Мұлан — қытай емес, көшпенділердің ұрпағы  

6119
Adyrna.kz Telegram

Мұлан есімді батыр қыз туралы қытайлық мультфильмдерден немесе фильмдерден көріп, естігеніміз анық. Алайда "қытайдікі" деп бүкіл дүние жүзіне таралып кеткен бұл батыр қыз көшпелі елдің ұрпағы екен. Бұл туралы бізге жуырда осы батыр қыз туралы еңбекті жарыққа шығарған жазушы, суретші, сәулетші және тарихи реконструктор Данияр Байдаралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүкіл әлем Мұланды «қытай» деп санайды. Ал оның қытайларға қатысы жоқ. Жалпы тарихи Мұлан Тоба-Вэй деген мемлекетте тұрған. Бұл мемлекетті көшпелі табғаш халықтарының хандары бүгінгі Солтүстік Қытайда құрған. Мұлан сол халықтан шыққан. Саньпин Чэн деген канада-қытайлық ғалымның мәліметінше, Мұланның халқы түркі тілдес болған. Ал оның руының аты бұлан болуы мүмкін. Басқалар табғаштарды монғол тілдес деп те санайды екен.

— Қалай болғанда да, Мұланның көшпелі халықтардан шыққанын ғалымдар біледі. Ал халық бүгінге дейін Мұланды «қытай» дей ойлап келді. Мен Мұлан туралы еңбегімнің ағылшын нұсқасын өткен жылы жазған болатынмын. Ал осы жазда қазақша нұсқасын жарыққа шығардым. Бұл еңбекті шығаруға менің отбасым, достарым, үзеңгілестерім қолдау көрсетті. Былайша айтқанда, бұл жоба — нақты энтузиасттық-азаматтық бастама, — дейді Д.Байдаралы.

Ал еңбекке келсек, бұл кітап балалар мен ересектерге арналған. Сыртынан қарағанда, бұл балаларға арналған кітап сияқты. Бірақ оны автор ғылыми негізде зерттеп, жазып шыққан.

Автордың айтуынша, еңбекте Мұланның басынан өткерген оқиғаларының географиясы, сол замандағы соғыстар, әр түрлі тарих мәліметтер келтіріледі.  Бұл —  оқырмандарға арналған ертегі емес, нақты тарихи реконструкция кітабы.

— Мұндағы әр сурет —  ғылыми реконструкция. Мысалы, табғаштардың және олардың жауларының (жұжан) киімдерін, киіз үйлерін, көліктерін, қару-жарақтарын, сауыт-саймандарын суреттеп салғанда, оларды ғылыми реконструкцияларға сәйкес жасап отырдым. Себебі мен тарихи реконструктормын. Негізінде тарихшылар мен реконструкторлар тарихи тұлғалар туралы алғашқы дереккөздерді басшылыққа алуға тырысады. Мысалы, мен «Мұлан туралы балладаның» ең алғашқы сақталған жазған нұсқасын тапқанмын. Қытайлар содан кейін ғасырлар бойы бірнеше жаңа нұсқалар жазған, бірақ мен оларға қараған жоқпын. Осылайша мен кітабымды нақты дереккөздердің негізінде құрастырдым. Мәселен, табғаштар  билеушіні «император» емес, «хан» және «Аспанның (Көктің) ұлысы» деп атайды. Бұл жерде көп дүние көшпенділер «теориясымен» сәйкес келеді. Мұлан қарапайым қыз болса да, өз заманында әскери сарбаз ретінде қызмет еткен. Тіпті соғыс біткенде, хан оған өз ордасында ресми түрде «кадровый офицер» ретінде жұмыс ұсынған.  Себебі көшпенді халықтардың ұл-қыздарды бала кездерінен бес қару өнерін жақсы меңгерген. Мұланның қария әкесі өз орнына неге 16 жастағы қызын соғысқа жіберген деп ойлайсыз? Себебі тек табғаштар ханның кавалериясында қызмет ету мүмкіндігіне ие болған. Сол үшін әр отбасының мүшесі өз әулетінің намысын ойлап, оны бұзбай, соғысқа аттанған.

Осындай деректердің бәрін қамти келе, мен Мұланның халқы жартылай көшпенді немесе жартылай отырықшы болған деп ұйғарымға келдім. Мұланның заманынан талай уақыт өткен соң бүкіл табғаштарды қытайлықтар өз мәдениетіне сәйкес айналдырып алды. Бірақ Мұланның заманында олардың көшпелі арғы «тамыры» әлі тірі болған, — деп автор өз ойымен бөлісті.

 

Данияр Байдаралының айтуынша, табғаштардың жаулары мультфильмдердегі сияқты "албасты" ғұндар болмаған. Олар өз заманында Жұжан Қағанаты ретінде танылған. Бұлар да мықты, көшпелі халық болған.

Қазір автор өз еңбегін елімізде тегін таратып жатыр. Ескі тарихи деректер қамтылған, көшпенділердің ұрпағы, батыр Мұлан қыз туралы жан-жақты жазылған еңбекті оқығыңыз келсе, автордың фейсбуктегі парақшасына жазылып немесе +7701 784 45 42  ұялы телефон нөміріне хабарласып, алуларыңызға болады.

 

Айта кету керек, бұған дейін Данияр Байдаралы садақ өнері туралы кітап жазған болатын. Ал оның ютуб каналында дәстүрлі садақ ату және бес қару жауынгерлік өнері, тарихи реконструкциялар мен көшпелі халықтардың мәдениеті туралы көптеген мәліметтер айтылады. Каналға жазылып, тарихи деректерге қанық болыңыздар.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер