Рахымжан Отарбаев драматургиясы жайында республикалық сын байқауы өтеді

8934
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың қабырғалы қаламгері,  көр­нек­­ті мемлекет және қоғам қайраткері, жазу­шы-драматург, Қазақстан Респуб­ли­касының Еңбек сіңірген қайраткері Ра­хым­жан Қасымғалиұлы Отарбаевтың ортамыздан кеткеніне де үш жылдан асты. Қалың оқырманы, артынан ерген рухани іні-қарындастары сүйікті жазушысын сағына іздейді. Марқұм тірі болғанда биыл алпыс бес жылдығын тойлап, ортамызда жүрер еді. Осы атаулы жасқа орай Отарбаев шығармашылығына арналған әдеби сын байқауы өтеді.

Төменде: «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: зерттеу мен зерделеу»республикалық байқауының ЕРЕЖЕСІ

  1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1 «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: зерттеу мен зерделеу» атты республикалық байқау (бұдан әрі – Байқау) қазақтың классик жазушысы, дарынды драматург, ұлт жанашыры Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдық мерейтойына орай өтеді.

1.2 Байқау «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы. Әдеби сын» дәстүрлі республикалық байқау аясында   ұйымдастырылады.

1.3 Байқау Рахымжан Отарбаевтың драмалық шығармаларын әдеби сын тұрғысынан зерттеген жұмыстарға бағытталған.

Байқаудың мақсаты:

- Сын жанрында, соның ішінде кенжелеп қалған драматургиялық шығармаларды зерттеуде еңбек етіп жүрген ізденушілерді табу, ынталандыру, насихаттау;

- Рахымжан Отарбаевтың драмалық шығармаларын әдебиеттану саласының зерттеу нысанына айналдыру;

- Әлем және қазақ драматургтерімен салыстыра отыра Рахымжан Отарбаевтың драмалық шығармаларындағы басты ерекшеліктерді анықтау;

- Рахымжан Отарбаевтың драмалық шығармашылығындағы тарихи тұлғаларға, әлеуметтік, жалпы адамзаттық  тақырыптарға зерттеу жүргізу.

  1. БАЙҚАУДЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

2.1 «Рахымжан Отарбаев Руханият қоры» жеке қоры (бұдан әрі – Қор) Байқаудың ұйымдастырушысы болып табылады.

2.2 Байқау қорытындысы Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Атырау қаласында өтеді (Карантин жағдайына байланысты қорытынды қашықтықтан өтуі мүмкін. Өзгерістер Қор парақшасында фб және инстаграм әлеуметтік желілерінде алдын-ала хабарланады).

  1. БАЙҚАУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР:

3.1 Республикалық Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігі шектеусіз.

3.2 Байқауға келесі зерттеу бағыттары бойынша жазылған жұмыстар қабылданады:

І бағыт – «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы тарихи тұлғалар бейнесінің ашылу шеберлігі»

ІІ бағыт – «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы әлеуметтік,жалпы адамзаттық тақырыптардың ашылуы»

ІІІ бағыт – Еркін тақырып (кез келген отандық немесе шетелдік драматургтың  шығармасын зерттеу)

3.3 Байқауға қатысушылар 2021 жылдың шілде айынан бастап 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін өз жұмыстарын Қордың электрондық поштасына (rahimzhanruhaniat@mail.ru) жіберуі тиіс.

  1. БАЙҚАУДЫҢ НӘТИЖЕСІН ШЫҒАРУ

4.1 Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Қор басшылығы анықтайды. Қазылар алқасының құрамы беделді әдебиетшілерден, театртанушылардан, ғалымдардан тұрады.

4.2 Байқау жеңімпаздары 3 бағыт бойынша (І. «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы тарихи тұлғалар бейнесінің ашылу шеберлігі»; ІІ. «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы әлеуметтік, жалпы адамзаттық  тақырыптардың ашылуы»; ІІІ. Еркін тақырып) анықталады. Әр бағыттан тек бір қатысушы жеңімпаз атанады.

4.3 Байқау жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталады:

І бағыт – «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы тарихи тұлғалар бейнесінің ашылу шеберлігі» – 500 000 тг.

ІІ бағыт – «Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы әлеуметтік, жалпы адамзаттық  тақырыптардың ашылуы» – 500 000 тг.

ІІІ бағыт – Еркін тақырып (кез келген отандық немесе шетелдік драматургиялық шығарманы зерттеу) – 250 000 тг.

4.4 Байқау жеңімпаздары туралы ақпарат Байқау қорытындысы өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Қордың әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылады.

4.5   Байқауға келіп түскен шығармалар Qalamger.kz әдеби-танымдық порталының Онлайн-Байқау  бөлімінде жарияланатын болады.

Байланыс тек Қор электронды поштасы арқылы.

E-mail: rahimzhanruhaniat@mail.ru

«Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» жеке қорының директоры С.Ж. Отарбаева

Пікірлер