлерінің көз жасына ерік берген бейнелерін көрсетті. Ағылшындар қуанды, украиндар жарыс жолын аяқтады. Жартылай финал мен финалдық кездесулер Англияның Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өтетінін ескерсек, бұл жағдай ағылшын футболшылары үшін үлкен басымдық болмақ. «Футбол өз үйіне оралады» деген жарнамалық лозунгтар қазірдің өзінде қала көшелерін көмкеріп тұр.

7, 8 шілде күндері өтетін жартылай финалдық кездесуде Италия мен Испания, Англия мен Дания өзара мықтыны анықтайды. Жеңгені финал жолдамасына, жеңілгені қола жүлдеге ие болады. Әрине, төртжылдықтың басты бәсекесі болғандықтан кімнің де болса алтын медальды өз елдеріне сыйлағысы келетіні хақ. Шын мықтыны алаң көрсетсін.

Пікірлер