Ерлан ҚҰСАЙЫН: Құжаттардың барлығын тек қана мемлекеттік тілде жүргізуді талап етемін!

32253
Adyrna.kz Telegram

Кешегі қысылтаяң кезеңде бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, кең құшағын жая білген бауырмал қазақ халқының қонақжайлығы мен пейілінің кеңдігі, елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен келген талай халықтың жүрегінен орын алып, пана бола білді. Осы этностар арасындағы бірлік пен достықты бір арнаға тоғыстырып, ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру еді.

Өзінің 26 жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда үлкен рөлге ие болды. Осы кезекте мемлекет құрушы ұлт пен этностардың ынтымақта өмір сүруіне бастамашыл болған Қарағанды облыстық Ассамблеясының мәні мен маңызы туралы, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы – Ерлан Бейсембайұлы Құсайынмен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген сауалдарға жауап алған едік.

- Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 26-жылдан астам уақыт болды. Дегенмен де, қоғам ішінде әлі де болсын «Қазақстан халқы Ассамблеясын таратуымыз керек. Оның алға қойған мақсат-міндеттерін қайта қарастыруымыз тиіс. ҚХА жұмысын қайта құруымыз қажет» сынды айтылып жүрген сын-ескертпелер легі де тоқтаған жоқ. Жалпы, бізге Ассамблея қажет пе? Оның көздегені не? Осы жайындағы ойларыңызбен бөліссеңіз.

- Расында да, ондай алып-қашпа әңгімелердің жиі айтылып қалатыны жасырын емес. Оны әлеуметтік желіден де, ақпарат құралдарынан да кейде бір көзіміз шалып қалатыны бар. Шынымды айтсам, осының барлығы да көңілге кірбің ұялатады... Неге дейсіз бе? Себебі, кез-келген нәрсенің табиғатын түсіну үшін, оның себеп-салдарын дұрыс ұғыну үшін, тамырына тереңірек үңілуіміз қажет емес пе...

Тұңғыш Президентіміз - Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының алғашқы форумында біздің осы ұлт пен ұлыстардың басын біріктіріп отыратын бір ұйымның қажеттілігін тілге тиек етіп, сол кездегі жағдайдың күрделі екендігін ескере отырып, осындай бірегей ұйымның керектігін көлденең тартқан еді.

Сол идеясы көп ұзамай қоғам ішінен қолдау тауып, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұйым дүниеге келді. Одан бері де 26 жыл өтті. Айбынды Ата Заңымыздың «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы»,- деп басталуының өзі біраз жайды айқын аңғартып тұрғаны анық. ⠀

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтау, бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосып келе жатқан конституциялық мәртебені иеленген іргелі ұйым. Бүгінде ҚХА - ел ішіндегі ынтымақтың, ел ішіндегі бірліктің сақталуына үлкен қызмет атқарып, мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді қабылдауда, көптеген игі істерде мұрындық болып, өзінің өміршендігін дәлелдеді.

Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды. Өмір өзгереді, мақсат-міндеттер де жаңарады. Кез-келген мемлекеттің дамуы, кез-келген қоғамның ілгері басуы бірнеше факторлардан тұрады десек, бізге керегі, ең алдымен, елдегі тұрақтылық, бірлік дер едім. Ол атам заманнан дәлелденген аксиома ғой. Тіпті, дәлелдеуді де қажет етпейді. Кез-келген дамудың өзегіңде, арқауында тұратын ол – бірлік. Бірліктің қадір-қасиеті жайлы «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»,- деп дана бабаларымыз да, баяғыдан шегелеп айтып кеткен.

Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз... Тұрақсыздық пен толқулардан көз ашпай отыр. Көп елдерде саяси тоқырау белең алып жатыр. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бірліктің жоқтығынан іштен іріп, күн сайын кері кетіп жатқан елдердегі жағдай осыған дәлел болуы керек. Бұл - бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс.

Қазіргі кезеңде, жалпы демографияға қарап отыратын болсаңыз, мемлекет құраушы қазақ ұлтының үлесі – 70%-дың төңірегінде тұр. Бұл дегеніміз елдің тағдыры мен болашағы - мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында. Халықты ұлы істерге ұйыстыруда басты жауапкершілік қазаққа жүктеледі. Сондықтан, бұл өте маңызды әрі үлкен жауапкершілік. Осы елдегі тұрақтылық, елдегі тыныштық алдымен өзімізге байланысты. Тұрақтылық сақталған елге қашанда бақ қонады.

- Биыл ел егемендігінің 30-жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Бұл тек той тойлайтын мейрам емес, сонымен бірге, ой ойлайтын да мейрам. Тәуелсіздіктің 30-жылдық мерейтойы аясында облыстық Ассамблея тарапынан нақты қандай іс-шаралар жоспары түзіліп отыр?

- Шоқтығы биік, тарихи жылнамада алатын орны ерекше, мерейі үстем Тәуелсіздігіміз – азаттықты аңсап, сол жолда небір тағдыр талайын бастан өткерген, «тар жол тайғақ кешкен», тіпті басын өлімге тіккен ата-бабаларымыздың аңсаған арманының жемісі. Кешегі өткен Алаш арыстары бастарын бәйгеге тіге отырып, өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атануы үшін, ұлтының болашағын ойлап, ұрпағының еркін елде ғұмыр кешуі үшін барлық саналы ғұмырын арнағандардың жемісі.

Жалпы, ел тарихының мерейлі 30-жылдығын бір жылда атап өту басты міндетіміз болмауы тиіс. Бұл негізінде шартты дүние ғой. Тәуелсіздік үшін күрес ешқашан толастамауы керек. «Тәуелсіздік бізге бір Тәңірдің бере салған сыйы емес» - деп тілге тиек етіп, айтуымыз да сондықтан... Ал, енді Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығына байланысты Ассамблея не бітіріп жатыр, қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр дегенге келсек, елімізде жасалып жатқан әрбір жобада осы Ассамблеяның өзіндік үлесі бар.

Олардың біраз бөлігі -  Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар. Мысалы, еліміздің, жеріміздің тарлан тарихын, ата дәстүрін, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Сарыарқа-алтын бесігім» көрмесі, қазақ және өзге этнос жазушыларының озық шығармаларын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Қазыналы кітапхана», «Әдебиет – әлем елшісі» жобалары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Өз жеріңді таны» жобасы аясында  «Елтану», «Ұлы дала елі» сынды республикалық туристік-өлкетану экспедициялары ұйымдастырылды.

Семей өңіріне, Жидебай жеріңе, сол заманымыздың заңғары – Мұхтар Әуезовтың кіндік қаны тамған ауданға, Шәкәрімнің мәңгілік тыныс тапқан қасиетті өлкесіңе, Естай Беркімбайұлы сынды ұлы әншіні, Мұса Шорманұлы секілді мықты азаматтарды берген, еліміздің ілгері дамуына өзіндік үлестерін қосқан Қаныш Сәтбаевтай академик, данышпандарды сыйлаған өзіміздің көршілес Павлодар, Баянауыл, Ертіс өңірлеріне саяхат жасалды. Бұдан да бөлек жасалып жатқан жұмыстар да аз емес.

- Елімізде биыл - Ә.Бөкейханның 155-жылдығы, Ж.Ақбаевтың 145-жылдығы, Ә.Ермековтың 130-жылдығы сынды айтулы тұлғаларымыздың мерейтойлары атап өтілуде. Қарағанды Ассамблеясының үлесі қандай?

- Облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптама тобы белгілі тарихшылар, алаштанушылар, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен, Алаш қайраткерлерінің ұлтқа сіңірген қызметін, олардың ұрпақтарына қалдырған мұрасын зерттеу, насихаттау тұрғысында «Тұлғалар тағылымы», «Алаш аңсаған азаттық», «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» сынды жергілікті, республикалық деңгейде бірқатар конференциялар өткізді.

Сонымен бірге, Әлімхан Ермековтың немересі – Олег Мағауияұлымен тығыз шығармашылық байланыстамыз. Біздің этномәдени бірлестіктердің жастарының арасында ол кісі бірнеше кездесулер ұйымдастырып, өзінің атасы жайлы тың деректермен бөлісіп, Алаш қайраткерлерінің мол мұрасы жайында көптеген дәрістер өткізіп келеді.

Одан бөлек, тарихты сараптап қарасақ, Алаш қайраткерлерінің ізбасары ретінде, Кеңес заманының қылышынан қан тамып тұрған кезде құрылған «Есеп» деген партия болғандығы белгілі. Әділет Жағыпар деген жерлес бауырымыз дәл осы тақырыпты тыңғылықты да терең зерттеп жүрген жас ғалым, болашағы зор азамат. Қателеспесем, 2015 жыл болу керек, Әділеттің дәл осы «Есеп» партиясы бойынша жасаған ғылыми жұмысы облыстық Ассамблея ұйымдастырған ғылыми байқаулар жобасында жүлделі бірінші орын иеленіп, бүкіл Республикаға кең көлемде таралды. ⠀

Сондай-ақ, өткен жылы Қарағанды қаласындағы бірқатар көшелердің атауларын ауыстыруға байланысты өткен қоғамдық тыңдаулар да, дәл осы Достық үйінің қабырғасында өтті. Бұдан да бөлек атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар бар.

- Алдыңғы аптада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды»,- деп тілге тиек етсе, 28 сәуір күні ҚХА Кеңесінің  отырысында Елбасымыз «Мектеп бітірген әр бала қазақ тіліңде жазып, оқып, сөйлей алатындай жағдай жасауымыз керек»,- дей келе, бірлікті нығайту үстінде, қазақ тілінің әлеуеті зор екендігіне жете тоқталды. Енді, облыстық Ассамблея жұмысын мемлекеттік тілде жүргізу қалай жүзеге асып жатыр?

- Тіл үшін күрес мәңгілік күрес. Тәуелсіздіктің таңын жақындатқан Алаш арыстары да тілдің жайын толғанып өтті. Өкінішке орай, арада бір ғасыр өтсе де, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы бұл мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деп, ана тілімізді дамытуға қатысты өз ойымен бөлісті.

Осыған орай, біздің Қарағанды қаласының Достық үйінде республикада алғашқы болып «Мәміле» сұқбат клубы ашылды. Бүгінде «Мәмілеге» келушілер саны – 2000-ға жуықтап, түрлі этнос өкілдері арасында аса белсенділік танытуда. Эпидемиялық ахуал жағдайында бұл кездесулер онлайн форматта өтуде.

Одан бөлек өзге ұлт өкілдерінің жастарының арасында тілді меңгерген, меңгеруге қадам басып, талпынып жүрген бүкіл жастардың басын біріктірген ауқымды «Мың бала» жобасы - бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатыр. Өзінің нәтижесін де айтарлықтай көрсетуде деп айтуға толық негіз бар. Атап айтсақ, жастардың арасында патриоттық құндылықтарды тәрбиелеу және түрлі этнос өкілдеріне қазақ халқының дәстүрін, тарихын насихаттау мақсатында өткізілген шараларда Юрий Михуля, Елизавета Седышева, Оксана Менделюк, Жанна Сеченова, Владимир Кузнецов, Тимур Тен, Минара Гучигова секілді алғыр жастарымыз жүзден жүйрік атанып, республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді.⠀

Іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге келсек, бұл енді, әрбір мекеме басшысының тікелей өзінің қадағалауында болатын, өзінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын жауапты дүние ғой. Ешкім іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізбе деп талап қоймайды. Керісінше, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу қажет деген қатаң талап бар. Бүгінде барлық мекемелердің іс-қағазын 100% мемлекеттік тілде жүргізуге барлық жағдай жасалған.

Оның ішінде, дәл осы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі - біздің облыстық ішкі саясат басқармасының құзырына былтырған бері берілгендігін атап өткен жөн. Сондықтан, алдағы уақытта, жеке өзім тікелей дәл осы мекеменің ішіндегі іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізілуін басшылыққа алып, оның қаншалықты деңгейде іске қосылғанын, ана тіліміздегі құжаттардың қанша пайыз жүзеге асып жатқанын жіті қадағалайтын боламын. Жалпы, кіріс құжаттары, шығыс құжаттары деген түсінік бар ғой. Осы мекемеден шығатын, басқа мекемелерге жіберілетін шығыс құжаттардың барлығын, өз басым тек қана мемлекеттік тілде жүргізуді талап етемін.

Сайып келгенде, тіл – ұлттың ұлы байлығы, мәртебесі, мерейі, айбары. Тіл - түсіну құралы ғана емес, ол халық пен халықты, ұлт пен ұлтты жақындастыратын қуатты күш екенін ескергеніміз жөн.

- Қазір әлем жұрты үшін күрделі кезеңдердің бірі болып тұр. Пандемия келіп, күнделікті өмірімізді күрт өзгертті. Осы тұста ҚХА тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық шараларының нәтижесі қандай?

- 2017 жылдың қараша айынан бері жұмыс істей бастаған Қарағанды облысы ҚХА жанындағы Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубы - COVID-19 коронавирус пандемиясымен күресуге, жетімдер мен қарттар үйлеріне, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық және қаржылай қолдау білдіріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көмек қолын барынша созып келеді. Аталмыш қайырымдылық клубы ҚХА құрылымдарымен бірлесіп, 2021 жылдың I-жартыжылдығында 2000-нан астам іс-шара өткізіп, жалпы 13 891 600 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Клуб мүшелері ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафоны, «Мектепке жол», «Мейірім шуағы», сынды жалпыхалықтық акциялар барысында көш бастап жүр. Атап айтқанда, Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының мүшесі Г.Прокоп көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, ҰОС ардагерлері мен қарттарға жалпы 3 087 200 теңге көлемінде қаржылай және материалдық қолдау жасады.

Клуб мүшесі, меценат Бекзат Алтынбеков Қарағанды облысының 14 озат оқушысына 980 000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындап, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 100 000 теңгеге тәтті сыйлықтар сыйлады. Клуб мүшелері М.Қадырова тұрмысы төмен отбасыларға 755 200 теңге, М.Бақбергенова 631 000 теңге көлемінде қаржылай көмектер көрсетті.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы ҚХА Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубы Ұлытау ауданының кәсіпкерлерімен, Ұлытау ауданы орталық мешітімен бірлесіп, 500 000 теңгеге аз қамтылған 100 отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Одан бөлек, «Намус» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы ҚБ» этномәдени бірлестігі «Ақыл-ойы жетілмеген балаларға арналған мектеп-интернат» ММ тәрбиеленушілеріне 400 000 теңге көлемінде көмек көрсетсе, «Литуаника» ҚБ» этномәдени бірлестігі Ж.Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледждінің студенттеріне планшеттер мен қорғаныш маскаларын сыйлап, азық-түлік таратып, жалпы 500 000 теңге көлемінде қайырымдылық шараларын өткізді.

Өзіңіз айтпақшы, әлемді әбігерге салып, еріксіз өзгеше форматқа көшіп, дертпен күресіп жатқан осынау қиын кезде Ассамблеялықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, барлық құрылымдар аянып жатқан жоқ. Ол – Аналар кеңестері, Қоғамдық келісім кеңестері, медиаторлар, Журналистер клубы, Жаңғыру жолы жастар қозғалысы, Волонтерлер ұйымы және этномәдени бірлестіктер. Қайырымдылық – ҚХА-ның басты бағыттарының бірі. Этномәдени бірлестік өкілдері ай сайын өздері шефтікке алған отбасыларға, мектеп-интернаттарға, балалар үйлеріне, қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек т.б. тұрмысқа қажетті дүниелермен қамтамасыз етеді. Арыс оқиғасы, Мақтааралдағы жағдай болсын қайырымгерлеріміз алғашқы болып үн қатты. Ал, пандемия басталғалы тұрмысы төмен жандарға, стационардағы науқастарға былтырдың өзінен 285 393 434 теңгеге көмек жасалған екен.

- Біздің Қарағандының алыс-жақын, шет елдердегі ҚХА сияқты құрылымдар мен ұйымдармен байланысы қалай жүріп жатыр?

- Этномәдени бірлестіктер мүшелерінің тарихи Отанының ресми өкілдерімен өзара тығыз қарым-қатынаста болуы мәселесі - ҚХА тарихындағы маңызды істердің бірі болып табылады. Облысымыздағы этномәдени бірлестіктер өздерінің тарихи Отанындағы кәсіпкерлермен және қоғамдастықтармен экономикалық және мәдени байланысты дамыта отырып, Қазақстанның көпвекторлы саясатының беделін халықаралық деңгейде нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Осы қарым-қатынас арқылы Ресей, Германия, Польша, Израиль, Армения, Грузия, Түркия, Әзірбайжан тәрізді бірқатар елдердегі дипломатиялық өкілдіктермен, шығармашылық зиялы қауыммен іскерлік байланыстар нығайып, жұмыс сапарлары жоспарлы негізде жүзеге асырылуда.

Атап өтейін, шет мемлекетте Қазақстан мен оның азаматтарының заңдық және экономикалық мүдделірін қорғап, орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған бірқатар қарағандылық лауазымды тұлғалар бар. Олар, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы – Виталий Тварионас, Украинаның Қарағанды қаласындағы құрметті консулы – Ерлан Досмағамбетов және Болгария Республикасының Қарағандыдағы консулы – Анвар Осин.

Сондай-ақ, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Татарстан, Корея, Беларусь және т.б. мемлекеттердің Елшіліктері Қарағанды облыстық Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста. Олардың барлығы да, Достық үйіне табан тірейді және аймағымызда тұратын түрлі этнос өкілдеріне тарихи Отанымен байланыс орнатуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіреді. Ұлттық мәдениет пен шығармашылықты жаңғыртып, салт-дәстүрлерді дамыту және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеумен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын қолдау болып табылатынын көрсетті.

Жалпы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан этносаралық және конфессияаралық келісімге негізделген барлық халықаралық кездесулер мен іс-шаралардың қорытындысы бойынша Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейінде неғұрлым дамыған бірегей ұйымдардың бірі ретінде танылып отыр.

– Cұхбатыңызға рақмет. Жұмысыңызға толағай табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан: Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер