2021 жылы бакалавриат пен магистратураға қанша грант бөлінді?

2818
Adyrna.kz Telegram

2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан, магистратураға түсу үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5000-ға артты. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 13 шілдеде басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады.

Білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сәйкес бөлінген.

Бакалавриат бойынша гранттардың ең көп саны инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Педагогикалық ғылымдар – 9573 грант, ақпараттық – коммуникациялық технологиялар – 7487, жаратылыстану ғылымдары – 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2700, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1615, бизнес, басқару және құқық – 1223, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.

"Мәңгілік ел жастары – индустрияға" ("Серпін") бағдарламасы шеңберінде де гранттар қарастырылған. "Талапкерлер құжаттарын ақпараттық жүйе арқылы тапсыратын болады. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Мамандар өткен жылдағыдай бейне байланыс арқылы талапкерлерге кеңес береді", – деп хабарлады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Магистратурада оқуға гранттардың көп саны педагогикалық мамандықтар бойынша қарастырылған – 3 642 грант. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 3429, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша – 1278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 1233, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша – 527 грант бөлінді.

Кешенді тестілеуден өтуге ниет білдірушілерді тіркеу 18 маусымда басталып, 15 шілдеге дейін жалғасады. Емтихан 20 шілдеде басталады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер