«Тарих-и Рашиди» шығармасындағы ортаазиялық этностар

6456
Adyrna.kz Telegram

XIII-XVI ғасырларға жататын тарихи жазба дереккөздерде Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты маңызды да құнды мəліметтер көп. Парсы жазба деректерінің танымдық, мағлұматтық мəні жоғары болғандықтан парсы тілді жазба ескерткіштері отан тарихы үшін бағалы дерек көздері болып табылады. Сондай дереккөздердің бірі де бірегейі Мырза Хайдар Дулатидың «Тарих-иРашиди» (رشيدی تاريخ) шығармасы. Шығарма екі тараудан тұрады. Екіншісі біріншісінен бұрын жазылған, яғни 1541-1542 жылдары, ал біріншісі 1546 жылы 3 наурызда. Шығарманы автор Кашмирде жүріп жазады [1]. Бұл шығарма ортағасырлардың өзінде-ақ түрік тіліне бірнеше рет аударылып үлгерген.

Алғаш рет тарихи маңызы орасан зор бұл еңбекті зерттеуді ағылшын ғалымдары қолға алады. Ағылшын тіліндегі аудармасы 1895-жылы жарық көрген [2]. Ал орыс тіліне алғаш рет отандық ғалымдар аударып 1969-жылы жарыққа бірнеше парсы жəне түрік тілдеріндегі дереккөздердің үзінді аудармаларымен бірге жарыққа шығарған [3]. Бірақ бұл шығарманың толық аудармасы емес. Аталмыш үзінді аударма Қазақстан мен Орталық Азия билеушілеріне, əсіресе, Қазақ хандығына қатысты бөлімдерінен үзінді аудармасы болып табылады [3,185-231]. «Тарих-и Рашиди» шығармасының толық аудармасын өзбекстандық ғалымдар 1996-жылы жарыққа шығарады [4]. «Тарих-и Рашиди» шығармасын еліміз тəуелсіздік алған соң отандық зерттеушілер қазақ тіліне аударуды қолға алды. Алғаш рет И.Жеменей парсы тілінен қазақ тіліне 2003-жылы аударды [5]. Бұл аудармадан кейін де отандық ғалымдар «Тарих-и Рашиди» шығармасын қазақ оқырмандарына жаңа редакциясымен таныстыру жұмысын жалғастырады. Нəтижеде, екінші рет М.Қазыбек пен Ə.Нұралиевтің аудармасы 2015-жылы жарық көреді [6]. Алайда бірнеше аудармалары мен көптеген зерттеу жұмыстары бола тұра «Тарих-и Рашиди» шығармасы толықтай зерттелді деп айта алмаймыз.

«Тарих-и Рашиди» шығармасын зерттеудің маңыздылығын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, шығармада бірнеше елдің, ұлыстың, этностардың, оның ішінде қазақ халқының тарихы туралы құнды деректер кездеседі. Екіншіден, Орталық Азияны мекендеген көптеген түрік-моңғол тайпаларының шежіресі мен салт-дəстүрі қамтылған. Үшіншіден, Мəуараннахрды мекендеген ұлттардың билікке таласу арқылы əрқайсысының жеке-дара мемлекет болуға талпынысы баяндалады. Шығарманың алғы сөзінде атауы неге «Тарих-и Рашиди» аталуының үш себебін келтіреді: 1. Тоғылық Темірді исламға бұрған Аршад ад-Диннің құрметіне; 2. Тоғылық Темір халқын əкелген тура жолдың құрметіне; 3. Қашғарда билік еткен Əбу-л Мұзаффар Əбд ар-Рашид ханның құрметіне [3,18]. Шығарма XVI ғасырдың екінші жартысында-ақ тарихшы ғалымдардың назарына іліге бастаған. Атақты ғұламаның еңбегін дерек көзі ретінде түрлі ел тарихшылары, шығыстанушылар, географтар, филологтар пайдаланып келеді. Бұл еңбекке ғалымдардың бірнеше буыны назар аударып, өз еңбектерінде дерек көзі ретінде пайдаланғандарымен, осы уақытқа дейін ол жүйелі жəне жан-жақты, толық əрі тыңғылықты да терең зерттелген жоқ. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан тарихы мен мəдениетін зерттеуге қосқан үлесі мол.

