Жұматайдың "Ләйләсі" өмірден озды

17472
Adyrna.kz Telegram

Осы аптада "Сырқат жүректі сауықтыратын жырлар" (И.Исаев) жазып кеткен белгілі ақын Жұматай Жақыпбаевтың сырлы да жауһар жырларына арқау болған, ақынның Музасы атанған Ләйлә Досмұхамбетова дүниеден озды.

Көпшілік Ләйлә Бейісбекқызының шынайы болмысы қандай екенін білмесе де, Жұматай ақынның жырларынан бұл кісінің сондай сұлу, нәзік те биязы адам екенін жақсы біледі.

Шын өмірде бұл кісілердің қосылуына тағдыр жазбаған, дегенмен ақын Ләйлә Бейісбекқызының бейнесін, жан дүниесін, сұлулығын өз жырында керемет суреттеп шыққан. Тіпті ақын өз Музасына арнап 1981 жылы «Ләйлә» атты жыр жинағын да шығарған екен.

"Аямайтын күн болып кел – бәрібір,

Аялайтын түн болып кел – бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,

Қайыспастан қара жерше сүйемін, - деп жырлаған ақын Ләйләға ессіз ғашық болыпты.

Ақын өз Музасын қалай кезіктірді деген сауалға келсек, Жұматай ақын алғаш Ләйләні би кешінде көріп қалған. Есіктен кіріп келген сұлуға бірден көзі түскен. Ләйлә да келбетті ақынға кет әрі емес екенін білдіріп, оны биге шақырған. Биге шықпай қойған ақынға Ләйлә орамалын ұсынып, шығып кеткен. Бұл Жұматайдың Ләйләні алғаш көруі еді.

"Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім,

Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің.

Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,

"Ақын болсам, - деп - атақты", армандап едім", — деп, содан бастап ақын ғашықтық жырларын бұрқыратып жаза бастаған екен.

Бұдан кейін өлеңдегі Музасын тапқан ақын сүйіктісін екінші рет ҚазМУ қалашығынан сырттай көріп қалған. Ол кезде Ләйләнің жанында бөтен жігіт тұрған соң, ақын жақындауға бата алмаған. Үшінші рет ауылда көрген. Мәскеуге оқуға кеткен Ләйлә елге оралғанда сыртынан ғана көріп, көз қуанышына сырттай тәнті болған. Бұл туралы өз әңгімелерінде Жұматайдың жары Зайда Елғондинова айтып берген екен.

Осылайша ақынның алып жырларына арқау болған Ләйлә сұлу қазақ поэзиясында талай жанды тәнті қылған, жұмбақ та болмысы бөлек кейіпкер болды.

Енді Ләйлә  Бейісбекқызы туралы айтсақ, ол 1946 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Басында ҚазМУ-ға оқуға түскен ару кейін үздік оқып, көзге түскен соң Мәскеу университетіне ауысқан. Бұл оқу орнының тарих-архивтану факультетін бітірген.  Одан соң практикада болып, кейін сол қалада біржола қалып қойған. Мәскеуде өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болған. Осыдан біраз жыл бұрын зейнетке шыққан. Осыдан бірер күн бұрын Ләйлә Бейісбекқызы өмірден өтті.

"Адырна" ұлттық порталының ұжымы  Ләйлә Бейісбекқызының отбасына, жақын-жуықтарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. 

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер