Әбішев Әбішұлын менсінбей ме?

2543
Adyrna.kz Telegram

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Мәди Бәпиұлы.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алаш арыстарының ізі бойынша «Алаш жолы» атты шағын тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырған еді. Жоба бойынша тарихи деректерді іздестірумен қатар Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың тапсырысы негізінде деректі фильмге қажетті деректер мен тарихи орындарды таспаға түсіру де жоспарланған болатын. Сонымен қатар, әлуметтік желілерде тарихи орындардың жүйелі насихаттық жұмысын ұйымдастыру ісі де қолға алынып еді. Алматыдан шыққан біз әуелі Семей жері – Алаш автономиясының астанасы болған тарихи Алаш қаласында, Абай атамыз тұрған Жидебайда болып қайттық. Одан кейінгі кезекте Астана қаласындағы Ұлттық музейде, АЛЖИР музейінде түсірілімдер ұйымдастырдық. Әрмен қарай жоспар бойынша Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев тәрізді Алаш арыстарының ірі өкілдері шыққан Қарағанды облысында түсірілімдік жұмыс жүргізуді көздеген едік. Өзге өлкелердің бәрі хатымызға дереу жауап беріп, тарихи орындарын қуана-қуана көрсетіп, сұхбаттарға өлкетанушы мен тарихшыларын ұсынып жатса, Қарағанды облысындағы жағдай басқаша қалыптасты. Біз мұны орыстанып кеткен әкімшіліктік жүйенің салдары деп ұқтық.

Әбішев Әбішұлын менсінбей ме?

Қарағанды облысы әкімшілігі біздің жазған хатымызға жауап та бермеді. Нақтырақ айтқанда, хат облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтің атына жолданған болатын. Ішкі саясат Мәдениет басқармасына сілтеп, Мәдениет басқармасынан тіпті хабар болмады. Қарағанды облысы әкімшілігі Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасына қаншалақты немқұрайлы қарайтындығы осыдан-ақ аңғарыла түскендей. Өйткені, осы "Рухани жаңғыру" бойынша жұмыспен облысқа бара жатқанымызды тайға таңба басқандай етіп жазып едік хатта. Орысшыл әкімшілікке "Алаш Орданың" 100 жылдығы да маңызды емес екен. Ең құрығанда, сұхбат беретін өлкетанушылар мен тарихшыларды әзірлеп беруге де жарымады ғой. Жергілікті ұлтшыл азаматтар болмаса, жағдайымыздың тіпті қандай болары беймәлім еді. Дегенмен, облыстағы Жезқағзан қаласы және Қарқаралы ауданы әкімшіліктері өз тараптарынан бізге қолдау көрсетті. Бұл облыс басшылығының нұсқауынсыз-ақ, жергілікті азаматтардың азаматтығы негізінде жүзеге асқан шаруа-тұғын.

Қоянды жәрмеңкесінің мүшкіл хәлі

Келер жылы Қоянды жәрмеңкесіне тура 170 жыл болмақшы. Егер Қарағанды облысында ұлтқа жанашыр шенеуніктер отырса, жәрмеңкенің қиранды қоймасын қалпына келтіруге қазірден бастап күш салған болар еді. Сауда-саттықтың, керуендердің, сал-серілердің, шабандоздардың, күресіп жатқан балуандардың, жәрмеңкеге келген ірі тұлғалардың мүсіндері мен макеттерін жасап, үлкен кешен жасап қойса, туризм тұрғысынан да, елдің тарихи жадын оятуға да пайдалы емес пе? Осындағы тұрмысы төмен титықтаған ел-жұртқа да табыс көзі болар еді.

Қоянды жәрмеңкесінің жалғыз белгісіндей болып сол кездегі қойманың дуалдары ғана сақталған. 1990 жылдары темір-тестек терген жұрт құйма темірлі ауыр қақпаларын қолды еткен. 1848 жылы ашылған маусымдық сауда жәрмеңкесі 1930 жылға дейін өмір сүрген. Қызылдар мал мен жанға қырғын салғанға дейін Қояндының дәурені сүріп тұрады. Талды өзенінің бойы мыңғырған мал болыпты. Талдыдан әрі үш өзен бар. Бәрінің сағасы малға симай сіресіп тұрады деседі. Мұнда сауда-саттықтан бөлек, күрес, ән-күй, айтыс т.б. өнер салалары бойынша ірі шаралар болып тұрды. Қазақтың небір әйгілі сал-серілері, балуандары осында өнер көрсеткен. Сонымен бірге, мұнда саяси-әлеуметтік мәселелер де қаралып отырған. Мысалы, 1905 жылы Қарқаралы петициясы тура осы жерде қабылданған. Қояндыдағы өлкетанушы Серік Нәбиановтың айтуынша, "Бесеудің хаты" да осы Қояндыда әзірленген. Осындай терең тарихы бар орынның жағдайы тым мүшкіл.

Қоянды ауылының әкімшілігі, ауруханасы орналасқан үйдің жағдайы мәз емес. Аңғал-саңғал, терезелері сынған сықпытсыз ескі үйде қор болған қайран ту мен герб дерсіз. Әкімшіліктің ішіндегі бөлмесі де алақандай. Ауыл тұрмысы өте төмен деседі. Азын-аулақ малмен күн көретін жұрт. Қиранды үйлер де көп. Мұнда 60-қа жуық отбасы тұрады. Бұл ауылда ұялы байланыс та ұстамайды. Облыс әкімшілігінің қарапайым халықпен арасы алшақ екені байқалып қалғандай. Иә, бұл жер бір кезде керемет өркендеген өлке болыпты...

Қарқаралы музейіндегі құнды жәдігерлер санатында Қоянды жәрмеңкесінде қолданылған ақша сақтайтын темір сандықтар (сейфтер) бар. Музейде

Қоянды жәрмеңкесі орнына табылған ұсақ жәдігерлер, ақ патша заманында қоланыста болған орыс ақшасы орын тапқан.

Қарқаралы музейінің ғимараты 1870 жылы уездік патшалық кеңсе ретінде салынған. Жергілікті халық «Ақ кеңсе» деп атаған. Осы ғимаратта 1918 жылы алғашқы Совдеп орналасқан. Көрнекті мемлекет қайраткерлері: Н.Нұрмақов, М.Татимов, А.Асылбеков, У.Жәнібеков қызмет атқарған. 1934 жылы мемлекет қайраткері С.М.Киров келіп, партактивпен жиналыс өткізген. Музей қорында 8300-ге тарта жәдігерлер бар. Музейде түпнысқалық құнды жәдігерлер өте көп. Бірақ облыстан жеткілікті қаржыландыру болмаған себепті, экспозициялық-декорациялық жағы көңіл көншітпейді. Музей директоры Дәулет Жәкеннің айтуынша, Қарқаралы ең алғаш орыс-казактардың бекініс қалашығы ретінде бой көтеріп, 5 000 татар қоныстанған екен. Бұл татар молдалардың қазақ даласына миссионерлік жұмыспен келгені белгілі-тұғын. Олар өздері ғана келмей, отбасыларымен, туған-туыстарымен бірге үдіре көшіп келген. "Ақ кеңсе" айналасында тек казактардың әскери казармасы мен татарлардың үйлері тұрған. Айналасындағы аймақтарда шашырай қоныстанған қазақтар үй жылыту мақсатында ағаш кесіп алу үшін кеңсеге келіп рұқсат сұрайды екен. Рұқсат оңайлықпен берілмейді. "Ақ кеңсенің" алдында қос зеңбірек тұрады. Ол зеңбіректер күніне бір рет атылып тұрыпты. Мақсат - жергілікті халықтың құтын қашырып, үрейін алу, үнемі қорқынышта ұстау. Нені ғана көрмеген қайран қазақ....

Байтұрсынұлының мектебі

"Соқтықпалы, соқпақты" ауыл арасындағы жолдары жөндеу көрмеген Қарқаралыда тұмса табиғат, тарихи орындар көп-ақ. Сұлулыққа сұқтанып, тарихи орындарды тамашалауға ойдым жолдар кәдімгідей кедергі дерсіз.

Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлы атамыз дәріс беріп, ұстаздық еткен мектепте қас қарайып қалғанда жеттік. Бүгінде бұл үйдің бір бөлігінде балабақша, бір бөлігінде кітапхана, бір бөлігінде емхана орналасқан. Ақтерек ауылында небәрі 40 отбасы тұрады екен. Мұнда да ұялы телефон байланысы жоқ. Бірақ үй телефоны, сол арқылы интернеті де бар екен. Оған да шүкір. Ауылдағы орта мектепке Ахмет атамыздың есімі берілген екен. Ақтеректен қайтарда адуынды желмен қар ұйытқып жауып, Қарқаралыға Арқаның қысын шамалы болса да сезінгендей болып оралдық.

Діни ағымдардың жағдайы жақсы

Арқаны әнмен қырған Мәди Бәпиұлының зиратына барып тәу еттік. Ол қала шетіндегі зираттан орын тепкен екен. Тура сол зираттардың қасынан Қарқаралыда екінші мешіт салынып жатыр екен. Ал музейдің жұпыны хәлі көңілді күпті етеді. Жолдардың жағдайы да тіпті ауыр. Қоянды жәрмеңкесі тәрізді қазақтың тарихи орындарының жағдайы мынау. Сөйте тұра екінші мешіт салынбақшы. Бұл батпан құйрықтың артында кім тұр? Құнанбай мешітінде бүгінде Сәтбаев қаласынан келген бір молда имам екен. Сәтбаев қаласы бүгінде діни-экстремистік ағымдардың көптігімен аты шыққан қала. Ондағы әлеуметтік-материалдық жағдай, теріс ағым өкілдеріне арналған түрмелердің сонда орналасуы осыған апарған екен. Ал енді сол Сәтбаев қаласынан келген иманның сенімінің дұрыс-бұрыстығын кім тексеріп жатыр дейсіз. Көлік жүргізуші ағамызды әңгімеге тарттық. Бар-жоғы 40 мың теңге алады екен. Оның 20 мың теңгесін несиеге береді. Сонда 20 мыңға қалай күн көрмек? Әбден қиналып кеткен ағамыз тіпті уаһабистердің қатарына қосылуға пейілді болыпты. «Діни ағымға кірсең, бізден бөлек кет» деп кемпірі қарсы болыпты. Себебі, діни ағымға кіргендер осы күні кәдімгідей жағдайын жасап алғанын тамсана әңгіме етті. Бірақ арасында Сирияға төтесінен жол тартқандары да бар екенін айтып қалды. Қысқасы, Қарағанды облысы әкімшілігің қарапайым халықтан ауылдарының іргесін аулақ салғанын аңғару қиын емес көрінді.


Арман Әубәкір,

Алматы – Семей – Астана –

Қарағанды – Жезқазған – Қарқаралы – Алматы

Пікірлер