«Тарих-и Рашиди» шығармасының авторының толық аты-жөні Мырза Мұхаммед Хайдар бин Мұхаммед Хұсейін бин Мұхаммед Хайдар. Кейбір деректерде Мырза Мұхаммед Хайдар  бин  Мұхаммед  Хусайн  курекан  дулат  (دوغالت  کان  کوره  حسين  محد  بن  حيدر  محمد  ميرزا)  [7,  2а].  Ол  өзін қысқаша Мырза Хайдар десе, Бабыр оны Хайдар мырза деп атаған. Сонымен қатар, Аяз (آياز) деген əдеби лақап аты болған [8, 89]. Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ұратөбеде дүниеге келген. Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары моғолдың дулат тайпасының əмірлері жəне Қашғарияның мұрагер билеушілері мен басшылары болған [9,5].

«Тарих-и Рашиди» шығармасын жазуда ең алғашқы дереккөздер, ол əрине, моғолдар арасында ауыздан ауызға тараған аңыз-əңгімелер болған. Алайда, Мырза Хайдар шығармасын жазғанда бірнеше авторлардың еңбектерін пайдаланған. Олар: Мир Ғийас ад-Дин Мансұрдың «Жам-и ғити-нумай», Йақұттың «Му'жам ал- булдан», Жамал ад-Дин Каршидың «Мулхакат ас-сурах», Йақуттың сөздігіне ұқсас«Та'риф-и булдан», Фазлаллах Рашид ад-Диннің «Мажма' ат-тауарих» («Жами' ат-тауарих»), «Сувар-и ақалим», Хамдаллаһ Мұстауфи Қазвинидің «Тарих-и гузида», Əбд ар-Раззақ Самарқандтың«Тарих-и манзум, Ұлықбектің «Улус арба'а», Хəзрат Мəулана Мұхаммад Қазидың «Силсилат ал-арифин», Захир ад-Дин Мұхаммед Бабурдың мемуарлары мен «Мубайин» шығармасы жəне т.б.«Тарих-и Рашиди» шығармасында Ата Мəлік Жувайнидің «Тарих-и жаһангушай» мен Шараф ад-Дин Əли Йаздидің «Зафар-намесі» кеңінен пайдаланылады [3, 190- 191]. Аты аталған авторлардың еңбектерін автор Орталық Азия елдері мен оны мекен еткен түрлі ру-тайпа, ұлыстардың  тарихын  баяндағанда  жазба  дерек  ретінде  жүйелі  түрде  пайдаланған.  Оған  дəлел  ретінде «Тарих-и Рашиди» шығармасындағы Орталық Азия жерін мекендеген ру-тайпаларға қатысты деректердің молынан кездесуі.

Орталық Азия аймағын мекен еткен түркі-моңғол тайпаларының саны жетерлік. Олардың кейбірі уақыт өте келе өз тегін жоғалтып немесе басқа бір рудың құрамына еніп кеткен. Мəселен арканут, барқы, барлас, бахрин (барин), бекжак (бекчик), бұлғашы, бұлдай, духтуй, итаршы (итаржы), калучи, курлакут, сулдуз, макрит (меркіт), тангут, ұрдубегі, шорас,маңғұт, құнжы, чагирак, шігіл, т.б. [10, 85]. «Тарихи-и Рашиди» шығармасында XV – XVI ғасырларда орын алған шайқастарда əмірлерден бөлек, моғол тайпаларының əр қауымдарының ішінде ақыл-кеңесін тыңдап ден қоятын адамдардың аз еместігін атап көрсетеді [6, 414].

Дохтуй (دوختوی) тайпасы жөнінде: «Бұл рудың басшысы əмір Дайым Əлі болатын. Ол духтуй əмірлерінің ішінде батыры да абыройлысы саналатын, бұдан былай əр жерде оның аты аталып отыратын болады» деп, бұл ру мен барлас тайпасы арасында үнемі билік үшін талас тартыстың болып тұратындығын жазған [6, 416]. Белгілі шығыстанушы ғалым В.П.Юдин бұл жөнінде былай дейді: «Между дохтуями и барласами шли споры относительно первенства на войне и охоте. Спор был решен Эмир Джаб- бар – Берди доглатом в пользу духтуев». Духтуйларды Моғолстан мен Моңғолиядағы негізгі тайпалардың бірі дей келе, Тоғылық Темірге дейін моңғолдар тайпасының құрамында болған деп жазады [10, 79]. Сонымен қатар бұл тайпа Сұлтан Сайид ханның Қашғарияға жасаған жорығы кезінде əскер құрамында болған. Шорас тайпасы (جراس): «Олардың басшысы Мөңке бек болатын. Батырлық көрсетуде туыстары арасында теңдісі жоқ еді. Оның жүзден астам адамы бар еді. Оның бауыры Баба Сарық мырзаның тобы Мөңке бектен азырақ болатын. Оның бауыры Шаһбаз мырза істерді жүргізуде ағасынан кем түспейтін» [6, 417]. Бұл тайпаның əмірлері Тоғылық Темірмен исламды қабылдау жөнінде келісе алмаған. Уəйіс хан дүние салған соң, Есен Бұғаны мойындамай, ойраттарға Амасаншы тайшыға кетіп қалады. Кейіннен Сұлтан Ахмед (Алаша хан) хан билікке келгеннен кейін ғана моғолстан хандарының билігін мойындаған [10, 75]. Шорас тайпасының атауы парсы дереккөздерінде жорас деп беріледі [11, 440]. Себебі, парсы тілінде тілдік ассимиляцияға түсіп, ч əрпі, ж болып айтылады. Қалучи (Қалучи/Қалушы/Калужи)тайпасы (قالوچی) : «Басшысы, сол кездегі ең беделді əскер басылардың бірі Тұман баһадүр.» деп қысқаша мəлімет бере отырып, қарлұқ (قارلوق) тайпасының басшысы Мəлік Əлі баһадүрдің ержүректілігін, макрит (меркіт) (مکريت) тайпасының басшысы Кулика (قولکه)[Qulke] жəне сұңқаршы тайпасының басшысы Омар шейх екендігін атап өтеді[6,419]. Бұл жерде сұңқаршы деген тайпаны парсы тіліндегі түпнұсқада «سولقارچی»[sulqarchi] деп жазылған [11, 442]. Бұл тайпа Моғолстандағы сан жағынан ең көп тайпалардың бірі болған. Уəйіс хан қайтыс болған соң, Есен Бұғадан кетіп, Əбілқайыр ханға, яғни Түркістанға барады [6, 78]. Олардың қайтып оралғандығы жөнінде ешбір дерек жоқ. Бірақ, Сұлтан Ахмед хан билік құрған алғашқы кездерде оған қарсы қастандыққа қатысып, кейіннен ойраттарға қашуға мəжбүр болады. Сұлтан Ахмед хан бұл тайпаны толықтай жойып жібергенше екі жылдай олардың соңына түсіп алғандығы баяндалады. Алайда, бүкіл тайпа жойылуы мүмкін емес секілді, ханға қарсы шыққан əмірлер мен олардың туыстары жойылғаны болуы мүмкін. Калучи тайпасы да Сұлтан Сайид ханның əскерінің құрамында болған. Курлагут тайпасы (کرلکوت) Тоғылық Темір тұсында болған. Бұл тайпаны В.П. Юдин Дешті Қыпшақ жеріндегі белгілі курлаут (کورالوت) тайпасымен бір  деп санауға болатынын, қазақтар құрамындағы қыпшақ руынан жəне күрлеут-қыпшақ Торғай даласында мекендегенін жазған [10, 76]. Ал «Тарих-и Рашиди» шығармасында курлагут тайпасының əмірі жөнінде мағлұмат берген: «Жете əмірлерінің ішінде курлакут (кулкут) руынан шыққан əмір Хамид ақыл парасаты мол, абыройы да ерекше бір адам еді» дейді [6, 74]. Бұл жерде курлакут тайпасын жете руы құрамына жатқызған.  Ал жете руы туралы қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уəлиханов өз еңбегінде былай деп атап өтеді: «Могулы называли джагатайцев Кара – улус, а джагатайцы их – Чете (جته) [12, 440)". Ал, белгілі шығыстанушы В.В. Бартольд былай дейді: «Моголы с презрением называли чагатаев людьми смешанного происхождения, метисами (караунас); с другой стороны, чагатаи, как представители традиций среднеазиатской монгольской государственности, на- зывали моголов разбойниками (джете)» [13, 170]. Байқап отырғанымыздай, Ш. Уəлиханов шағатайлықтарды қара ұлыс деп атаған болса, В.Бартольд оларды қараунас деп жазады. Бет терілерінің түсіне байланысты айтылуы да мүмкін. В.П. Юдин Бинаидың «Шайбани намесіне» сүйеніп, курлакут тайпасын қазақ құрамындағы қыпшақпен бір десе, ал Шоқан Уəлиханов моңғол тайпаларының қатарына жатқызған.

XIV-XV ғасырларда Құнжы-сагрычи, итаршы-барақ, ақбарақ, қосшы көкілташ моңғол тайпаларының атаулары өзгеріске түсе бастайды. Мұның себебі қазақ немесе басқа да ұлттардың құрамына кіруінен болуы мүмкін. Барлас (بارالس) тайпасын Мұхаммед Хайдар Дулати моңғол тайпаларының қатарына жатқызады. Бұл тайпаның басшысы Əлі Мирак деген данагөй қарт болғандығы айтылады [6, 416]. Ал, В.П. Юдин оларды Мəуареннахрдың шағатай тайпаларының қатарына жатқызады (10, 79). Бұл тайпа да Сұлтан Сайид ханның əскер құрамында болған. Барлас тайпасының кейбір өкілдері Моғолстан мен Моңғолияның саяси өмірінде белсенділік танытқан. Бартольд Темір өзі шыққан барлас тайпасымен жақын байланыста болғанын айтады. Бұл тайпаның жеке өкілдері Темірдің «бауырлары» деп аталатын болған. Əмір Темірге жақын əмірлер тек барлас руынан ғана емес, өзге де тайпа өкілдерінен болған. Солардың бірі найман руынан шыққан Ақбұға. Арлат жəне жалайыр тайпаларының əмірлерімен тақ үшін Темір ұзақ соғысады. Тіпті Шағатай мемлекетінің басшы болып сайланған кейін де бұл күрес тоқтамады. 1376 жылы жалайыр ұлысын жоқ деп санап, оның қалдықтары  басқа  əмірлердің  топтарына  таратқан  [13,  172].  Қыпшақ  (قبچاق)  тайпасы  жөнінде  «Тарих-и Рашиди» бүй дейді: «Əлемнің жаны жəне шайқастың жүрегі болған хазірет Сахибқыран сол қанатта жеңімпаз туының жарты ай секілденген ұшын жерге қарай үш рет иді де, əмір Сары-Бұғаға өзінің қыпшақ тобымен осы белгіленген жерде тұруын бұйырды» яғни, бұл «Балшық соғысы» Жете мен Сахибқыран арасындағы соғыс жайында болған əңгімеде айтылады [6, 92]. Сондай ақ, Сахибқыранның Моғолстанға, яғни Жетеге жіберген қыпшақ пен жалайыр əмірлері Сарыбұға мен Əділшаһтың Сахибқыранды  жарты жолда сатып кететіні туралы да баяндаған [6, 111]. Ал, Я.В. Пилипчуктың «Монгольское завоевание кочевий восточных кипчаков» атты мақаласында моңғол шапқыншылығы тұсында көптеген қыпшақтар моңғолдардың қызметінде болғаны жəне 1224 жылы Сүбедей Шығыс Еуропадан оралған соң, ержүрек тайпалардан, яғни меркіт, найман, керейт, қаңлы жəне қыпшақтардан əскер құрғанын жазады [14, 271]. Алайда, кейіннен қыпшақтардың бір бөлігі жаулары чжурчжендердің қатарына барып қосылады [14, 273]. Сонымен қатар аталмыш мақалада автор Тизенгаузеннің еңбегіне сілтеме бере отырып, мұнымен моңғолдардың қыпшақтарға қарсы шабуылы бітпегенін айта кетеді: «Джувейни и Вассаф указывали, что Субэдэй и Джэбэ при- соединились к Джучи, ставка которого находилась в восточной части Дешт-и Кипчак» [14, 273]. Белгілі тарихшы ғалымдар С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтановтың та пікірлері осыған саяды: «В результате нашествия монголов какая-то часть кипчаков погибла, какая-то часть – бежала на запад, а какая-то часть – была пленена и продано в рабство. Но в массе своей кипчаки остались кочевать в своих степях и составляли главную часть кочевых тюркских подданных потомков Джучи» [15, 218]. «Тарих-и Рашидида» өзбек (اوزبک) ұлысы Əбілқайыр хан дүние салған соң, бір-бірімен қырық пышақ боп, араларында үлкен араздық болғанын, жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жəнібек ханның жанына кетіп қалғанын, сонымен қатар олардың саны екі жүз мыңнан асатынын, оларды өзбек-қазақ деп сол кезден бастап атай бастағанын айтады [6, 145]. Сондай ақ, өзбектер мен моғолдар арасында көптеген шайқастар болғанын, сол шайқастарда өзбектер жеңіске жетіп жүргенін тілге тиек етеді: «Осы кезеңде моғолдар ешқашан өзбектерді жеңген емес. Тек Рашид хан ғана өзбектерді жеңді, ал бұл Рашид ханның ең үлкен табысы еді» [6, 219]. Осы өзбек сөзі туралы С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов былай дейді: «Со второй половины XIVв. кочевое население Улуса Джучи известно нам под общим собирательным словом узбеки. Происхождения название «узбек» окончательно не выяснено. Как имя собственное это слово встречается и для периода ранее XIV в.» [10, 224] дей келе, Жошы ұлысындағы көшпенді тайпалардың атауы «өзбек» деп аталуы  алғаш  рет  парсы  тарихшысы,  географы  ХІV ғасырдағы Хамдаллах Мұстауфи Қазвинидың шығармаларында кездеседі деп жазады. Яғни, Өзбек ханның əскерін «өзбектер», ал Жошы ұрпағының мемлекетін «Өзбектер мемлекеті» деп жазғанын атап өтеді. Мырза Ұлықбектін «Тарих-и арба-улус» атты шығармасында Саййид ата Өзбек ханмен келген адамдарды «кімдер?» деп сұрағанда, олардың жетекшісі жəне патшасы Өзбек хан болғаннан соң, сол кезден бастап, онымен бірге келген адамдарды «өзбектер» деп атай бастағандығы жайлы айтады [16, 99]. Бұл жерде жоғарыда айтып өткендей, жалпы Жошы ұлысындағы көшпелі тайпалардың ортақ атауы болып тұр. Кейіннен  XV ғасырдың басында Өзбек ұлысынан қазақтар кетіп қалады. Оларды кейде өзбек – қазақтар деп де атаған. Ол жөнінде С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов былайша түсіндіреді: «Так как Гирей, Джанибек и их приверженцы были людьми, ушеддими от своих и скитавшимися по окраинам государства кочевых узбеков, к которому они принадлежали и с которыми находились в состоянии войны, то их прозвали узбеками – казаками, т.е. узбекскими казаками, или просто казаками. Имя это за ними закрепилось» [15, 226].

Əбілқайыр хан Жошы əулеті сұлтандарына шабуыл жасағанда, Жəнібек пен Керей хан оның қысымына шыдамай, Моғолстанға кетіп қалады. Есенбұға оларды жылы қабылдап, Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу өзені маңайындағы Қозыбасы жерін қоныстануға береді. Кейіннен Əілқайыр хан қайтыс болған соң, айтып өткеніміздей, өзбек ұлысы бір бірімен қырқысып, араздасады. Халықтың көпшілігі Керей мен Жəнібектің қасына кетіп, өзбек-қазақ деп аталу сол кезден басталғандығын айтып өттік. Хайдар Дулати сондай-ақ, былай деп жазады: «Əбілқайыр хан уақиғасынан (өлімінен) кейін, өзбектердің ұлысында алауыздық туды. Содан əркім мүмкіндігінше, қауіпсіз де бейбіт өмір сүруі үшін Керей хан Жəнібек ханды паналап жатты, олар осылай күшін нығайта түсті. Басында жұрттан қашып, олардан бөлініп шығып, біраз уақыт бытырап шашылып, сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат оларға осылайша таңылды» [6, 383]. Қазақ тарихына қатысты деректер «Тарих-и Рашидида» көптеп кездеседі. Соның бірі Қазақ мемлекеті сұлтандарының билік жүргізуінің басы осы шығармада 1465-1466 жылдары деп береді [6, 145]. Қазақтың көптеген ғалымдары осы дерекке жүгінеді. Қазақтар бөлек шығып, жеке мемлекет құрғаннан кейін жан-жақтан шабуылдайтындар көбейді. Автор Шаһибек ханның қазақтарға жасаған шабуылын былайша сипаттайды: «Ол 915 жылдың (1509-1510) қысында қазақтарға шабуыл жасады. Сол кезде қазақтардың ханы Бұрындық болғанымен, алайда мемлекет билігі Қасым ханның қолында болатын. Шаһибек ханның айбыны зор бола тұра оған қарсы тұрар күші жоқ еді» [6, 341]. Қасым ханнан қорыққан Шаһибек сарбаздарын жинап, Самарқанд арқылы Хорасанға кетіп қалады. Сыртқы жаудан бөлек, қазақтардың ішінде де билік үшін талас–тартыстар болған. Қасым хан 924/1518) өлгеннен соң, қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталған. Қасым ханнан кейін, оның ұлы Мамаш хан болды. Ол тұншықпадан шайқас кезінде қайтыс болады да, орнына Əдік сұлтанның ұлы Таһир сұлтан таққа отырады.

