Қазақстан Орталық Азия қауіпсіздігіне алаңдайды

2216
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев өзінің тәжікстандық әріптесі, генерал полковник Шерали Мирзоға телефон соғыс, өзара ақпарат алмасып, пікірлесті. Телефон соғудың басты тақырыбы ауған тәжік шекарасы маңындағы жағдайды бағамдау болатын. Сонымен қатар қос елдің қорғаныс министрлері Душанбе қаласында өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері арасындағы кездесу мәселесін де талқылады. Қазақстан тарапы Тәжікстанға шекарасын қорғау бойынша көмектесуге әзір екенін жеткізді.

Мамыр айынан бастап Ауғанстанда жағдай күрт нашарлап кетті. Оған Батыстық коалицияның елден шығатыны жайлы ақпараты себепкер болған еді. Байден әкімшілігі Трамп бастаған бастаманы іс жүзінде жүзеге асырып, АҚШ әскерін Ауғанстаннан алып кететінін жариялаған болатын. Алғашқы легі мамыр айында шығарыла бастады. Бұл ақпарат Ауғанстандағы террорлық топтардың күш алуына негіз болды. Атап айтқанда «Талибан» қозғалысы билікке қарсы әскери қимылдарын еселеп арттырып, жаулап алуды іске асыруда. Олар елдің 70 пайыз аумағына жуық жерді өздерінің бағынышты аймағына айналдырған. Біз үшін ең қауіптісі тәлібтердің тәжік-ауған, түркімен-ауған, өзбек-түркімен шекарасын өз бақылауларына алуы. Осылайша олар тұтастай Орталық Азия шекарасын өз бақылауларына алып, аймақтық қауіпсіздікке қауіп төндіруде.

Орталық Азия мемлекеттері бұл қауіпті нақты сезінуде. 1992-1997 жылдары Тәжікстанда азамат соғысы болып, аймақтық қауіпсіздікті шайқап өтті. Азамат соғысынан мыңдаған адам босқын болып, Қазақстанға да келді. Тәжікстандағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан арнайы бітімгерлік күштерін тәжік жеріне жіберді. Жалпы Тәжікстанда 10500 сарбазымыз аттанып, оның 57-сі қаза тапты. Қазақстан бұл қадамға баруға мәжбүр болды. Себебі елдің қауіпсіздігі сол аймақта қорғалып жатты. Міне, араға ширек ғасыр салып сол қауіп қайта төнгелі тұр. Әрине, біздің қорғаныс саласы оның алдын алу мақсатында жұмыс жасап, Ауғанстанмен шекараласатын Орталық Азия мемлекеттеріне көмек қолын созуға дайын екенін нақты білдіруде. Ежелгі түркілерде «көршіңнің үйі өртенсе өшір, өз үйіңнің өртенгенін қаламасаң» деген сөз болған. Сондықтан ол даналықты ұмытпаған біздің мемлекет, оттың бері өтіп кетпеуіне барын салады. Нақты іспен, жүйелі әрекетпен. Тәуелсіздік жылдары құрылған қорғаныс саласы оған толық дайын, қашандай сақадай сай тұр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер