Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады

4441
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/07/ba66f7b2-8dc6-43bf-8c49-214da81a327c.jpeg
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап. "Ардақты ағайын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз - елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі. Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады. Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады. Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін. Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!" - деді Президент.
Комментарии