Қорытындылай келе, төмендегідей нəтижеге келеміз. Біріншіден, Жоғарыда аты аталған тайпалардан бөлек «Тарих-и Рашиди» шығармасында бірнеше моңғол тайпалары туралы деректер кездеседі. Олар: байрин, булгачи, арлат, арканут, сулдуз, мекрит, нарин, долан, балыкчи, татар, ұйғыр, қоңырат, ойрат, маңғыт, таңғут, шункарлы (сұңқарлы) жəне т.б. [6] Екіншіден, «Тарих-и Рашиди» шығармасында кездесетін көптеген ортаазиялық этностардың кейбірі бұл күндері жойылып кеткен. Мысалы: сиджиут, кингит, қарлұқ, байрин, булгачи, ширин, буркут, хушин, журкин, т.б. Үшіншіден, тегін жоғалтып алса да, кейбірі саны көп өзге бір тайпаның құрамына енген. Олар: меркіт тайпасы абақ атауымен қазақтың Орта жүз құрамына еніп кеткен. [15, 221]. Бекжак тайпасы да кейіннен қаңлы аталынып кетеді. Булгачи мен калучи тайпалары  XV ғасырда моғол тайпаларының құрамында болғанымен, екі тайпа бірігіп Моғолстаннан Дешті-Қыпшаққа Əбілқайыр ханға кетіп қалады. Кейіннен олар қырғыз тайпаларының құрамына кіреді [10, 87].

Төртіншіден, қазақтың ел болып қалыптасуында моңғол тайпалары маңызды рөл атқарған. Дулат жəне қаңлы – бекчик тайпалары қазақтың Ұлы жүз құрамына дулат жəне қаңлы атауымен енеді. Сондай – ақ, Орта жүздің құрылуында да моңғолдар ерекше рөл атқарған. Моңғолдардың құрамындағы керейттер қазақтың құрамындағы керейлер екеніне еш шүбə жоқ. Себебі керейлер мекен еткен Жетісу жерінде кезінде моңғол- дардың керейттері де өмір сүргендігі белгілі. Осылайша, басқа да тайпалардың қазақ құрамына енуінің нəти- жесінде Керей мен Жəнібек құрған Қазақ мемлекеттігінің негізі қаланды.


                                                                            Ботагөз ТӨЛІМБЕТ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану

институтының кіші ғылыми қызметкері

Гуманитарлық ғылымдар магистрі


Пайдаланылған әдебиеттер

1.Стори C.A. Persian literature. A bio-bibliographical survey. Перевел с английского и переработал, дополнил Ю.Э.Брегель. Т. I. – М: Главная редакция «Восточная литература», 1972, 273-274 б.

  1. The Tarikh-i-Rashidi of Mirza Muhammad Haidar Dughlat. A history of the moghuls of Central Asia/ N. Elias, E. De- nison Ross/ London, 1895
  2. Ибрагимов С.К., Мингулов Н.Н., Пищулина К.А., Юдин В.П.Материалы по истории казахских ханств XV– XVIII веков (МИКХ). Изд.-во «Наука» Казахской ССР, Алма – Ата, 1969.
  3. Мирза Мухаммад Хайдар. Тарих-и Рашиди. Перевод с персидского А.Урунбаева, Р.П.Джалиловой, Л.М.Епифановой. Приложения и указатели Р.П.Джалиловой. Фан, Ташкент, 1996.
  4. Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. М.Х.Дулати қоғамдық қоры, Алматы, 2003.
  5. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» (Мұхтар Қазыбек, Əбсаттар Нұралиев). «Мирас» баспасы, Алматы, 2015.
  6. Mirza Muhammad Haidar Doglati. Tarikh-i Rashid. Salar Jung museum and Library, acc: 84, 2 a.
  7. Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в XIII – XVIII вв. Дайк-Пресс, Алматы, 2001.
  8. Дербісəлиев Ə.Б. Мұхаммед Хайдар Дулати. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық. М.Х.Дулати қоғамдық қоры, Алматы, 1999.
  9. Юдин В.П. Центральная Азия в XIV-XVIII веках глазами востоковеда. Дайк-Пресс, Алматы, 2001.
  10. 2004 .مکطوب ميرث :تھران – .رشيدی تاريخ .دوغلت حيدر محمد ميرزا
  11. Валиханов Ч.Ч.. Собрание сочинений в 5-ти томах: Tом.1.: Издательство АН Казахской ССР, Алма-Ата, 1961.
  12. Бартольд В.В. Сочинения. Т.5: Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. Издат. восточ. лит-ры, Москва, 1968.
  13. Тюркологический сборник. 2009-2010: Тюркские народы Евразии в древности и средневековье / ред.кол. Кляшторный, С.Г., Султанов, Т.И., Трепавлов В.В. Статья: Пилипчук, Я.В. Монгольское завоевание кочевий восточных кипчаков. Восточная литература, Москва, 2011.
  14. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государства и народы Евразийских степей. Древность и средневековье. Петербургское Востоковедение, СПб, 2004.
  15. 16. История Казахстана в персидских источниках. Т. 4.: Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Дайк-Пресс, Алматы, 2006

Пікірлер