Қарағанды облысы: баруға тұрарлық ең көрнекті тарихи жерлерінің үздік топтамасы

11308

Сарыарқаның тарихи-географиялық аймағының үлкен бөлігін Қарағанды облысы алып жатыр. Бұл жерлерде барып көруге болатын тамаша, әрі қызықты тарихи орындар өте көп. Ендеше, Қарағандыдағы және оның айналасындағы ең қызықты жерлерді бірге аралайық!

1. ҰЛТ ҰЯСЫ – ҰЛЫТАУ

Ұлттың тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы Ұлытаудан бастау алады. Қазақ үшін Ұлытаудың орны ерекше. Облыс орталығынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке, ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі саналатын -Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейін тамашалап, рухани азық алуға шақырамыз.

 

АҚМЕШІТ ӘУЛИЕ (ӘУЛИЕТАУ) ШЫҢЫ

Бұл жердегі рухани әлемнің кіндігі, Ұлытаудың жүрегі болып табылатын айрықша маңызды ескерткіштердің бірі –Ұлытау тауының биік шоқысында орналасқан - Ақмешіт әулие (Әулиетау) шыңы. Аңыз бойынша Әулиетау шыңы – аспанға жақын, аспан мен жердің бір-бірімен түйісетін орны. Әулиетауға жиі шығатындар ғажайып энергия кейбір адамдарды тауға жібергісі келмейді дегенді жиі айтады. Данышпан білімпаздардың көңіліне шыңға жақындаған сәтте жандүниеңіз өзгеше күйге бөленіп, тылсым құдіреттің шексіздігін сезінесіз деген сенім ұялаған. Сол себепті, Ұлытауға тәу етушілер қатары ешқашан толастаған емес және толастамайды да...

 

ҰЛЫТАУ – ҰЛЫ ХАНДАР ОРДАСЫ

Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жері. Қалың қауым дәл осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Қазақ жерінің кіндігі болған Ұлытау өңірінен Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы ұлы жүрісі бастау алған. Қорық-музейінің аумағында Алаша хан, Жошы хан, Теректі әулие, Хан ордасы, Басқамыр тәрізді тарихтын сырын бірқатар ашатын нысандар бар.

 

АЛАША ХАН КЕСЕНЕСІ

Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің аңғарында, оң жағалаудан 2 шақырым қашықтықта, Малшыбай ауылына жақын жерде орналасқан. Ескерткіш XI-XII ғғ. Алаша ханның құрметіне салынған.

 

ЖОШЫ ХАН КЕСЕНЕСІ

Қарағанды облысы Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш. Кесене Шыңғыс ханның ұлы, Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханға арнап салынған.

 

БОЛҒАН АНА КЕСЕНЕСІ

Орталық Қазақстандағы Алтын Орда кезеңінің (ХІV-ХV) ең көрнекті ескерткіштерінің бірі, сәулет өнерінің үздік туындысы. Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің құйылысқан жерінен 3 шақырым жоғары орналасқан.

 

АЯҚҚАМЫР КЕСЕНЕСІ

Аяққамыр кесенесі – ІХ-ХІІ ғасырдың соңындағы Орталық Қазақстанның көрнекті ескерткіштерінің бірі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезді кентінен солтүстік-батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан.

 

МАҚАТ САҒАНАСЫ

Сағана Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым қашықтықта, Қараторғай өзенінің жағасында орналасқан.

 

ДОМБАУЫЛ КЕСЕНЕСІ

Кесене - Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 58 шақырым қашықтықта, Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан. Хронологиялық мерзімі:VІІІ-ІХ ғасырларды  құрайды.

 

2. АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН – ҚАРҚАРАЛЫ!

Сарыарқаның інжу-маржаны – Қарқаралы - табиғаты әсем қасиетті жер, оның сұлулығын жергілікті тұрғындар «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды. Оның тұмса табиғаты мен саф ауасы адамның тәнін емдеп, жанын жазады. Осы ғажайыпты келешек ұрпаққа мирас қылып қалдыру мақсатында 23 жыл бұрын Қарқаралы ұлттық табиғат паркі құрылды.

 

ШАЙТАНКӨЛ КӨЛІ

Шайтанкөл биіктігі шамамен 1200 м болатын Бұғылы тауының ең биік аңғарында, тау шыңында орналасқан. Бұл көлдің Шайтанкөл аталуы тегін емес. Себебі, тостағанның орта тұсы қап-қара болып, иірімденіп жатады. Көлге түсіп шомылуға адам өзінен-өзі жүрексінеді. Тағы бір қызығы - көлдің қарсы жақ жағалауларының арасының алыс еместігіне қарамастан, кейде келесі жағадағы адамдар көрінбейді. «Шайтан алып кетті ме, қайда кетті?» - дегеннен Шайтанкөл атанып кеткен екен дейді.

 

ТАСБҰЛАҚ ШАТҚАЛЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ МҰРАЖАЙЫ

Аталмыш Табиғат мұражайы - Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде Тасбұлақ шатқалында орналасқан. Екі қабатты ағаш үй Қарқаралы өңірінің флорасы мен фаунасының көрме залдарынан тұрады.

 

ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ МЕШІТІ

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында орналасқан Құнанбай қажы мешіті ағаштан қиып салынған діни ғимарат болып табылады. Мешіт құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы салынып біткен. Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтерді.

ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Тәттімбет Қазанғапұлының кесенесі Қарағанды облысы Қарқаралы өлкесіндегі Түндік өзенінің бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапта орналасқан. Кесене ішіндегі үш бесікшенің бірінде Тәттімбеттің әкесі – Қазанғап, екіншісінде анасы - Қалайы, үшіншісінде - Тәттімбеттің өзі жатыр.

 

ҚЫЗЫЛ-КЕНІШ САРАЙЫ

Қарқаралы ауданының Кент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырымдық Кент тауының шығыс бөлігіндегі Қызылсу өзенінің жағалауында орналасқан. Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым жерде орын тепкен.

Осылайша, Қарқаралы өңірі табиғат пен тарихты сүйетіндер мен демалушылар, қонақтар және туристер үшін ерекше қызығушылық танытатын өзінің көркемдігімен ерекшеленеді. Таулы өзендер, дала және тау көлдері, бай флорасы мен фауналары - осының бәрі Қарқаралыны керемет тартымды етіп көрсетеді.

 

3. АРҚАНЫҢ АСҚАР ТАУЫ - ҚЫЗЫЛАРАЙ

Ақтоғай ауданының аумағында Қызыларай таулы-орман оазисі бар. Бұл жерлер саяхатшылар үшін өте қызықты әрі қолайлы. Қызыларай тарихи мұраларға өте бай. Бұл жерден Беғазының монументтік мазары мен қола ғасырына жататын жартастағы суреттерді, түркі дәуірінің тас мүсіндерін және қазақ-жоңғар соғысы кезеңіндегі мазарларды көптеп кездестіресіз.

 

АҚСОРАҢ ТАУЫ

Сарыарқаның ең биік нүктесі - Ақсоран тауы - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының жерінде, Шылым ауылынан шығысқа қарай 12 км-ге созылып жатыр. Биіктігі - 1565 метрді құрайды. Ашылатын дала көрінісі, айналдырған таулы көгал, тынысты тарылтады. Бұл жер Қазақстандағы арқарлар мекендейтін жалғыз аймақ болып есептеледі.

 

БЕҒАЗЫ ҚОРЫМЫ

Беғазы қорымы - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының оңтүстік- шығысыңа қарай 40 км жерде, Қаратал (Беғазы) өзенінің оң жағалауындағы Сарыарқаның қасиетті археологиялық қазынасы болып табылады. Қорым кешеніне түрлі уақыт пен сипаттағы көптеген жерлеу орындары кіреді.

 

4. АҒЫБАЙ ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Ағыбай Қоңырбайұлы кесенесі – ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Кесене Бетпақдаланың солтүстік-шығысындағы Тайатқан-Шұнақ тауының маңайында, Босаға өзенінің аңғарында орналасқан.

 

5. БАЙҒОЗЫ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Байғозы батыр кесенесі (ХІХ) – Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жаман Сарысу өзенінің бойында Ағадыр кентінен солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым, Жыланды бөлімшесі маңында орналасқан тарихи ескерткіш. Байғозы батыр жатқан жерді халық «Батыр басы» - деп атайды.

6. ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА КЕСЕНЕСІ

Абылай заманындағы жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған батырлардың бірі - Шанышқылы Бердіқожаның кесенесі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Темірші ауылында орналасқан.

 

7. БҰҚАР ЖЫРАУ КЕСЕНЕСІ

Бұқар жырау кесенесі -  Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Шалқар ауылынан солтүстікке қарай 25 км жерде, Далба тауының етегінде орналасқан.

 

8. ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Шортанбай Қанайұлының кесенесі Шет ауданы, Ақсу Аюлы ауылынан оңтүстік-батыс бағытта 6 шақырым жерде орналасқан.

 

9. ҚАРАҒАНДЫ ЛАГЕРІ (КАРЛАГ)

Мұражай Қарағанды облысына қарасты, Дoлинкa кентi, Шкoльнaя көшеciндегі 39 үйде орналасқан. Оған жету үшін Қарағандыдан 45 км, ал Шахтинск қаласынан 10 км жол жүресіз. 1933-35 жылдар аралығында көптеген тұтқындардың күшімен салынған тарихи маңызы жоғары Карлаг ғимараты бүгінде көпшілік келетін тарихи орынға айналып отыр.

 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар