Жамбылдық әкелердің "қылмысы" әшкере болды

4512
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында көпбалалы әкелер мемлекеттік органдарды алдап, заңсыз жәрдемақы алып келген деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Мұны «Антикор» орталығының өкілдері анықтаған. Пысақайлар жердәмақыға өтінім беру кезінде жалған деректер көрсетіп, 14 миллион теңгеден астам қаржыны қалталарына басқан. Бас-аяғы оңай жолмен олжалы болған 30-ға жуық азаматтың осындай әрекеті әшкереленіпті.

Жемқорлықпен күресушілер мемлекеттен арнаулы көмек алатын 124 тұрғынның құжатын тексеріпті. Сөйтсе, олардың жартысының ғана өтінімдері талапқа сай шыққан. Ал қалғандары жәрдемақыға өтініш берген кезде жалған деректерді көрсетіп келген.

Атап айтсақ, өзімен бірге тұрмайтын немесе заңды түрде ажырасқан әйелдерінің қолындағы балаларды бағып отырмын деп алдаған. Заңсыз жәрдемақы алған әкелер мемлекет қаржысын қайтарады.

— Уәкілетті орган тарапынан қазіргі кезде осындай 27 өтінім бойынша тоқтату шешімі қабылдаған. Оларға осы уақытқа дейін төленіп келген 14 миллионға жуық қаражатты кері қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр. Өтінім берген азаматтардың іс-әрекетінде осындай алаяқтық белгілер байқалуына  байланысты біз қазіргі таңда оны процессуалды шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жолдаған болатынбыз, — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қитмыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Омаров.

Айта кету керек, қазіргі таңда жалпы шығынның 150 мың теңгесі ғана қазынаға қайтарылған.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер