Әділ Ахметов атындағы цифрлық-электронды кітапхана ашылды

3770
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Райымбек аудандық кітапханасынының жанынан белгілі ғалым, дипломат Әділ Ахметов атындағы цифрлы-электрондық кітапхана ашылды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. Бұл - Әділ Ахметовтың өзінің 80 жылдық мерейтойына орай аудан жастарына, жалпы кітапсүйер қауымына тартуы. 

Әділ Құрманжанұлы Ахметов 1941 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген.

Әділ Ахметов ҚР БҒМ Білім беру қызметін лицензиялау женіндегі комиссияның мүшесі. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2003). «Құрмет» орденімен (2009); «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; «Педагогикалық қызмет саласына сіңірген еңбегі үшін» Ы. Алтынсарин атындағы төс белгімен (2007); I дәрежелі "Барыс" орденімен, ТМД елдерінің "Достық" орденімен марапатталған. 

Әділ Ахметовтың 80 жылдығына орай сыйға тартылған цифрлы-электронды кітапхана кәсіпкер Қайрат Зауытбайұлының бастамасымен және демеушілігімен жүзеге асты.

Әдетте мерейтой иелері көшенің атын беруді, ескерткіш қойдыруды талап етіп, өзгелерден сыйлық күтсе, Әділ Құрманжанұлы өзінің 80 жылдығында туған жеріне аса үлкен сый жасады.

Шара 22-23 шілде аралығында Райымбек аудандық кітапханасында өтті. Атаулы шараға зиялы қауым өкілдері, Алматы облысының қалалық, аудандық кітапхана директорлары, кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері қатысты.

Танымал ғалым, дипломат Ахметов Әділ Құрманжанұлы, профессор, ғалым, кәсіпкер, демеуші Қайрат Әбеков Зауытбайұлы, Райымбек ауданының әкімі Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы, «Адырна» ұлттық порталының президенті Әубәкір Арман Серікұлы, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Тоқабаева Ғалия Сламбайқызы сынды беделді тұлғалар бой көрсетіп, "Электронды кітапхананың" тұсаукесерінде сөз сөйлеп, өз ықластарын білдірді.

Сонымен қатар, барысында ғалым Ә.Ахметовтың 80 жас мерейтойына орай ұйымдастырылғын «Тұғыры биік тұлға» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Бұл шара «Мұқағалитану ісін жандандыру және кітапханаларды цифрлық-электронды форматқа көшіру» облыстық семинар-кеңесінің аясында ұйымдастырылды.

Райымбек ауданының әкімі Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы өз сөзінде:

"Уақыт алға жылжып, заман жаңарған бүгінгі таңға дейін кітап атты ұлы дүние бұлағынан сусындап келгеніміз белгілі. Кітап, ғасыр - ғасырға тоғысып, ұрпақ сабақтастығы заманға қарай өзгеріске ұшыраса да өзінің маңызын жоғалтпайтыны белгілі.

Қазіргідей ақпараттық жүйе дамыған кезеңде, уақыт бізден ендігі жерде рухани жандүниемізді электронді кітап арқылы байытуды талап етіп отыр. Мұны біз ой-сана дамуының биікке көтерілгені деп бағалағанымыз жөн. Осы орайда, кәсібін елдің нәсібіне айналдырып келе жатқан Қайрат ағамызға бүгін аудандық кітапхана аясында «Электронды кітапхана» ашып бергені үшін зор алғысымды айтамын.

Аталған кітапхананың негізгі мақсаты –оқырманның ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру, оқу және ғылыми қызметпен айналысушыларға бағыт-бағдар беру болса, мақсатты істің сол деңгейден көрінетініне нық сенімдемін" деп жылы лебізін білдірді.

Бұдан өзге шара кезінде «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты кітап және қолөнер көрмелерімен таныстырылып, М.Мақатаев туралы деректі фильм, аудан көркемөнерпаздарының сахналық қойылымы қойылды.

Айта кету керек, Райымбек аудандық кітапханасы 2020 жылы облыс бойынша "Үздік кітапхана" номинациясын иемденген еді.

Райымбек аудандық кітапханасы әдістеме бөлімінің меңгерушісі Рысбекова Маржан Жұматаевна іс-шара туралы:

"Цифрлы кітапхана қолжетімділігі арқылы 160 мемлекеттің кітапханасы электронды форматта оқылады. Бұл Қазақстан бойынша көп кітапханалардың қолы жете бермейтін үлкен мүмкіндік. Бұл мүмкіндіктің бізге бұйырғаны - зор мәртебе. Біз оны қуана қабыл алдық. Ел ағаларының арқасында осылай аймағымыздың жаңа серпінмен жандануы, біздің Республикаға танылумыз - орны толмас бақыт" деп өз ойымен бөлісті.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер