Вакцина алған ер адам өтірік құлап қалған

2249
Adyrna.kz Telegram

Атырауда 22 жастағы ер адам вакцина салдырғаннан кейін жағдайы нашарлап кеткендей кейіп танытқан, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

14 шілдеде әлеуметтік желілерде вакцина салдырғаннан кейін жағдайы нашарлап кеткен ер адамға тұрғындардың көмектесіп жатқаны туралы видео тараған болатын. Видеода Атыраудағы «Дина» базарының жанында ер адамның жағдайы нашарлай бастағаны көрсетілген.

«Дина» базарындағы екпе пунктінің медицина қызметкерлерінің сөзінше, 14 шілдеде сағат 15.00-де Өзбекстанның 22 жастағы азаматы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырған.

«Оған дейін кезекте тұрғанында ол медицина қызметкерлеріне дөрекі сөйлеп, вакцинаның кері әсері туралы видео түсіретінін айтып қорқытқан. Ер адам екпе салдырғаннан кейін 30 минут бақылауда болды, сосын үйіне жіберілді», – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Ал 18.30-да «Дина» базарынан жедел жәрдемге ер адамның жағдайы нашарлап, сіңірі тартыла бастағаны туралы қоңырау түскен.

«Жедел жәрдем үш сағат бұрын вакцина салдырған Өзбекстан азаматына шақырылған. Ол аурухананың қабылдау бөлмесіне жеткізіліп, 30 минуттан кейін үйіне жіберілді. Себебі денсаулығы қалыпты, ауруханаға жатқызатындай ауру белгілері болмады», – дейді медицина қызметкерлері.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау басқармасы атыраулықтардан арандатуларға мән бермеуді және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер