«Алаш-Жолы» ғылыми-зерттеу экспедициясының мүшелері ҚарМТУ студенттерімен кездесті

3259
Adyrna.kz Telegram

2017 жылдың 6 қарашасы күні ҚарМТУ-дың бірінші корпусындағы  № 207 аудиториясында  Алаш қозғалысының 100-жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық «Алаш-Жолы» ғылыми-зерттеу  экспедициясына қатысушы ғалымдар білім  ордамыздың студенттерімен кездесті.

Экспедиция маршруты Алаш қозғалысының қайраткерлері туып-өскен, қызмет еткен Семей, Астана және Қарағанды өңірлерінен өтуде. Семей қаласында  экспедиция мүшелері сапардың «Алаш қала» деп аталатын бөлімін жүріп өтіп, онда Алашорданың негізін қалаушы қайраткерлердің  ұрпақтарымен кездеісіп, бірқатар мәліметтер жинаған. Ал Астана және Қарағанды қалаларындағы сапарларында «АЛЖИР»  және ҚарЛАГ лагерлерінің орнында болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының басынан өткерген қиындықтары жайлы жаңа деректер жинаған. Экспедицияның ендігі нысаны Жезқазған және Баянауыл аймағында жалғасын табады.

Жалпы экспедиция Алаш қозғалысы және оның идеяларын алға  тартқан қайраткерлердің өмірі, қызметі жайлы деректі фильм түсіруді мақсат етіп, жолға шыққан.

Кездесуде өз зерттеулері жайында студенттерге «Адырна» ұлттық-этнографиялық ұйымның директоры,  этнограф, журналист, Р.Б. Сулейменов атындағы Шығыстану институтының PhD докторанты – Арман Әубәкір,  Халықаралық «Көшпенділер цивилизациясы мұрасы»   қоғамдық қорының президенті, этнограф, түрколог, номадист, «Ұлы дала көшпенділері» журналының редакторы – Батыржан Сейдомар, жоба координаторы Дайыр Қыдырғалиұлы әңгімелеп берді. Іс-шараны университетіміздің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Айдар Отарбекұлы Жетпісбаев жүргізді.

Жүріп өткен жолдарда жинаған құнды тарихи деректер, алған сұқбаттары жөнінде баяндай келіп, экспедиция мүшелері ҚарМТУ басшылығы және оқытушылар құрамына  студент жастармен осындай мәнді кездесулерді ұйымдастырып,  мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық ұйымының  Алаш қозғалысының 100-жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш-Жолы» ғылыми-зерттеу  экспедициясының зерттеулерін насихаттауға қолдау көрсетіп, ел тарихына, тарихқа деген құрметтерін көрсетіп отырғандығы үшін  алғыстарын білдірді. Жоба координаторы Дайыр Қыдырғалиұлы үш жыл бойы ҚарМТУ  қабырғасында «Түрік жазуы күнін» өткізілетіндігін де ризашылықпен атап өтті. «Бұның бәрі техникалық бағытта білім беретін ЖОО орны болса да, ҚарМТУ-дың өз білім алушыларын, болашақ Қазақстан азаматтарын идеялық-рухани және патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу ісіне аса үлкен көңіл бөлетін бірден-бір білім ордасы екендігінің дәлелі»,- деді зерттеуші.  

Пікірлер