Құтқарушыларға құрмет

1729
Adyrna.kz Telegram

Құтқарушылар — жедел түрде қызмет ететін, адамдардың өмірін құтқаруды басты миссиясы санайтын мамандық иелері. Олардың басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім және тәжірибе керек. 

Құтқарушылардың осындай еңбегіне құрмет ретінде ел астанасы — Нұр-Сұлтан қаласында «Құтқарушылар саябағы» пайдалануға берілді. Бұл  — тәуелсіздік жылдарында елордада осындай жанкешті мамандық иелерінің құрметіне ашылып тұрған алғашқы саябақ.

Саябақ А. Янушкевич пен А. Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан.

Саябақ аумағы балалар мен ересектерге арналған аймақтарға бөлінген. Мұнда кедергі жолақтарын қоса алғанда, экстрим-спортын қолдау үшін тұрғындарға арналған паркур-алаң орналасқан. Сол сияқты қала тұрғындарына арналған тыныш демалыс аймағы бар. Ал көпір жағында «Public art» суреттелген. Сондай-ақ, саябақ маңына 1964 жылы шыққан АЦ-30 МАЗ 205 арнайы өрт сөндіру машинасы қойылған.

Саябақ өрт сөндіруші-құтқарушылардың, сондай-ақ міндетін орындау кезде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне жасақталған. Нысанның жан-жағы ерекше абаттандырылған. Мәселен, саябақ аумағына 150-ге жуық ағаш егелген.

Саябақтың ашылуына қатысқан қала әкімі Алтай Көлгінов аумақ әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынын жеткізді.

— Бізге қала тұрғындары бос уақытын денсаулығына пайдалы етіп өткізетін орындар құру маңызды. Биыл біз 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саламыз. Жалпы алғанда, 70-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктің жұмысы аяқталып, ашылғалы тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді, — деді елорда әкімі.

 

Ал саябақтағы өрт сөндірушінің ескерткіші басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін күн сайын өз өмірлерін қатерге тіккен батырларға алғыс ретінде орнатылған.

Сквер аумағында азаматтық қорғау қызметінің үздіктері үшін «Құрмет тақтасы» да жасақталған.

Айта кету керек, биыл елімізде азаматтық қорғау органдарының 19 мыңнан аса қызметкерінің жалақысы өсті. Мысалы, қазір 20 жылдан аса еңбек өтілі бар өрт сөндіруші 177 мың теңге жалақы алады. Өткен жылдың қаңтарынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 20 пайыздан 65 пайызға дейін артқан болатын. Бұл құтқарушылардың еңбегі мен қызметтегі  жетістіктеріне деген қамқорлық деуге болады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер