7 жасар баланы оқушылар жабылып зорлаған

3757
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде осыдан төрт ай бұрын 9-сыныптың 4 оқушысы 7 жасар балаға қысым көрсетіп, мектеп ішіндегі дәретханада зорлаған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бұл оқиға туралы зәбір көрген оқушының әжесі хабарлаған. Оның айтуынша, іс құзырлы органдарға жеткенімен, тергеу амалдары дұрыс жүргізілмеген. Ол баласын қорлағандар жазадан сытылып кете ме деп алаңдаулы. Оның мектеп басшылығы мен ұстаздарға, полиция тергеушісіне қояр сауалы көп.

Аталған оқиға биыл наурыз айында болған. Жеті жастағы ер баланың астаң-кестең болған ішкі күйзелісін әжесі оның салған суретінен байқаған.

"Дәретханада қолымды бұрады, құлағымды бұрады, тепті, басымнан итеріп құлатты, ұрды деді. Үйге келіп баламды суға түсірейін десем, денесін ұстатпайды, еш жерін жуғызбайды. "Жоқ, жоқ, ауырады" деп. Содан саған не істеді деп, сол кезде маған сондай әрекет жасады деп айтты. Мектептің дәретханасында төрт бала тиісті, біреуі күзетте тұрды деді", — дейді оқушының әжесі.

Жеті жастағы оқушы мектепке барғысы келмейтінін анасына да айтқан. "Қорқам, апай күтіп алсын" — депті. Бірақ анасы оны балалығы болар деп ойлапты. Ал мектептегі ұстаздары мен директор болса, кешігіп келген баладан неге мән-жайды анықтамаған деп әжесі шыр-пыр. Дәл сол күні барлық бейнекамера істеп тұрғанда, дәретханаға кіре-берістегісінің істен шыққанына да күдіктеніп отыр. Оқушының әжесі істің дұрыс тергелгеніне де күмәнмен қарайды.

"Баламды мазақ етіп, ұрып-соғып, зорлаған бала қазір бостандықта жүр. Бұл бала екі ай бойы тергелген жоқ. Енді барып тергеушіден сұрасам, бұл бала әкесімен басқа жаққа кетіп қалды, енді келгесін тергеледі дейді. Ол қашан келеді?", — дейді жәбірленушінің әжесі.

Қазір тәртіп сақшылары төртінші күдіктінің анықталғанын және тергеу жүргізілетінін хабарлады. Қылмыстық істі облыстың бас полицейі өз бақылауына алған.

"Жас балаға қатысты нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігімен тіркелген қылмыстық ісі бар. Барлық тергеу әрекеттері аяқталған соң, сонымен қатар сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", — дейді облыстық полиция департаменті №3 қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Р.Жанұзақов.

Сұмдық жайттан кейін баланың психикасы бұзылған. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған бүлдіршін 2 ай бойы психологтың бақылауында болып, 1 апта ауруханада жатып шыққан. Дәрігерлер оның денсаулығында кінәрат бар екенін айтқан. Әлі дәрі-дәрмек ішіп жүр. "Немеремнің балалық шағын ұрлады" деп жылаған ана Президенттен араша сұрап жүр.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер